«Қазцинк» балалар үйінің түлектерін жұмыссыз қалдырмайды
350-ден астам мамандық иелері еңбек етіп жатқан 25 мыңға жуық жұмысшысы бар «Қазцинк» компаниясы өнімдерінің 60 пайызын Лондон биржасының ең жоғары бағасын алып отырған алтын өнімі құрайтынын екінің бірі біле бермейді. Мырыш, мыс, қорғасын металдарымен қоса, кадмий сияқты оннан астам дайын металдар түрін шығарып отырған металлургия алыбынан түсетін салықтық түсім бүгінде облыс бюджетінің тең жартысын құрап отыр. Оқу жылының аяғын ала Өскемендегі «Үміт» балалар үйін бітіргелі отырған ұл, қыздармен кездесуге келген «Қазцинк» ЖШС басшылары оларға ерінбей еңбек етіп, білікті маман болуға әзір барлық баланы өз кәсіпорындарына жұмысқа алып, әрі қарай білімдерін жалғастыруға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.
Әр адам өз мамандығын жүрек қалауымен таңдап, сол мамандығының білгірі болуы қажет. Өз ісінің білгірі атана алмаған маман, өз жұмысын жақсы істей алмаған адам ол жерде текке жүргенмен тең. «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев «Үміт» балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 9-11 сынып оқушыларымен кездесу кезінде оларға ең алдымен осы қағидатты есте сақтауды ескертті.
Қазір балалар үйінде 200 бала тәрбиеленіп жатыр. 30 бала 9-11 сыныптарды бітіргелі отыр. Олардың бірі колледжге, бірі жоғары оқу орындарына оқуға түсуді, енді бірі еңбекке араласып, жұмыс істеуді жоспарлап жүр. Балалар үйі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Қарлығаш Құсайынованың айтуынша, «Қазцинк» ЖШС өткен жылдан бастап балалар үйі түлектерінің мамандық таңдауына, жұмысқа тұруына бағыт-бағдар беріп, көмектесіп келеді. Елімізге белгілі ірі кәсіпорын басшыларының өздері балалардың алдына келіп, әңгімелесіп, жүздесуі ата-ана мейірімі, отбасы жылуына зәру болып өсіп жатқан балалардың бойында болашаққа деген сенімдерін арттырып, үміт отын жаққан. Биылғы кездесу де өрімдей ұл-қызға үлкен әсер етті.
Балалар үйінің тәрбиеленушісі Виталий Орловтың Риддерде туыстары бар. Сол туыстарына жақын жүруді ойлаған ол биыл Риддердегі көпсалалы колледжге оқуға түсуге тырысып жүрген жайы бар. Компания өкілдері Виталийге өзі таңдаған мамандығы бойынша Риддер металлургия кешенінен, осы кешенге, оның жұмысшыларына қызмет көрсететін мердігер шағын кәсіпорындардан жұмыс тауып беретіндерін айтты. Ал ҰБТ-да сынақ тапсыратын негізгі пән ретінде физика, математиканы таңдап отырған Катя Баршина жылу энергетика саласының маманы болуды армандайды екен. ШҚМТУ-дың студенті атансам дейді. Катяның да оқу бітірген соң «Қазцинк» компаниясына келіп еңбек етіп, тұрақты, жоғары жалақы алуына әбден болады. Кәсіпорында жылу энергетика саласының мамандарын қажет ететін өндіріс буындары жетіп артылады. Балалардың енді бірі аспаз болсақ дейді. «Қазцинк» ЖШС аспаздарға да жұмыс тауып беруге әзір. «Үміт» балалар үйіндегі балалардың 30 пайыздайы тұл жетім, өзгелері әкесінің, не анасының ата-аналық құқығынан айырылуы, сотталуы сияқты түрлі себептермен ата-анасыз қалғандар. Мемлекет қамқорлығында отырған бұл балаларды ертеңгі күндерінің қалай болатыны, тағдыр толқыны қай жағалауға қарай апаратыны қатты алаңдатады. Біз олардың ойланып қойған сауалдарынан, толқи сөйлеген сөздерінен осыны байқадық. «Қазцинк» компаниясы үшін ең қажетті мамандық қайсы?» деген ұлдың сұрағының арғы жағында да ертең далада қалып қоймай, осындай үлкен кәсіпорынның аса қажетті мамандығының бірін таңдасам деген ой ұшқыны жатты. Ол – балқытушы, металлург мамандығы. Қиын да қызықты, қадірлі мамандық. Компания өкілдері еңбек етем, жұмыс істеймін деп талпынған балалар үйінің тәрбиеленушілерінің бәріне де қолдау көрсетпек.
– 11-сыныптан соң біздің компанияға келіп жұмыс істеуді жөн көрсеңдер, сендерге есігіміз әрдайым ашық. Қазір көптеген орта және жоғары оқу орындарында сырттай, кешкі оқыту жүйелері, курстары бар. Жұмыс істей жүріп, оқып, білімдеріңді арттыруға әбден болады. Біздің компаниямен жұмыс істеп жатқан мердігер кәсіпорындардың өздерінде қаншама мамандық иелері еңбек етіп жатыр. Сендердің сол ұжымдарға жұмысқа тұруларыңа да мүмкіндік бар. ІТ технологиядан бастап, аспаздыққа дейінгі мамандық түрлерін қажет ететін біздің үлкен компанияның өзінің арнайы оқыту орталығы бар. Орталық Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-мен байланыста жұмыс істейді. Қазір Өскемен металлургия кешені жұмысшыларының орташа еңбекақысы 140-150 мың теңге көлемінде. Ал Риддер металлургия кешенінде еңбек ететіндер орта есеппен айына 200-300 мың теңге жалақы алады. Таңдау өздеріңде, тек жауапкершілікпен, тиянақты жұмыс істеп, өз кәсіптеріңнің білгірі бола алуларың қажет, – деп «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев туған үйлерінің орнын басқан жылы ұядан ұшқалы отырған бір топ баланы кәсіпорынның өндірістерін аралап, танысуға шақырды. Балалар мамыр айында Өскемен металлургия кешеніне баратын болып келісті.
Компания мамандары «Үміт» балалар үйінің оқушыларына «Қазцинк» ЖШС-нің бүгінгі тыныс-тіршілігі, өндірісі, ұжымы, жетістіктері, кәсіпорын жастарының өмірі жайында, кәсіпорынға қажетті мамандар даярлайтын облыстағы орта, жоғары оқу орындары туралы бейнефильмді көрсетті.
Жанаргүл Көкенай