Ақжарда кірпіш зауыты іске қосылды
Соңғы бес жылда Тарбағатай ауданында құрылыс қарқыны айрықша қарқын алып отыр. Ауданда «ПМК-Құрылыс», «Айзат-Құрылыс», «Санжар-МК» кәсіпорындары құрылыс нысандарын салумен айналысып, ел қазір бой көтерген жаңа нысандардың игілігін көріп отыр.
Өткен жылдың өзінде ғана ауданда 17 құрылыс нысандары пайдаланылуға берілсе, биыл аталған мекемелер екі мектептің құрылысын жүргізіп жатыр. Шалғай ауданда құрылыс үргізудің басты кедергісі қат болып тұрған қажетті материалдың бірі -кірпіш болатын. Аудандағы іскер азамат, Қайрат Нәбиев Ақжар ауылынан құрылысқа қажетті күйдірілген қызыл кірпіш зауытын салып, өз қаражаты есебінен құны 75 млн. теңгелік жобаны бастап, өндірістік қуаты жылына 30 млн. дана қыш шығара алатын шағын кәсіпорынды ашты. Қазіргі күні ауылдан 14 жұмысшы осында өз нәпақасын тауып отыр.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 48 – қадамында «Құрылыста баға қалыптастырудың жаңа әдісін еңгізу материалдың, бұйымдардың, жабдықтардың және еңбекақының қолданыстағы бағаға сәйкес нақты нарықтың бағасына байланысты сметаның құнын анықтауға мүмкіндік береді делінген» . Осыған дейін өңір кірпішті Өскеменнен Семейден 22 теңгеден тасымалдайтын, ал ол құрылыс алаңына жеткенше 60-70 теңгені құрап, өзіндік құны екі-үш есеге артатын. Енді міне, өз өніміміз арзан болмақ.
Зауыттың салтанатты ашылуында аудан әкімі Д.Оразбаев зауыт аудан экономикасына жаңа тың серпіліс беретінін айтты. Өйткені, алдағы екі жылда ауданда үш кіші кешенді мектеп құрылысы басталмақ, соның бірі – Көктүбек елді мекеніндегі 80 орындық мектеп құрылысы. Оның құрылыс кірпіші осы зауыттың өнімі болмақ. Қытай технологиясымен жасалған күйдіру пештерінің қыштары алыстан тасылмайды, зауыт жанындағы карьерден алынады, сапасы өте төзімді болып келеді. Сондай-ақ, өз зертханасы да бар. Өндірілген өнімді жергілікті құрылыс кәсіпорындарымен қатар, көршілес Зайсан, Көкпекті аудандарының кәсіпорындары тұтынуда. Қазір шағын кәсіпорын бір ауысымда жұмыс жістейді, ал жаз айларында екі-үш ауысым болмақ.
Өндіріс 2016 жылы 1 млн. 250 мың дана күйдірілген кірпіш шығаруды жоспарлауда. Аталған зауыт индустриялық-инновациялық дамуды ойдағыдай жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Ауданда биыл екі кәсіпорын облыстың Индустрияландыру картасына еніп отыр.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.