Ажалдан аман қалған таксиші

Бүгінде қала мен қаланың, ауданның арасына арлы-берлі қатынап нәпақа тауып жүрген таксишілер көбейе түспесе азайған жоқ. Таксидің көбейгені екі ортаға жүретін автобус иелерін шығынға ұшыратуда. Жылдамдықты асырып, қауіпсіздікті сақтамай асфальт жолда жүйткіте жүретін такси жүргізушілерінің кесірінен қаншама жолаушылардың өмірі қиылып жатыр. Күре жолдың бойында апатқа ұшырап жатқан екі көліктің бірі – такси. Оған қоса елімізде такси жүргізушісінің жолаушыны тонап, өлтіріп кеткендігі туралы оқиғаларды жиі естіп жатамыз. Біздің айтпағымыз бұл да емес, әңгіме таксишілердің өздерінің өміріне төніп отырған қауіп турасында.
Себебі кейінгі жылдары елімізде жолаушылардың такси жүргізушілерін орта жолда жазым етіп, мерт қылған оқиғалары көптеп тіркеліп жатыр. Соңғы екі-үш жылда Өскемен қаласында да бірнеше таксиші шақырту арқылы өз көліктерімен барып, қаннен-қаперсіз жандарына отырғызып алған адамдардың қолынан қаза тапқан.
Осы орайда полицейлер жолаушы тасымалдаумен айналысатын таксишілерге аса абай болуға, қай кезде де қырағы, сақ болуға кеңес береді. Тәртіп сақшылары жүргізуші алдымен өзі алып кетуге келген жолаушылардың, жолаушының жүріс-тұрысына, өзін-өзі ұстауына, басқа да жайттарга көңіл аудару керек дейді. Диспетчерге немесе туыстарына қандай адамды отырғызғанын, қайда апара жатқанын ескерту қажеттігін айтады.
Жайма-шуақ болып тұрған 2018 жылдың 10 қыркүйегі Өскемендегі ресми такси орталықтарының бірінде таксиші болып жұмыс істеп жүрген азаматтың өмірін аяқ астынан астан-кестен етті. Дәл осы күні Өскемен қаласындағы пәтерлердің бірінде арақ ішкен үш жігіт отырыстарының соңында Көкпекті ауданындағы ауылдарына, үйлеріне бармақ болып жолға жиналады. Алайда олардың қолында үйлеріне дейін жете алатындай бір тиын да жоқ болатын. Ауылға жету үшін үш жігіттің бірі қасындағы екеуге таксишінің көлігін тартып алып, сол көлікпен бару туралы арам ниетті ойын айтады. Қасындағы екеудің беті бүлк етпестен такси иесін өлтіріп, көлікті тартып алайық, деген әлгінің ұсынысына келісіп, артынан ереді. Осылайша өзара алдын-ала келісіп, қылмыс жоспарын құрған олар өз пәтерлеріне такси шақырады.
Көп кешікпей такси де келе қалады. Үш жігіт таксиге отырып, қаладағы дәмханалардың біріне келеді. Осы дәмханада отырып, олар кімнің қандай рөл атқаратынын өзара бөлісіп, жоспарларын пысықтап алуға кіріседі. Жасалып жатқан жоспардан бейхабар таксиші жігіт бұл уақытта оларды далада тағатсыздана күтіп тұрады. Біраздан соң сыртқа шыққан үшеу сол таксиге қайтадан отырып, Самар шоссесі бойымен Көкпекті ауданына баратын жолға шығады. Шешек асуына келгенде салондағылар такси жүргізушісінен көлікті тоқтатуды сұрайды. Ойында ештеңе жоқ жүргізуші бұлардың әрекеттерінен ешқандай күдіктенбестен көлігін кілт тоқтатқан. Жігіттер жүргізушіге өздерін осы жерден бір машина келіп алып кететінін айтады. Өтірік айтып көліктен түскен үшеу қайта айналып келіп, алдыңғы орындықта қаннен-қаперсіз отырған жүргізушіге тап беріп буындыра бастайды. Қарсыласқан жүргізушінің денесі сылқ етіп орындыққа құлап, қыбырсыз қалған кезде үшеуі асыға қимылдай жүріп, оны багажникке салады. 40-50 метр жүрген соң олар жүргізушінің денесін бұтаның арасына лақтырып кеткен. Өздері көлікке отырып алып әрі қарай аттанып, Мариногорка ауылы жаққа барып бой тасалайды.
Жол-жөнекей бардачокты ашып, көлік иесінің 10 000 теңге ақшасын қалталарына басады.
Таксишіні бір Алла сақтап, ажалдан аман қалған. Үш қылмыскер қылқындырып, өлдіге санап лақтырып кеткен жігіт біраз уақыттан кейін есін жиып жолға шығып, ағылып жатқан көліктің бірін тоқтатып, көмек сұрайды. Тоқтай қалған көлік иесі сол жерде оған бірден жедел жәрдем, полиция шақырады.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот үкімімен үш жігіттің әрқайсысы 16 жылға сотталып, оларға жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтеу кесілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Кім біледі, такси жүргізушісі өз көлігіне отырған өрімдей екі жігітке сақтықпен қараса, мына бір қайғылы оқиға да болмас па еді деп ойлайсың. 2017 жылдың қара күзінде екі өскемендік жігіт Өскеменнен Риддерге дейін таксиге отырып барып, діттеген жерлеріне жетіп алған соң, такси жүргізушісінің басынан арматурамен соққылап, өлтіріп тастаған. Қолдарын қанға батырған екі жігіт одан соң 31 жастағы таксистің «Тайота» көлігіне отырып алып, көшеде келе жатқанда бағдаршамды күтіп тұрған көлікке барып соғылады. Орын алған жол-көлік оқиғасына келген қала полицейлері көлік ішіндегі қанды көріп және жігіттердің құжаттары жоқ екенін біліп, екі қылмыскерді бірден қамауға алады. Екі жігіттің таксисті өлтіруіне оған төлейтін ақшаларының болмауы себеп болған. Адамшылықтан безіп, таксиге 5-6 мың теңгесін төлемес үшін айуандыққа барып жатқан қылмыскерлердің көпшілігі жап-жас жігіттер екеніне таңғалмасқа шараң жоқ.
Былтыр қазан айының соңында әлеуметтік желілерде өскемендік таксиші Алтай Қалиевтің кенеттен жоғалып кеткендігі туралы хабар таралып жатқанда ел-жұрт алаңдап, уайымдап, оның аман-есен отбасына оралуын тілеген еді. Алайда, ол оралмады. 55 жатағы өскемендік таксисті өлтірген қылмыскер де 25-тегі жас жігіт болып шықты. Жарғақ құлағы жастыққа тимей отбасын асыраудың қамында жүрген такси жүргізушісі түн ішінде шақырту алып, жолға шығады. Жекеменшік көлігімен ресми такси орталығының бірінде жұмыс істеген азамат түн ортасында такси шақырған жігітті алып кетуге барып, сол қылмыскердің қолынан пышақталып қаза тапқан. Оны өлтіріп жүк салғышқа салып алған қылмыскер сол көлікті жүргізіп, Зайсан ауданынан бірақ шыққан…
Р.S.: Қандықол қылмыскерге қатысты сот отырысы Өскеменде, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта алдағы күндері өтеді.
Жанаргүл Мұқатай