Қоғам

Ақжардағы сүт қабылдау цехы

Ақжардағы сүт қабылдау цехы


Тарбағатай ауданында бірде-бір сүт қабылдау цехының болмауы біраз қолайсыздық туғызып келген еді. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың бастамасымен бойынша бұдан үш жыл бұрын Ақжар ауылында сүт қабылдау цехы ашылды.

Сүттерін қайда өткізуді білмей дал болған тұрғындардың көзі ашылды, ауыл ортасындағы сүт цехы майлылығы мен қышқылдылығын тексеріп, артынша ақшаларын төлей бастады. Жақында сүт қабылдау цехының жұмысымен танысқан едік.

-Кәсіпорынға қажет жабдықтар мен қондырғыларды сатып алып, іске қостық. Қазір бізде онға тарта адам жұмыс істеуде. Жақын маңдағы Жаңауыл, Маңырақ, осы Ақжар тұрғындары сүттерін өткізеді, қолма-қол ақшаларын төлейміз. Қазір сүт көбейе бастады, бір литріне 80 теңге береміз. Әзірше күніне 400 литрге дейін сүт қабылдап, одан ірімшік, айран, қораптағы сүтті пастерлеп, жасалған келісім бойынша мектептер мен бала-бақшаларға, сауда дүкендеріне жібереміз. Тағамдардың сапасына жұртшылық разы, жаз шығысымен 600 литрге дейін сүт қабылдай бастаймыз,-дейді цехтың директоры Лаура Құнапиянова.

Шағын цех іші тап-таза. Үстеріне ақ желең киген бас технологтар Нұрлан Русланов, Абзал Күдеринов лаборант Бақытжан Садықова мен оның көмекшілері Маржан Сіләмханова, Шәкерхан Шайзатқа нұсқау беріп, сүттің бабына келген кезде қораптарға құйылуын бақылап тұр. Бұл жұмыстың барлығы компьютерде есепте тұр. Сүттің майлылығы мен қышқылдылығын анықтайды.

-Алдағы уақытта Ақсуатта да сүт қабылдау цехын ашу жөнінде аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы тапсырма берді. Себебі, ауданда бүгінгі күні 250 мал бордақылау алаңы бар, жыл аяғына дейін олардың саны бір мыңға жетпек. 9 мыңға тарта ірі қара бар, оның ішінде жартысына жуығы сиыр. Демек, сүт қабылдау цехтарын ашудың пайдалы жақтары көп,-дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Мауадинов.

Ақжар ауылындағы сүт цехының өнімдері сапалы, дәмі тіл үйіреді. Ірімшік пен тәтті айраннан дәм татқан кезде оған көз жеткіздік.

Оңдасын Елубай.
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button