«Қазцинк-Торпедо» хоккей командасының жетекшілерімен кездесті

Кеше облыстағы шайбалы хоккейдің болашағы, дамуы мен бүгінгі түйінді мәселелері төңірегінде алқалы жиын өткізген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ осылай деп тоқ етерін айтты.
Оның да өзіндік себебі бар. Бұған дейін ақпарат құралдарының бірінде өскемендік «Қазцинк-Торпедо» хоккей командасының кейінгі уақыттағы төмен нәтижелерін тілге тиек еткен баз бір спорт «жанашырлары» «Қазақстандағы шайбалы хоккейдің Отаны саналатын Шығыста аталған спорттың ғұмыры қысқарып бара жатыр» деген ауанда қауесет таратып, дүйім жұртты дүрліктірген-ді. Ал белсенді жанкүйерлердің бір тобы «Қазцинк-Торпедо» клубының жетекшілері мен жаттықтырушы мамандардың әрекетіне көңілдері толмайтынын білдіріп, облыс әкіміне хат жолдаған.
Мәселенің мән-жайын анықтау және шынымен де, кейінгі уақытта көшбасшылық орнын бәсекелестеріне ұстатып қойған өскемендік хоккейшілердің проблемасына тереңірек үңілу мақсатында аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ аталған салаға қатысы бар барлық орындардың басшыларын, жанкүйерлерді, спортшыларды жинап, келелі кеңес өткізді. Шешімін таппай жүрген түйткілдерді бірлесе талқылап, тығырықтан шығудың жолдарын қарастырды.
Екі жыл бұрын облыс әкімі спорт мамандарымен кездесіп, Шығыстағы шайбалы хоккейді дамытудың кешенді жоспары құрылып, мақсат-міндеттер айқындалған болатын. Облыс басшылығының тікелей тапсырмасымен өңіріміздегі балалар мен жасөспірімдерді даярлайтын екі хоккей мектебінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, қажетті қаражат бюджеттен бөлінген. Білікті кадрлармен (жаттықтырушылармен) қамтамасыз ету, оларға тұрақты жалақы тағайындау мәселелері де шешімін тапқан. Қысқасы, спорт мамандары айтқан барлық талаптар орындалып, тек хоккейшілерден жақсы нәтижелер көрсету ғана күтілген. Алайда, жоғары хоккей лигасында ойнайтын өскемендік «Қазцинк-Торпедо» командасы бас демеуші «Қазцинк» ЖШС тарапынан тұрақты жасалатын тиісті қаржыландырулар мен жағдайларға қарамастан, үздіктер тобынан сырғып, өткен жылдың көрсеткіші бойынша 11-ші орынға табан тіреген. Сондай-ақ, ұлттық құрама сапында жасындай жарқылдап, өздерін жақсы қырынан танытқан кейбір спортшыларымызға Астана, Қарағанды секілді еліміздің басқа қалаларынан, тіпті, Ресейден құда түсушілер көбейген. Мәселен, облыстың атын шығарып жүрген қос бірдей жас спортшыларымыз Александр Шин мен Евгений Рымаревке ресейліктер тарапынан ұтымды ұсыныстар жасалған.
– Кейінгі екі жылда хоккейді дамытуға бөлінетін қаржының көлемі екі есеге өсті, соған сәйкес облыстағы осы спортпен айналысатындардың саны 20 пайызға артып, 8 мың адамға жетті. Өңірдің барлық елді мекендерінде жалпы саны 219 хоккей қорабы салынды, оның ішінде үшеуі жабық үлгіде. Өкінішке қарай, жасалып жатқан жағдайлардың нәтижесі байқалмайды. Айталық, Ресейде өткізілетін түрлі деңгейдегі жеті турнирдің біреуінде де біздің хоккейшілер орын алған жоқ. Олардың көрсеткіштері жылдан-жылға кейін кетіп барады, – деп атап өткен өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВ «жағдайды жақсарту үшін не істеу керек?» деген өзекті сауалды мамандардың алдына көлденең тартты.
Жиында айтылған маңызды проблеманың бірі – өңірімізде жұмыс істейтін екі бірдей хоккей мектебі мен «Қазцинк-Торпедо» клубының негізгі және екінші командалары арасындағы байланыстың бір жүйеге келтірілмеуі, сондай-ақ, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Бұл өз кезегінде негізгі және екінші командаларды өсіп келе жатқан талантты жастармен толықтырып отыруға кедергі келтіруде. Себебі, «Қазцинк-Торпедоның» екінші командасына спорттық мектептерден келетін жасөспірімдердің көбісінің деңгейлері төмен, хоккейдің қыр-сырын толық меңгермеген балғын спортшылар. Мектептер мен командалардың арасында тығыз қарым-қатынас орнатылып, жүйелілік қалыптасқанда, мұндай олқылық болмас еді дейді мамандар.
– Облыс хоккейінің төңірегінде күрмеуі тарқатылмаған түйткілдер әлі де көп. Ең әуелі, жағдайды оңалту үшін клубтың жұмысын бір жүйеге келтірген дұрыс. Бұл міндетті атқаруға талапшыл, беделі жоғары, спортқа жанашырлықпен қарайтын, бәрін бір іске жұмылдыра білетін білікті басшы керек. Осы орайда біз «Қазцинк-Торпедо» клубының жетекшілік тізгінін аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлы ұстауға лайықты деп тауып, ұсынысымызды облыстық әкімдікке жолдадық. Сіздің тарапыңыздан қарсылық болмайды, бізге қолдау көрсетеді деген үмітіміз бар, – деді «Қазцинк» ЖШС-нің әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Андрей Лазарев.
Бұл мәселеде асығыс шешім қабылдамай, бәрін заң тұрғысынан жан-жақты қарастыру қажеттігін еске салған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Шығыс Қазақстан хоккейінің болашақтағы дамуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынуы тиіс бірсыпыра міндеттерді өзінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтан бастап, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысына, жауапты тұлғаларға қадап тұрып тапсырды.
Жиын соңында аймақ басшысы бас демеуші «Қазцинк» компаниясымен және аталған спорттың ыстық-суығына қатар төзіп жүрген мамандардың бірауыздан келісімімен «Қазцинк-Торпедо» командасының бас бапкері қызметіне Николай Мышагиннің тағайындалғанын хабарлап, жаңа жетекшінің жұмысына табыс пен сәттілік тіледі.
Серік Әбілхан