Ақжарда ауылына көмегін аямайтын азаматтар көп
Аудан орталығы – Үржар ауылының дәл іргесіндегі екі мыңға тарта тұрғыны бар Ақжар ауылдық округіне Ақжар, Амангелді, Қарамойыл елді мекендері қарайды.
Үржар ауданына барған сапарымызда бұл ауылдық округтің тыныс-тіршілігімен жақын танысудың сәті түсті. Бізді әкімдіктің алдынан қарсы алған Ақжар ауылдық округінің әкімі Тәуіржан Шоманов (жоғарыдағы суретте) елді мекенде атқарылған жұмыстармен таныстырды.
Әкімдіктің кіреберіс дәлізіне ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігінен, атқарылған шаруаларынан сыр шертетін фотосуреттері бар үлкен тақтайша ілініпті. Ауылдық округ әкімі мұндағы суреттердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, қолға алынған шаруалар жайында тарқата айтып берді.
Осы ауылдан шыққан, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген азаматтар жыл сайын тамыз айында бас қосып, қатым түсіріп, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырыпты. Ауыл тұрғындары арасында шаңғы жарысы жиі өтіп тұрады. Спорттың әр түрінен жыл сайын аудан әкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылатын спартакиадада Ақжар ауылының командасы бұған дейін 14, 15 орындарды иеленіп жүрсе, соңғы жылдары алғашқы бестіктен орын алыпты. Өнерлерімен аудан тұрғындарын тәнті етіп жүрген әжелерден құралған «Гүлдер-ай» ансамбліне 5 жыл толыпты. Елді мекенде тазалық шараларына да ерекше мән беріліп, сенбіліктер жиі өткізіліп тұрады екен.
Ауылдық Мәдениет үйі де, полиция пункті де, пошта қызметі де, ветеринарлық бөлім де әкімдіктің ғимаратының ішінде орналасқан екен. Алысқа бармай-ақ әншіні де, бишіні де, дәрігерді де осы жерден табасыз, қажетіңізді аласыз. Ауылдық округ әкімі осы мекемелердің жұмысымен де таныстырып шықты.
Әкіммен әңгіме барысында ауылдық округте «Туған жерге – тағзым» акциясының аясында бірқатар игі істердің қолға алынғанына көз жеткіздік. 2014 жылы Жұман Қанырбеков деген азамат ұзақ жыл қараусыз қалған моншаны өз қаражатына қайта қалпына келтіріп, ауылдастарының игілігіне беріпті. Бүгінде Мақаншыда тұратын кәсіпкер жылына екі мәрте, Қарттар мерекесі мен Алғыс айту күнінде зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасыларды моншасына тегін түсіріп тұрады екен.
-Ол кісіге айтар алғысымыз шексіз. Моншаның бағасы аса қымбат емес. Халықтың көңілінен шығып отыр. Бір мезгілде 40, яғни, 20 ер, 20 әйел адамды қабылдайды, – дейді ауылдық округ әкімі.
Дулат Шабданов есімді осы ауылдың тумасы бар шығынды өз мойнына алып, жыл сайын шілде айында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерді өзінің автобусымен бір күнге Алакөлге апарып, демалтып қайтады екен.
-Көлдің іргесінде тұрса да, жағдайына байланысты онда жете алмай жүрген тұрғындар аз емес. Олар үшін бұл үлкен көмек деп ойлаймын, – дейді Тәуіржан Шоманов.
Ауылдық округтің екі ауылында фельдшерлік амбулаториялық пункт жұмыс істейді. Амангелді ауылының тумалары Бақытжан мен Қуаныш Нұрсейітовтер өз ауылындағы медициналық нысанды 1 миллион теңгеден астам қаржыға толық күрделі жөндеуден өткізіп беріпті. Балалары өзге елді мекендерге тасылмалданып оқытылатын Амангелді мен Қарамойыл ауылдарына мұндағы оқушылар жауынды-шашынды, боранды күндері тоңып, жаурамас үшін кәсіпкерлердің көмегімен аялдама салыныпты.
Қазіргі уақытта өңірде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тікелей қолдауымен ауыл шаруашылығына, оның ішінде сүт өнімдерін өңдеуге ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Қарамойыл ауылының тұрғыны Серік Алкенов «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту үшін 2 миллион теңге несие алыпты.
Ауылдық округ әкімі ара-тұра облыс, республика көлемінде өтетін маңызды басқосуларға барып тұратынын айтады. «Нұр Отан» партиясының облыстық съезі мен Астанада Елбасының қатысуымен өткен, Президент сайлауының алдындағы 16-шы съезге облыс делегациясымен бірге делегат ретінде қатысып қайтыпты.
-Сапар барысында біздің облыстан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттарымен, бірқатар министрлермен кездесіп, тілдесудің сәті түсті. Мұндай іссапарлар жұмысыңа тың серпін береді. Ел көріп, жер көруіме мүмкіндік беріп жүрген аудан әкімі Серік Зинабекұлына алғысым шексіз, – дейді Тәуіржан Шоманов.
Кезінде белгілі шаңғышы Оксана Яцкаямен бірге шаңғы тепкен ауыл әкімінің спортқа ғана емес, табиғатқа да бір табан жақын, жанашыр екенін де аңғарғандай болдық.
-Мынадай бір акцияны қолға алсақ тамаша болар еді. Картада белгіленген өзендер мен бұлақтар бар ғой. Тұрғындар жиналып, арнайы автобуспен барып, тау-тауды, сай-саланы аралап, сол бұлақтардың көзін ашып, тазалап қайтса. Таулардан бастау алатын бұлақтар көп қой. Бірақ көбі бітеліп, тұншығып жатыр. Бұлақ жоқ болса, өзенге су қайдан келеді? Бұл іске «Жасыл елдің» студенттерін жұмылдырса да болады ғой. Жазда не істейді? 10-15 күнге арнайы келіп, таудың басына палаткаларын тігіп, тау-тастағы бұлақтардың барлығының көзін ашса қандай керемет. Кешке жақын алауларын жағып, әңгімелесіп, сырласса, күндіз қолдарына карталарын алып, бұлақ көздерін ашса, табиғат аясында тазалау жұмыстарымен шұғылданса, қандай тамаша. Табиғатқа үлкен көмек болар еді, – дейді әкім.
Тамаша ұсыныс секілді. Әр әкім өзі басқарып отырған өңірде осындай игі шараны қолға алса, табиғатымыздың түрлене түсері анық.
Керек дерек
Ауылдық округте 156 шаруа қожалығы бар. Оның 11-і мал, 145-і егіс шаруашылығымен шұғылданады. 2015 жылы ауылдық округтегі «Тұрсынхан», «Абдурайм», «Ақтоған», «Мәди» шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан 8 миллион теңгеден астам субсидия беріліпті.
Азамат Қасым
Үржар ауданы.