Қазба жұмыстары тағы үш жылға жалғаспақ
Облыста үш жылға арналған археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары аяқталып отыр. Оның қорытындысы облыс әкімдігінің мәжілісінде жария етілді.
Археологиялық қазба жұмыстарын негізінен белгілі ғалымдар Зейнолла Самашев, Карл Байпақов және Әбдеш Төлеубаев жүргізген. Сондай-ақ жұмыстарға Германия, Италия, Британия, Аустрия, Бельгия, Жапония, Түркия, Ресей елдерінің білікті археологтары да атсалысқан.
Осы кезең ішінде барлығы 13 археологиялық нысан, 55 қорған және бір ғибадатхана зерттеліпті.
– 2017 жылы археолог Зейнолла Самашев Катонқарағай ауданындағы Берел қорғандарынан біздің дәуірімізге дейінгі 5-ші ғасырға тиесілі әйел жауынгердің алтынмен жалатылған бұйымдарын тауып, тың жаңалық ашты. Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы жайлауынан «Алтын адам» табылды. Профессор Әбдеш Төлеубаев Зайсан ауданы аумағынан көне үйсіндердің қорғанын анықтаса, Карл Байпақов Аблайкит жоңғар бекінісінен қайың қабығынан жасалған қолжазбаларды тапты, – деді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Раушан Нұрмұханова.
Зерттеу жұмыстарына Семейдегі Шәкәрім университетінің ғалымдары да атсалысып, олар Абай ауданы мен Семей қаласына тиесілі аумақтарда қазба жұмыстарын жүргізді.
Үш жылдық жұмыстардың нәтижесінде 19 мыңға жуық жәдігер аршылып, тарихи мұра қорына қосылды. Қазір олар жіті зерттелу үстінде. Жұмыстардың қорытындысы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» форумында жалпақ жұртқа жария етеді.
Осы жылдың соңына дейін аталмыш археолог-ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша жазған монографиялары шығуы тиіс.
Жиында облыс әкімі Даниал Ахметов атқарылған жүйелі жұмысқа оң баға беріп, осы бағдарламаны жалғастырып, 2019-2021 жылдарға арналған арнайы бағдарлама әзірлеуді міндеттеді.
Облыс аумағында 500-ден астам көне қорған бар екен, олардың ішінде қаншама құнды дүниелер жатуы мүмкін. Ғалымдар әсіресе «Елеке сазы-2», «Сардар», «Бек», «Қаған-1», «Қаған-2» деген шартты атаулар берілген қорғандарға ерекше қызығушылық танытып отыр.
Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған бай мұра облыс аумағында бой көтеретін еліміздегі ең үлкен Археология мұражайында сақталатын болады. Аталмыш нысанның жобасын жасауға келер жылы қаражат бөлінетін болды. Белгілісі оның аумағы 15 мың шаршы метрді құрамақ.
– Берелдегі мұражайға қосымша ретінде туристерге арналған орынжайлар салу керек, сонымен қатар Шілікті қорғанына да күмбез жасап, мұражайға айналдыру қажет. Осы жұмыстар алдағы уақытта іске асырылсын, – деген аймақ басшысы археологиялық ескерткіштерді қорғауға алуды да қадап тапсырды. Себебі жекелеген қорғандардың аршылуына Тарбағатай ауданы тұрғындарының қатысуы болуы мүмкін. Сол себепті оларды полиция өз күзетіне алмақ.
Ержан ӘБІШ