Қоғам

Ақжардағы мектептің құрылысы биыл күзде аяқталады

Ақжардағы мектептің құрылысы биыл күзде аяқталады


Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Тарбағатай ауданының Тұғыл және Ақжар елдімекендерінде болып, бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарын аралады.

Аймақ басшысы алдымен Тұғыл кентіндегі балық өнімдерін өңдеумен айналысатын «Ұлтарақ» ЖШС-ға ат басын тіреді. Мұнда шортан, алабұға, табан, көксерке сынды балық түрлері тазартылып, өңделеді, олардан фарш жасалады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 1100 тонна дайын өнім шығаруға жетеді. Серіктестік басшысы Қуандық Қасымғалиұлы облыс әкімін өндіріс барысымен таныстырды. Бұл жерде 50-ге жуық адам еңбек етеді екен.

-Біз қазір бұрынғыдай балық аулау квотасын бір кісіге ғана бөлмейміз. Ауланатын балық көлемі әрбір балықшыға теңдей бөлініп беріледі. Бұл – менің ойымша әділетті тәсіл. Әркім өз еңбегіне сай табыс табады, – деген Даниал Ахметов жергілікті тұрғындарға тек балық аулаумен ғана шектелмей, мал, оның ішінде жылқы және қой өсіруді қолға алуды ұсынды. Өйткені өңірдің жер жағдайыбұл іспен шұғылдануға өте ыңғайлы.

Аймақ басшысы кәсіпорынға тиесілі қайықтардың жай-күйін байқап, оларды жаңалау қажеттігін айтты.

-Мына қайықтарға қырық жыл болған екен. Әбден тозығы жетіпті. Бұлармен көлге шығудың өзі қауіпті. Сондықтансу көліктерін жаңарту керек. Қажет болса, мемлекет тарапынан он жылға дейінгі мерзімге алты пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алуға көмектесейік. Ойланып көріңіздер. Ескінің аты ескі, қанша жөндегенмен, сына береді. Үш күнде бір жөндеп жүргенше, заманауи, мықты қайықтар алған жөн болар еді, ¬- деді облыс әкімі кәсіпорын басшылығына.

Бұдан соң аймақ басшысы кенттегі Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепке аялдап, ғимараттың жағдайымен, пәндік кабинеттермен танысты. 470 оқушы білім алып жатқан бұл оқу орнында «Менің мектебім» бағдарламасы аясында роботтық техника және биология кабинеттері ашылуы тиіс. Облыс әкімі кабинеттердің ескірген құрал-жабдықтарын көріп, арнайы тапсырма берді.

-Біз білім саласына биыл 106 миллиард теңге бөліп отырмыз, бұл – облыс бюджетінің үштен бір бөлігі, сонымен қатар «Менің мектебім» бағдарламасы шеңберінде қосымша 2,5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл – аз қаржы емес. Ал мына мектепте көріп тұрғандай сонау сексенінші жылдары шығарылған, әбден тозып біткен көрнекілік құралдар ілулі тұр. Бұл не сұмдық?! Әкімдіктерге, білім басқармасына, барлық деңгейдегі депутаттарға осы мәселемен айналысуды тапсырамын. Қаражаттың қайда кетіп жатқанын, қалай жұмсалып жатқанын жіті тексеру керек, – деді Даниал Ахметов.

Десек те, мектептегі білім сапасы жаман емес, былтыр түлектер ҰБТ-да орташа 98 балл жинапты. Облыс әкімі қаржы бөлініп, 1962 жылы салынған ескі ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Ал мектепке жапсарлас салынған қосалқы корпусқа арнайы тексеру жүргізілмек. Егер ол пайдалануға жарамды болса, қалпына келтіріліп, қолданысқа беріледі.

Сапар барысында аймақ басшысы, Ақжар ауылындағы ауданаралық аурухананың қызметімен танысып, салынып жатқан 600 орындық орта мектеп пен 300 орындық интернаттың құрылысын бағамдады. Оқу орны ағымдағы бірінші қыркүйекке дейін толық салынып бітуі тиіс.

-Білім басқармасы осы мектепке нақты қандай құрал-жабдықтар қажет екенін тиянақтау керек. Құрылғылар жаңа әрі Назарбаев зияткерлік мектебіндегідей болуы шарт. Тиісті қаражат бөлінеді, – деп тапсырған облыс әкімі асығыстық пен салғырттыққа бой алдырмай, құрылыстың сапасына мән беруді де ескертті.
Аймақ басшысы келесі кезекте аудандағы су құбырларының құрылысы туралы толық мәлімет алып, жергілікті Өнер мектебіндегі дарынды балалардың шығармашылығымен танысты.

Ержан Әбіш
(Тақырыптың жалғасын газеттің келесі санынан оқи аласыздар)

Осы айдарда

Back to top button