«Қазцинк» күшәлә тауларын «қымтап» тастады

Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты кәсіпорын іске қосылған заманнан бері, 1947 жылдан бастап өзінің өндірістік қалдықтарын зауыттың дәл іргесіне төгіп келгені белгілі. Өнеркәсіптік алаңға, арнайы жабдықталмаған жерге төбе-төбе болып үйіліп тасталған сол «таулардың» ішіндегі қауіптілігі аса жоғары күшәлә (мышьяк) қоспалары желмен ұшып, суға түсіп. жерге де, елге де өз зиянын тигізіп жатты.
1997 жылы Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты «Қазцинк» ЖШС-не берілген кезде компания қалдық сақтауға қатысты кешенді жобаларды жүзеге асыратын болғандықтан құрамында күшәлә қоспалары бар өндірістік қалдықтарын мемлекетке тиесілі сол ескі үйіндіге төгуден бас тартып, қалдықтарды сақтаудың заманауи жолын пайдалануға көшкен. 2000 жылы мұндай қауіпті қалдықтарға арнап арнайы жинағыш қойма салады. Күшәлә қалдықтарының қоршаған ортаға зияны тимес үшін, қойманың түбі мен қабырғалары фильтрациялауға қарсы көпқабатты экранмен жабылады.
Жаңа қалдық сақтау қоймасы ашылғаннан бастап мемлекетке тиесілі ескі қалдық үйіндісіне зауыттың ешқандай өндірістік қалдықтары төгілмеген.
Қалдықтарды қауіпсіз сақтаудың мәселесі осылайша оңды шешілгенімен, тау болып жатқан бұрынғы күшәлә қалдықтары бар өндірістік қалдық үйіндісінің қоршаған ортаға тигізіп жатқан зияны мен кесірі үсті-үстіне көбеймесе азайған жоқ болатын. Қауіпті күшәлә қоспалары жан-жаққа ұшып, жаңбырмен шайылып жерасты суларына түсіп жатты.
2004 жылы «Қазцинк» компаниясы осы тарихи қалдықтарды жою үшін ескі қалдық үйіндісіне техникалық, биологиялық рекультивациялау жұмыстарын жүргізуге кіріседі. Қалдықтар қорғанышты геомембранамен, құнарлы топырақпен жабылып, үстіне көгал егіліп, қалдық сақтау орнының астынан ағынды сулар мен жаңбыр суын жинақтап отыратын су өткізу құбырлары жүргізіледі. Бұл қауіпсіздік шарасының тиімді екені бақылауға алынған құбырлар суына жүргізілген талдаулармен көрсетіліп, бекітіліп отыр: 2000-2017 жылғы талдаулар жерасты суларында күшәлә құрамы 10 есеге төмендегенін, шекті рауалды көрсеткішке ( ШРК-ПДК) сәйкес екенін көрсеткен.
2017 жылы «Қазцинк» өз бастамасымен мамандандырылған мекемені тарта отырып тарихи қалдық қоймасының ішкі, сыртқы жағдайына аудит жүргізеді.
-Тексеру нәтижесінде сарапшылар қалдықтарды жапқан қорғаныш қабатының кейбір жерлері аздап зақымданғанын анықтады,-дейді компанияның бас экологы Қазтай Такеев. – Қоршаған ортаны күшәләмен ластамас үшін, тарихи қалдықтарды рекультивациялаудың бірнеше нұсқасы қарастырылды. Нәтижесінде, біз Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен қоршаған ортаны қорғау бағытында бірлесе жұмыс істеуге меморандум қабылдадық. Қалдықтар үйіндісінің астында жатқан жер учаскесі компанияға уақытша пайдалануға берілді. Компания өз кезегінде қалдықтарды заманауи материалдар мен құрастырмаларды пайдалана отырып рекультивациялауды міндетіне алды.
Қазіргі күні 280 мың тоннадан астам күшәлә қоспалары қалдықтары сақталған тарихи қалдық орнының беткі қабатын асфальт-бетонмен жабу жұмыстары аяқталды. «Қазцинк» ЖШС Өскемен металлургиялық кешенінің экология мәселелері жөніндегі бас маманы Вадим Кушнаревтың айтуынша, биылғы жылдың соңына дейін қалдық орнын жабудың қосымша жұмыстары толық аяқталып, ол қайтадан мемлекет балансына беріледі.
«Қазцинк» компаниясы зауытынан қазіргі күні шығарылып жатқан күшәлә қоспалары өндірістік қалдықтары бұрынғы кездердегідей жабысқақ емес, құрғақ, олар сол күйінде биг-бэг қаптарға салынып, бұрынғы Семей сынақ алаңындағы қорғаныш материалдармен жабдықталған қалдық қоймасына тасымалданып жатыр. 2016 жылы сынақ алаңында «Қазцинктің» күшәлә қоспалары бар қалдықтарын сақтайтын арнайы қалдық қоймасы ашылған.
Жанаргүл Мұқатай