Қоғам

«Қазцинк» әлеуметтік жобаларға қомақты қаржы салып отыр

«Қазцинк» әлеуметтік жобаларға қомақты қаржы салып отыр


«Қазцинк» пен облыс әкімдігі 2017-2018 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық меморандумын қабылдады. Екі жақтың бірлескен күшімен бүгінгі күннің өзінде Зырян, Риддер, Серебрянка, Өскемен қалаларында бірнеше бағыттағы әлеуметтік маңызды жобалар іске асырылып жатыр.

Кәсіпорынның көпжылдық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тәжірибесі бұл жүйемен жұмыс істеу тәсілінің тиімді екенін көрсетіп келеді. Оның тиімділігі -«Қазцинктің» қатысуымен қаржыландырылатын жобалардың қала тұрғындарының, жергілікті депутаттардың, компания жұмысшыларының ұсыныс, тілектерімен таңдалып, жасалатынында. Компания үшін бөлінген қаржының далаға кетпей пайда әкелуі, халыққа қажетті іске жұмсалуы маңызды. Облыс әкімдігі мен компания арасында жасалған меморандумда екі жақ облыс қалаларындағы жолдарды жөндеп, көшелерді көріктендіруге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғыртуға байланысты жобаларды, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласындағы жобаларды іске асыруды міндеттеріне алған.

Меморандум қазан айында қабылданғанымен атқарылатын іс-шаралар алдын ала белгіленіп, бекітіліп, осы жылға жоспарланған жобалардың 90 пайызы іске асырылып қойды. Атап айтсақ, Зырян қаласында тоғыз көшенің жолы жөнделіп, аудандық қазандық жаңаланды. Риддерде су-электрмен қамту желісі қайта жаңартылып, «Сокол» стадионы, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің денешынықтыру-сауықтыру кешені жөнделді. Осы бағытта басқа моноқалаларда да белгіленген жоба-жоспарлар іске асты.

Денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша «Қазцинк» ЖШС Өскемендегі облыстық ана мен бала орталығы (соның ішінде лор бөлімі, көз микрохирургиясы, сәуле диагностикасы, ота жасау педиатрия блогы), облыстық онкологиялық орталық (ота жасау блогын жабдықтау, рентген бөлімшесі) және №1 Өскемен қалалық ауруханасы (жүрек-тамыр хирургиясы бөлімі, артроскопиялық оталарды жасауға арналған бейнеэндоскопиялық кешен) мекемелеріне жаңа құрал-жабдықтар сатып әперді.

Компания дәрігер мамандардың біліктілігі мен кәсібилігін арттыру және қайта даярлау кешенді бағдарламасы аясында ана мен бала денсаулығын қорғау, онкология, қан айналымы жүйесі аурулары саласында 150 дәрігерді Қазақстан мен шетелдегі үздік клиникаларда кезең-кезеңмен оқытып, тәжірибе жинақтатуға қаржы бөлді.

ЗЫРЯНДА ИНСУЛЬТ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ

Келер жылы кәсіпорын аймақ үшін аса маңызды ірі жобаларды қаржыландыруға атсалыспақ. Меморандумда көрсетілген кейбір ірі жобаларды жүзеге асыруға бірнеше жыл уақыт кетеді. Бірақ ел игілігі үшін қолға алынғалы отырған ол істердің бәрі де 2018 жылы басталмақ.

Алдағы жылы Риддерде, Серебрянка мен Зырян қалаларында көше жолдары жөнделіп, Жаңа Бұқтырма кентінің «Айна» демалыс базасы жолына асфальт төселеді. Көріктендіру аясында жүргінші жолдарын жөндеуге, көшелерді жарықтандыруға, автобус аялдамаларын жаңалауға қаржы бөлінбек. Жалпы, «Қазцинк» компаниясының бөлімшелері жұмыс істеп тұрған облыстың төрт қаласында 25 балалардың ойын алаңы, Workout спорт алаңдары салынады. Меморандумда аймақ мектептерін қайта жарақтандыруға да қаржы қарастырылған, сынып бөлмелері Назарбаев зияткерлік мектебі стандарттары бойынша жабдықталмақ. 2018 жылы іске асырылатын жобалардың да басым бөлігі денсаулық сақтау саласына арналып отыр. Зырян қаласында аудандық инсульт орталығы ашылып, осындағы аудандық ауруханаға жаңа құрал-жабдықтар сатып алынады.

Кеншілер қаласы Риддерге де айрықша көңіл бөлінбек. Шағын шаһардағы №1 аудандық аурухана қайта жаңғыртудан өтіп, лифті ауыстырылады.
Ауруханаға жедел жәрдем көлігі сатып әперіледі. Риддердегі аурухананың травматологиялық бөлімі мен перзентханасы бірнеше заманауи жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталмақ. Бұл қалада жаңа аурухана салу көзделіп отыр.

Серебрянкадағы қалалық ауруханаға жаңа медициналық құралдар әкелінеді. Ал облыс орталығындағы №1 қалалық ауруханаға салқындатқыш кондиционерлер мен жаңа жиһаздар қойылмақ. Онкологиялық диспансер мен аталған қалалық аурухана науқастарды емдеу мүмкіндігін арттыратын озық медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылады. 2018 жылдан бастап іске асыру көзделіп отырған аса маңызды жобаның бірі-бүйрек ауыстыру және роботталған хирургия орталығының салынуы болмақ. Өскеменде келер жылы ірі кәсіпорындардың қатысуымен гематологиялық орталық құрылысы басталмақ. Қан ауруларын анықтау деңгейін көтеруге айрықша жағдай туғызатын бұл орталық ең заманауи құрылғылар, соның ішінде онкологиялық ауруларды алғашқы кезеңінде анықтайтын құрылғылар орнатылады. Ол құрылғы еліміздегі ең озық технологияның бірі болмақ. Сонымен қатар облыстағы 150 дәрігер елдегі, шетелдегі алдыңғы қатарлы клиникаларда оқытылмақ.

Компания жоғарыда аталған жобаларды бірнеше жыл бойы іске асыратын болады. «Қазцинк» бұл жобалардан өзге өз бетінше басқа да бірнеше әлеуметтік маңызды жобаларды өздігінен іске асырады. Облыста спорт, туризм саласын дамытуға қолдау көрсетіп, балалар мен қарттар үйіне көмектеспек, әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасыларға атаулы көмектер көрсетеді. Осы мақсаттарға компания қосымша 5 млрд. теңге бағыттайды. 2017-2018 жылдары «Қазцинк» аймақтың әлеуметтік жобаларына 15 млрд. теңге инвестиция салмақ.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button