«Қазцинк» жас дәрігерлерге қаржы бөлді
Өскемендегі «Қазцинк» компаниясы бірнеше жылдан бері облыстық «Ана мен бала орталығына» қолдау көрсетіп, орталықты заманауи құрал-жабдықтармен қамтуға, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға қаржы бөліп, көмектесіп келеді.
Соңғы екі жылда Ана мен бала орталығының екі гинеколог дәрігері «Қазцинк» ЖШС қаражаты есебінен Корея мен Франция елдерінде оқып, білімдерін жетілдіріп қайтты. Орталықтың дәрігер неонатологы Лондонға барып, әлемдегі бес озық балалар клиникасының бірінде тәжірибе жинақтап, оқып келді.
Былтыр «Қазцинк» кәсіпорны бөлген қаражаттың бір бөлігі орталыққа жұмысқа орналасқан жас мамандардың көтерме ақшасын төлеуге жұмсалған болатын. Медициналық университеттерді бітіріп, осы орталықта еңбек жолын бастағалы отырған жас дәрігерлерге биыл да осындай мүмкіндік туып отыр. 2018 жылы оқу орнын бітіріп, «Ана мен бала орталығына» жұмысқа тұрған жас дәрігерлердің бәрінің көтерме ақшасын төлеуге компания қаражат бөлмек. Орталық басшылығының айтуынша, биыл дәрігерлер қатары үлкен зәрулік тудырып отырған 10 маманмен: акушер-гинекологтармен, педиатр-неонатологтармен толықпақ.
– «Қазцинк» компаниясы әлеуметтік мәселелеріміздің шешімін табуына қолдау көрсетіп, өз көмектерін, жауапкершіліктерін сөзбен емес, іспен көрсетіп, дәлелдеп келеді. Компания орталықтың бүгінгі заман талабына сай болуына үлкен ықпалын тигізіп отыр. Компанияның қаржылай қолдауы нәтижесінде біздің дәрігерлер шетелде оқып, озық технологияны, тәжірибені меңгеріп келіп жатыр. Орталық аналардың, сәбилердің денсаулығын сақтап, жақсартуға септігін тигізген заманауи құрал-жабдық, техникалармен жабдықталды, – дейді «Ана мен бала орталығы» КМК директоры Ермек Омарбеков.
Қазіргі күні компания қаржысына сатып алынған құрал-жабдықтар орталықтың барлық бөлімшелерінде жұмыс істеп тұр. Еліміздегі емдеу мекемелерінде сирек кездесетін озық шетелдік аппараттармен жабдықталған балалар офтальмологиясының мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда артты. Орталықтағы көз жанарын қорғау кабинеті жабдықтарының басым бөлігі «Қазцинк» ЖШС қаражатына алынған. Мемлекеттік – жекеменшік серіктестік негізінде компания қолдауына сүйене отырып, орталық дәрігерлері диагностикалық талдаулар жасаудың, отаның жаңа түрлерін меңгеріп жатыр. Бүгінде орталықта лапароскопиялық хирургия тәсілдері қолданылуда. Таяуда нейрохирургтерге еуропалық клиникалар ғана мақтанып келген нейронавигаторлар көмекке келмек. Сондай-ақ орталыққа сал ауруына шалдыққан балаларға арналған роботтық жаттығу құралдары сатып алынбақ.
– Балаларға қамқорлық жасау ешқашан көптік етпейді. Бұл біздің әлеуметтік жұмысымыздың басым бағыттарының бірі, – дейді «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. – Шығыс Қазақстан облысының халқы ана мен бала орталығы дәрігерлерінің таңғажайып істер атқарып жатқанын жақсы біледі. 500 грамдық сәбиді құтқарып қалған олардың ісін қалайша ғажайып демеске!? Орталықтың заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуінің және дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің нәтижесінде қазір олар осындай жетістікке қол жеткізді. «Қазцинк» ана мен баланы бақытқа бөлеген бұл жарқын іске өзінің үлесін қосып отыр.
Жанаргүл Мұқатай