Қаздың еті қазыдан кем түспейді
![Қаздың еті қазыдан кем түспейді Қаздың еті қазыдан кем түспейді](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2016-10/1476073350_20160817_164125-kz.jpg)
Етін – тағам, майын – ем, мамығын – жастық, қанатын – сыпырғыш, саңғырығын – тыңайтқыш етіп жатқан ақ қаздың пайдасын біліп, бағып-қағып отырған жанның бірі – Ақсуат ауылының тұрғыны Нұрланбек Смағұлов.
Таңсәріден үй жанындағы тоған суында жүзіп, көкорай шалғында жайылып, дамылдайтын құстар дағдыланған әдеттерінше түс әлетінде бір-біріне ілесіп, тобын бұзбай, қаз қораның ауласына қайтып оралды. Жайылымнан келген оларға Нұрланбек күніне бір уақ жем, туралған шөп-шалам, ас қалдықтарын беріп, қоректендіріп отырады екен. Кәсіпкер қолдағы 400 қазын қысы-жазы осылай баптап, өсіріп жатыр.
Міне, күз бастала салысымен, Нұрланбекке алыс-жақыннан телефон соғушылардың саны да арта бастапты. Әрісі Өскемен мен Семейден, берісі ауыл ішінен келіп сатып алып жатқандар бар. Алыстағы ауылдар мен қалалардағы тұрақты тұтынушыларына кәсіпкер қаз етін такси жүргізушілерінен жіберіп тұрады.
Диеталық тағам, жеңсік ас саналатын қаз етін сатып алушылар қазір үсті-үстіне көбейіп келеді. Әсіресе, жаңа жыл қарсаңында Ақсуаттың ақ қазына деген сұраныс тіптен ұлғая түседі. Салмағы 6-8 келі болатын бір қаздың бағасы қазір төрт мың теңге шамасында.
«Ыс-ыс-ыс» еткен ата қаздар құстарға жақындатқызбай айбат шегіп, қалғандары да қалыспай «ға-ға-ғақ-ғақ» деп қаңқылдап ала жөнелді. Бірі бастаған шуды бәрі қостап, қанаттарын қомдап, мамырлай басып, қайтадан үй іргесіндегі жайылымға қарай беттеді.
Ата қаздар қанша айбаттанғанымен, қу түлкіге қарсы тұра алмайды. Қаздарын қайырып, тоған басына қарай қақпайлаған Нұрланбек бізге былтыр 100 шақты қаз бен 200 күркетауыққа түлкілер қырғидай тиіп, түгелдей жұлмалап, жеп кеткенін айтты.
Смағұловтар отбасы қаз да, күркетауық та асырап отыр. Қазір оларда 200-дей күркетауық бар.
– Күркетауық пен қазға маза бермей кеткен соң, түлкілерге тұзақ құруыма тура келді. Сөйтіп барып қана олардан құтылдым. Бірақ құстарды үнемі қарап, бақылап отырмасаң, даланы кезген аң, құс, ауыл иттері де кез келген уақытта келіп қалуы мүмкін. Жаңағы күркетауықтың әрқайсысы 5 мың теңге болғанда, 200-і 1 млн. теңге, осыншама шығын келтіріп кетті, – дейді тоғыз жасар немересі Әселді ертіп ауыл сыртындағы көгалға қаз жаюға шыққан Нұрланбек. – Бес немеремді кезек-кезек ертіп, жаз бойы осы тоған маңында қаз-тауықты жайып, бағып-қағып отырмыз. Күзде, қыста қаздың да, күркетауықтың да тең жартысын сатып жібереміз, көктемде балапан басқанда, саны қайтадан екі еседен артып, көбейеді.
Нұрланбек қаз бен күркетауықты «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы берілген несиеге сатып алыпты. 2013 жылы 1,5 млн. теңге несие алып, Алматыдан Газельге салып, 300 қаз сатып алып келеді. «Бақсам бақа екен» демекші, сатып алған қаздарының тұқымы осы жақта өсіп-өнуге бейімсіз, суыққа төзімсіз болып шығып, сан соғып қалады. 2013 жылы жиі жауған қатты жаңбырларда тең жартысынан астамы қатты ауырып, өлім-жітімге ұшырайды. Құстарды «төзімді, өсімтал» деп алдап сатқан адамдар қаздың өз иесі емес, алыпсатарлар болып шыққан. Содан 2014 жылы Семейде қаз өсіріп, сатумен айналысып жүрген Анжела деген жеке кәсіпкерден тағы да 300 бас қаз сатып алып, жұмыртқаларды инкубаторда бастырып, тағы да осыншама көлемде балапан алады. Қазір олар көбейіп, шығынсыз өсіп жатыр.
Алғашқы жылдары көп қазды сата алмай, қора толы құсқа жем тауып бере алмай қатты қиналғанымен, былтырдан бері қаз саудасы қызған. Күркетауықтар да, қаздар да сатылып жатыр. Қалада осы отбасының қазын сатып алып жатқан сауда нүктелері де бар.
Нұрланбек қаз-тауықтың жемшөбі үшін биыл да 12 гектар жерге бидай, 5 гектар жерге арпа егіп отыр. Жиналған дәнді-дақылдарды әйелі Майра екеуі құстарға дайындап, қыстық қорегіне айналдырып келеді.
Ақ қаз баққан Нұрланбек аға бұрын жол құрылысы мекемесінде дәнекерлеуші, токарь болып еңбек еткен көрінеді. Жеке кәсіппен, шағын бизнеспен айналысуына ол мамандығының септігі де көп тиіпті. Қытайдан, Ресейден сатып алған инкубаторлары істен шығып, компьютерлік жүйесі жанып кеткен кезде, олардың бәрін қосып, өз қолымен қарапайым инкубатор жасап алыпты. Енді шағылмайды, қосалқы бөлшек іздеп те сабылмайды. Көктемде балапандар өзі жасап алған осы жаңа құрал-жабдықтарда басылып, шығарылған.
– Қаз еті – аса пайдалы, ағзаға тез сіңетін, жеңіл, аса дәмді тамақ. Оның тағам ретіндегі артықшылығы осында. Қасиеті қазыдан артып кетпегенімен, кем түспейді деп айтуға да болады. Қаз майын үсік шалған жерге, күйген жерге жағуға пайдаланады, өзге де емдік қасиеті бар. Қазіргі күні сан түрлі шөпті қорек еткен бұл құстардың саңғырығы да тыңайтқыш ретінде пайдаланылып жатыр. Қаз – таза құс, бабын біліп, бақса болғаны. Оның базардағы бағасы басқа құстармен салыстырғанда біршама қымбат. Сондықтан отбасымызбен қаз өсіруді қолға алып, қыруар болмаса да, біраз ғана табыс түсіріп жатырмыз, – дейді ақсуаттық кәсіпкер.
Күн шуағы шағылысқан су бетін құс базарына айналдырып жатқан ақ қаздар Нұрланбектің шағын кәсібінің шырайын кіргізіп келеді. Нұрланбектей қаз баққан ауыл қазағы, тұрғындары көбейсе, елді мекендеріміздің де ажары кіріп, сәні мен мәні арта түсер еді.
Жанаргүл Мұқатай
Тарбағатай ауданы.