Қоғам

«Қазцинк-Торпедо» өзінің тікелей бәсекелесін ұтты

«Қазцинк-Торпедо» өзінің тікелей бәсекелесін ұтты

Өскемендік «Қазцинк-Торпедо» клубы Жоғары хоккей лигасындағы өзінің жеңісті сериясын беске дейін жеткізді. Бұл жолы жерлестеріміз сырт айдында Ангарскінің «Ермагымен» күш сынасып, жергілікті команданы 2:3 есебімен тізе бүктірді.
Кездесуді ширақ бастаған қонақтар ойынның 13-ші минутында есеп ашып үлгерді. Алғашқы шайбаның авторы – «Қазцинк-Торпедо» шабуылшысы Александр Шинкарь. Көп ұзамай оның командаласы Анатолий Раенко мергендігімен көзге түсіп, таблодағы есепті еселеді. Ойынның 28-ші минутында «торпедолық» Матиас Мюттенен қарсыластар қақпасына үшінші шайбаны соғып, айдын иелерінің жеңіске жету туралы тәтті үмітін мүлдем өшірді.
Дейтұрғанмен жергілікті жанкүйерлердің алдында жер болғысы келмеген «Ермак» жігіттері естерін жиып, матчтың үшінші кезеңінде шабуылға көшті. Ангарскілік клубтың сапында Виталий Карамнов дубль жасап (52-ші және 55-ші минуттар), командаластарын ойсырай жеңілуден құтқарып қалды. Бірақ айдын қожайындары ойынды овертаймға алмастыра алмады. Сөйтіп, бесінші мәрте жеңіске жеткен өскемендік хоккейшілер кезекті үш ұпайды еншіледі. Нәтижесінде «Қазцинк-Торпедо» 72 ұпай жинап, турнир кестесінің 13-ші сатысына көтерілді.
– Бұл жеңіс біздің команда үшін өте маңызды. Қазір бізге ұпай аса қажет. Жігіттерге ризамын. Кезекті үш ұпайды алу үшін қарқынды бәсеңдетпеуге тырысып келеміз. Қатарынан бірнеше жеңіске қол жеткізу турнир кестесіндегі жағдайымызды жақсарта түсетіні анық. Ең маңыздысы, тікелей бәсекелесіміз саналатын «Ермак» хоккейшілерін ұттық. Бұл біздің жігіттерді жігерлендіріп, рухтарын көтере түсті, – дейді «Қазцинк-Торпедо» хоккей клубының бас бапкері Николай Мышагин.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button