Қоғам

Қажетті отынмен толық қамтылды

Қажетті отынмен толық қамтылды


Қазір қаһарлы қыстың ызғары сезіліп, үскірік-аязды мезгілдің тақап қалғанын ап-анық байқағандайсың. Ел-жұрт малының жемін тасып, шөбін жинап, жылдың қытымыр, суық мезгіліне ұқыпты дайындалуда. Халықтың көпшілігі отындарын түсіріп, қазіргі күндері үйлерін жылыта бастады.

Осы орайда, ауданның білім беру, сондай-ақ денсаулық сақтау және мемлекеттік мекемелерінің алдағы ақ түтек боранды, шыңылтыр аязды қысқа дайындығы қай деңгейде, уақытында немкеттілікке салынып, көмірі мен отынын жинап үлгермей жатқан тұстары бар ма, осы жайында білмек болып, аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Серік Тілемісовке жолығып едік.

– 2017-2018 жылдың қысқы кезеңіне тиянақты дайындықпен келдік десек артық айтпағандық. Қысқа өңірдегі 60 білім беру обьектілері, 58 денсаулық сақтау ғимараттары, 14 мәдениет үйі, 1 әлеуметтік нысан мен 1 орталықтандырылған және 40 автономды жылу қазандықтары толықтай жұмылдырылды.

-Мен алдымен білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына қандай әзірлікпен келді, жөндеу әрі күрделі жөндеу жұмыстарына қанша қаржы жұмсалғанын айта кетейін.

Білім саласы бойынша ағымды жөндеу жұмыстарына жалпы 138884,0 мың теңге қаржы бөлініп, толығымен игерілді. Егер жинақталған деректерді келтіре отырып, атап айтсам, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында құны 12370,0 мың теңге бөлініп, екі мектепке ағымды жөндеу жүргізіліп, қаржы тұтасымен игерілді. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен үш мектептің жөндеу жұмыстарына 92381,0 мың теңге бөлінсе, ол да толықтай игерілді.

Жергілікті бюджет есебінен 10 мектептің жөндеу, қалпына келтіру ісіне биыл 34133,0 мың теңге жұмсалды. Өңірдің білім жүйесіне жылыту маусымына орай, 12228,4 тонна көмір керек болса, ол қазіргі күндері 100 пайызға тасымалданып болды.

Үржар ауданының орталық аудандық ауруханасы бойынша жылыту маусымына көмірдің қажеттігі жыл сайын 1300 тоннаны құрайды. Қазір бұл отын толығымен тасымалданды. Сондай-ақ, Мақаншы округіндегі ауданаралық ауруханаға 1552 тонна көмір тасымалдануға тапсырыс берілсе, бұл іс-шара да уақытында тиянақты орындалды.

Ауданымыздың мәдениет саласы бойынша осы жылы Қарабұта ауылдық клубының ғимаратына ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен 24252,9 мың теңге бөлініп, қаржы толығымен игерілді. Жалпы осы аудандағы мәдениет саласына 1008,7 тонна көмір тасымалдану керек болса, бұл қазіргі мезгілде толығымен іске асырылды. Осыларды айта отырып, ауданның бюджеттік мекемелеріне қысқы қатты отынның әлдеқашан тасымалданып, әзірленгенін айтуға болады. Сондай-ақ аудан орталығында орналасқан «Балауса» балабақшасы, саз мектебі, аудандық білім бөлімі және аудан әкімдігінің ғимараттары қысқы от жағу маусымына алдын ала дайындалып, қажетті 758 тонна көмір уақытынан бұрын жеткізілді. Яғни, аудан алдағы қысқа тас түйін дайын отыр.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button