«Қазцинк» өңір теннисін дамытуға қолдау білдіріп келеді
Шымкентте бас демеушісі «Қазцинк» ЖШС болған 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы теннистен «Қазақстан кубогы» командалық чемпионаты аяқталды. Шығыс Қазақстанның намысын «Smash» теннис орталығының тәрбиеленушілері қорғады.
Турнир теннис бойынша беделді әлемдік командалық сайыстар (Дэвис кубогы және Федерация кубогы) форматында өтті. Ерекшелігі тек сол, бозбалалардың да, бойжеткендердің де жеңістері мен жеңілістері жинақталады. Біріншілікке еліміздің 13 аймағынан (Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан, сонымен қатар, Алматы мен Астанадан келген қос-қос команда) келген 15 құрама команда құрамындағы шамамен 120 спортшы қатысты.
Әр команданың құрамына төрт ұл, сонша қыз және екі бапкерден енді.
Шығыс Қазақстан облысының құрамасында Әдия Советқанқызы, Татьяна Николаенко, Малика Тайғаранова, Айжан Сүлейменова, Иван Кизилов, Роман Демченко, Вадим Борутто және Никита Денисов, сонымен қатар, бапкерлер – Игорь Дзабаев пен Якуб Коутек болды.
Сайыстар регламенті бойынша облыстар құрамалары топшаларға бөлінді және айналмалы жүйе бойынша ойнады. Топшаларда 1-2 орын алған командалар плей-офф кезеңіне өтті, онда біріншіден сегізіншіге дейінгі орындар сарапқа салынды.
Финалда жеңіс үшін еліміздің облыстар арасындағы теннистік көшбасшылары – Астана-1 және Алматы-1 командалары күресті. Кездесулер бойынша 4/0 есебімен Алматы-1 командасы сенімді жеңіске жетті, осылайша өткен жылғы табысты қайталап, еліміздің командалық біріншілігінің екі мәрте чемпионы атанды. 3-ші орынды Оңтүстік Қазақстан құрамасын 4/1 есебімен ұтқан Ақтөбе облысының командасы иеленді.
Турнир аяқталған соң, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге құнды жүлделер мен сыйлықтар, сонымен қатар ақшалай гранттар: 1 орын – 7 000, 2 орын – 5 000, 3 орын 3 000 АҚШ доллары табысталды.
«Smash» теннис орталығының тәрбиеленушілері медальдар үшін күресе алмады, бірақ олардың ойынын еш күмәнсіз табысты деп атауға болады. Астана-1, Павлодар және Қызылорда облыстары командаларымен бірге қиын топшаға түскен біздің теннисшілер 2 орыннан плей-оффқа шыға алды. Ары қарай аздап жол болмады. Жеребе бойынша қарсылас болып кездесулер бойынша 6/1 есебімен жеңіске жеткен біріншілік көшбасшысы Алматы-1 командасы атанды. Қалған матчтарда Шығыс Қазақстан облысының командасына тең келер ешкім болмады. Алдымен өскемендіктер Жамбыл облысының командасынан, кейін Алматы-2 командасынан мықты болып шықты. Қорытынды – жалпы есепте 5 орын.
–Турнир топырақ үстінде өтті, – дейді «Smash» теннис орталығының бапкері Игорь Дзабаев. – Ұшақтың кешігуінен, біз сайысқа бір күн кеш жеттік, біздің жаттығуға, кортқа үйренуге уақытымыз болмады. Ұшып келдік те, бірден матчқа қатыстық. Осыған қарамастан, балалар командалық рух алып, ерік-жігерлерін жинап, әрине, өткен жылмен салыстырғанда аздап жақсы ойнады және лайықты нәтиже көрсетті.
Атап өтерлігі, өткен жылы (12 жасқа дейінгілер біріншілігінде) Шығыс Қазақстан облысының командасы тек 14 орынды місе тұтқан болатын. Алайда, білуімізше, спорт дегеніміз – бұл динамика, ұдайы өзгеріс және алға қарай қозғалыс, оны осы жолы теннисшілеріміз дәлелдеп берді. Өзгерістер жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Шығыс Қазақстан облысының теннисі де қазір өзгеріс уақытын басынан кешіруде. Бар-жоғы 7 жыл бұрын өңірдегі халықаралық деңгейдегі стандарттарға сәйкес келетін тұңғыш және жалғыз «Smash» теннис орталығы өз есігін айқара ашқан болатын. Бұл Қазақстан теннис федерациясының (ҚТФ) және «Қазцинк» ЖШС-нің арқасында мүмкін болды. Осынау қысқа мерзім ішінде халықаралық дәрежедегі кәсіби сертификатталған жаттықтырушылар жас әрі табысты спортшылардың тұтас бір шоғырын тәрбиелеп шығарды.
Бүгінде теннис корттарында өз шеберліктерін 200-ден астам жас спортшы шыңдауда, «10 жасқа дейінгі теннис» бағдарламасына Өскеменнің 6 балабақшасы тартылған, ал бұл тағы 600 бала. «Smash» теннис орталығында жыл сайын5 жастан 10 жасқа дейінгі ойыншылар үшін «Қызыл, тоқсары және жасыл доп» сериясынан 9 турнир, әлемнің озық ойыншыларын жинайтын 2 ірі халықаралық турнир – «KAZZINC OPEN» ATF Ust-Kamenogorsk» және «Ust-Kamenogorsk ITF Junior», республикалық деңгейдегі 2 турнир өтеді және осы сан ұдайы өсіп келеді.
Бүгінгі таңда қазақстандық рейтингтің ТОП-40-на 12 жасқа дейінгі ұлдар арасында «Smash» теннис орталығының 4 тәрбиеленушісі енеді: Иван Кизилов – 8 орын, Тимур Ысқақов – 17 орын, Роман Демченко – 18 орын, Никита Денисов – 40 орын.
Татьяна Николенко мен Әдия Советқанқызы тиісінше 14 жасқа дейінгі қыздар арасындағы қазақстандық рейтингте 9 және 13 орындарды иеленеді.
Өңір құрамасының құрамына енетін балалар есебінде қазақстандық та, халықаралық та турнирлердегі жеңістер бар.
–Теннис – Өскемен үшін жас спорт түрі, – дейді Қазақстан теннис федерациясы» РҚБ ШҚ облыстық филиалының директоры, «Қазцинк» ЖШС Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Александр Липов. – «Smash» теннис орталығы жұмыс істеп жатқан 7 жыл ішінде ҚТФ филиалы «Қазцинкпен» бірлесе отырып, қалалықтарды осы спорт түрімен таныстыра алды, балалар мен ересектердің тенниспен айналысуы үшін барлық керек жағдайларды жасады және жақсы нәтижелерге қол жеткізе алды.
Қазір «реновация» уақыты келді, атап айтсақ, тек қазақстандық теннис турнирінде ғана емес, сонымен қатар, халықаралық ареналарда да нәтиже көрсетуге әзір спортшыларды дайындауға үлкен көңіл бөлу қажет.
Осы жоспарларды іске асыру үшін және Шығыс Қазақстан өңірінде теннисті дамытудың жаңа кезеңіне қадам басу үшін ҚТФ-ның және «Қазцинк» басшылығының қолдауымен ҚТФ филиалының бас бапкері, жалпы және арнайы физикалық дайындық бойынша бапкер және «10 жасқа дейінгі теннис» бағдарламасы бойынша бапкер штаттық бірліктерін енгізу туралы шешім қабылданған болатын. Мұнымен қоса, Шығыс Қазақстан облысы құрамасының құрамын 50 адамға дейін кеңейту жоспарлануда, оған келешегінен үміт күттіртетін балалар енеді және олар тенниспен мүлдем тегін айналыса алады.
Олардың жаттығуына бөлінетін уақыт та ұлғаятын болады. Осылармен қатар, балалармен жұмыс істеу үшін білікті спорт психологын тарту жоспарлануда.
Александр Липов:
–Біз ҚТФ және «Қазцинк» ЖШС басшылығы тарапынан түсіністік тапқанымызға қуаныштымыз. Бұл бағдарлама 2017 жылдың 1 тамызынан бастап іске қосылатын болады. Тенниспен айналысатын балалар санын көбейту және спорттық нәтижеге қол жеткізуге күш салу сияқты міндеттер тұрғанда, жас дарындылар үлкен жетістіктерге жетеді деп санаймыз!
Тағы бір жағымды жаңалық – оқу жылының басынан Шығыс Қазақстан облысы спорт басқармасы жанынантеннис бөлімшесі ашылады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов «Smash» теннис орталығы турнирінің» ашылу салтанатында мәлім етті:
–Бұл қадам бізге мемлекет есебінен құраманың түрлі деңгейдегі және санаттағы турнирлерге сапарларын қаржыландыруға мүмкіндік береді, яғни, балаларға көбірек сайыс практикасын береді, бұл әлбетте олардың нәтижелеріне әсер етпек. Аздан бастаған жөн, осы іргетастың алғашқы кірпіштері қазірдің өзінде қаланып жатыр.
Іске деген мұндай қарым-қатынас өз балаларын кортқа әкелетін ата-аналарға да ұнайды. Дәурен Ибраев «Қазцинк» ЖШС Өскемен МК мырыш зауытының күйдіру цехында жұмыс істейді. Теннис секциясына қабылдау жүріп жатқаны туралы «Компания жаршысы» корпоративтік газетінің бетінен білген және көп ойланбастан өз ұлын спорттың осы түрімен таныстырмаққа бел буған.
Дәурен Ибраев:
– Менің ұлым жарты жылдай тенниспен шұғылданып жүр. Бұған дейін көптеген түрлі секцияларға барды, бірақ өзінің көңілінен шықпады. Ал мұнда бәрі бірден ұнады. Балам келесі жаттығуды тағатсыздана күтіп жүреді, ересек балалардың жетістігін, турнирлерге қатысуы мен жеңістерін көріп, қазірдің өзінде солар сияқты, тіпті, олардан да жақсы ойнағысы келетінін айтады. Осындай білікті бапкерлер құрамының, әр балаға деген дербес әдістің және алда болар өзгерістердің арқасында нәтиже көп күттірмейтін шығар деп сенемін. «Қазцинк» үнемі және барлық салада үздік болуға тырысады, сондықтан «Smash» теннис орталығынан тек қана жетістіктер күтеміз.
Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысының теннис саласындағы өзгерістер із-түссіз қалмайды деп сеніммен айтуға болады. Тараптардың: ҚТФ-ның, ҚТФ ШҚО филиалының директоры Александр Липовтың, аймақтағы денешынықтыру және спорт басқармасының, «Қазцинк» басшылығының және «Smash» теннис орталығы басшылығының сындарлы диалогы және түсіністігі арқасында чемпиондарымызды тәрбиелеу үшін үлкен мүмкіндіктер пайда болады!
Михаил Шушеньков