Ақжарда жаңа су сорғысы салынып жатыр
![Ақжарда жаңа су сорғысы салынып жатыр Ақжарда жаңа су сорғысы салынып жатыр](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2016-10/1475570977_20160819_093624-kz.jpg)
Ақжардағы көппәтерлі тұрғын үйлерді айтпағанның өзінде ауылдағы орталық аурухана мен білім ошақтарына да жиі-жиі су жетпей қалып, мұндағы талай тұрғынның таңдайы кеуіп отыр. Ауылда «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша салынып жатқан жаңа су сорғысы мен қайта жаңғыртылып жатқан су құбырлары ақжарлықтарға суық суға деген зәрулікті мүлде ұмыттырып, сапалы ауызсуға қол жеткіздіретін болды.
2014 жылы басталған су сорғысының құрылысы мен су құбырларын жаңалау жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. 1 млрд. 300 млн. теңге жұмсалып салынып жатқан ауылды сумен қамту жүйесін жаңалау жұмыстарын «ПМК Құрылыс» ЖШС жүргізіп жатыр.
77 шақырымдық орталықтандырылған су құбыры желісінің 25 шақырымы үйлерге дейін тартылмақ.
– Жаңадан салынып жатқан екінші деңгейлі су сорғысы стансасы Ақжар ауылын таза сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін көпқабатты үйлерге, әлеуметтік нысандарға су көтерілмей, ауызсу бірде бар, бірде жоқ болып келді. Жаңа сорғының қуаты, қысымы аса жоғары, ауыл жұртын санитарлық-гигиеналық талапқа сай сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді, – дейді Ақжар ауылының әкімі Асқар Боғырбаев.
Су сорғысын салып жатқан «ПМК Құрылыс» ЖШС аудандағы Көкжыра, Ойшілік, Қарасу, Кіндікті, Қабанбай ауылдарына да «Ақ бұлақ» бағдарламасымен жаңа су құбырларын тартқан. Жаңа нысан құрылысының басында жүрген серіктестіктің атқарушы директоры Қанат Қалеловтің айтуынша, құбырларды жаңалау жұмыстары да аяқталып келеді.
Бұрын аудан орталығы болған Ақжардың мәртебесі кеткенімен, мәні кеткен жоқ. Ауылды абаттандыру, көріктендіру шаралары биыл да жалғастырылып жатыр. Жыл соңына дейін Ақажардағы Исанов, Шәкерім көшелері және Ақжар ауылдық округіне қарасты Жаңалық, Жаңатілеу ауылдарының көшелері жарықтандырылмақ.
Жанаргүл Мұқатай
Тарбағатай ауданы.