Қазақтың жанкүйерлерін қайран қалдырды
Жанкүйерсіз спорт – тұл. Дейтұрғанмен, жанкүйерлік қолдаудың өзіндік мәдениеті, қалыптасқан дәстүрі, жазылмаған тәртібі болады. Ең қызығы, бұл жанкүйерлік дегеніңіз әр ұлттың менталитетіне қарай ерекшеленеді екен. Алматы Универсиадасы осыған көзімізді жеткізді.
Шүкір! Біздің ел спорттың қандай түріне болмасын жанкүйерлік етуге, додаға түскендерге қолдау білдіруге машықтанып қалыпты. Бұрын тек бокс пен күреске, ауыр атлетикаға бүйрек бұрып келген отандастарымыз енді қысқы спорт түрлеріне де қызығушылық танытуы қуантады. Әсіресе, биатлон, шаңғымен жүгіру, шорт-трек, тау шаңғысы мен шайбалы хоккейді тамашалауға жиналғандар қарасы тым көп болды студенттер сайысында. Байқасақ, осының өзі біздің менталитетті көрсететіндей. Кешегі ат үстінде бүкіл ғұмырын өткізген жауынгер көшпендінің ұрпағын мергендікті меңгерген биатлоншылардың, мұз үстінде көкпар тартқандай таласқа түсіп, арасында жұдырықтасып алатын хоккейшілердің, желмен жарысқан жүйріктей жүйткіген шорт-трекшілердің, таудан құлдилап құлаған тау шаңғышыларының қан қыздырар өнері елең еткізбей қоймағаны сондықтан. Аталған спорт түрлерінің әрқайсысын алматылықтар мен қала қонақтары қалт жібермей қадағалады. Жанкүйерлік етті. Алайда, еліміздегі жанкүйерлік мәдениеттің әлі де болса олқы түсіп жатқанын жасыра алмаймыз. Стадионға немесе жабық аренаға келген қолдаушы қауымның толассыз қиқуы кей жағдайда бәсекеге түскен саңлақтарға кері әсер етіп, кедергі жасағанын көрдік. Иә, қолдаған дұрыс. Қошемет көрсету қажет. Тек оны жөнімен жасаса.
– Биатлоншы ату алаңына келіп тоқтағанда шуламаған абзал. Бізде осы жағы сәл ақсаңқырап тұр. Теледидардан әлемдік додаларды көріп жүргендей, жанкүйерліктің өзіндік мәдениеті болады. Қандай қызуқанды фанаттар биатлоншы нысана атар кезде құлаққа ұрған танадай тына қалады. Шыбынның ызыңы естілетін тыныштық орнайды. Міне, бізде де солай болуы керек, – деген биатлоннан аға жаттықтырушы Дмитрий Пантов Универсиада ойындарының алғашқы кезіндегідей емес, соңына қарай жанкүйерлердің тәртіпке келе бастағанын айтты.
Биатлоншы ату шебіне келгенде, бапкерлер мен төрешілерге де қатты дауыс көтеріп айқайлауына, спортшыға қандай да ақыл-кеңес беруіне тыйым салынған. Айталық, биатлоннан қыздар арасында 10 шақырымға із қуалап жарысуда Вишневская өрескел қателік жіберді. Ережеге сәйкес қашықтықты жүгіріп өту барысында екі рет жатып, екі рет түрегеп тұрып атуы тиіс еді. Ал Вишневская екінші мәрте атуға келгенде, жатпай, түрегеп тұрып көздеді. Соның кесірінен жарыстан шығарылды. Ал бапкерлері ату шебіне келген шәкіртіне қателігін көріп тұрса, да нұсқау бере алмай, амалсыз қарап тұрды.
– Бұл қателіктің бірнеше себебі бар. Галя жанкүйерлердің қолдауынан қанаттанып, мейілінше жоғары нәтиже көрсетуге жанын салды. Асығыстық танытты. Оған қоса із қуалап жүгіру мен масс старттан басқа сайыстардың бәрінде «жату-тұру» тәртібімен нысана көздейді. Галинаның екінші айналымда автоматты түрде түргеп тұрып атып жіберуі сондықтан. Ал ату шебінің сыртында тұрған жаттықтырушылар да, төрешілер де мұны айта алмады. Өйткені, спортшы нысана көздеуге келгенде, ешкімнің оған қандай да бір ақпарат беруіне құқығы жоқ, – дейді биатлоннан Олимпиада вице-чемпионы, Универсиаданың ұйымдастыру комитетіндегі биатлон бойынша спорт менеджері Елена Хрусталева.
Менталитет дедік қой жоғарыда, сол сөзімізге қайта оралсақ. Шетелден ат арытып келген жанкүйерлердің ішінде, мысалға, күншығыстағы Жапония мен Кореядан, сондай-ақ, көрші Қытайдан келген қонақтар конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғымен трамплиннен секіру секілді спорт түрлерін құлай «сүйетінін» аңғартты. Ал орыстар шаңғы, биатлон, хоккей десе ішкен асын жерге қояды. Скандинавия түбегін мекендеген елдердің де шаңғы спортына деген махаббаты күшті. Ал канадалықтарды хоккейсіз елестету мүмкін емес. Кейінгі кездері бұл елде биатлонға қызығушылық артып келе жатқан көрінеді.
– Алматыға келгелі хоккей матчтары мен биатлон жарыстарының бірін жібермей тамашалап келемін. Біздің елде хоккей жақсы дамыған. Онсыз өмірді елестету мүмкін емес. Әрине, басқа спорт түрлерін де мүмкіндік болса көремін. Дегенмен, бірінші орында хоккей тұрады қашанда. Қазақстандық хоккейшілердің ойыны, шеберліктері маған ұнады. Сіздердің елде бұл спорт түрі жақсы қалыптасқан екен. Қолдау да керемет. Қазақтың жанкүйерлеріне қайран қалдым, – дейді өзін Мейсон деп таныстырған канадалық мейман.
Бір байқағанымыз, шетелдік фанаттар қандай спорт түрін тамашаласа да, оған арнайы дайындықпен келеді. Қолдарына жалаушаларын алып, кеуделеріне төсбелгілерін қадап, өзінің қайдан келгенін айрықшалап тұратын әртүрлі белгілерді жарқыратып жүреді. Бөтен елде жүргендіктен бе, әлде өздерінің жанкүйерлік мәдениеті солай ма, қайдам, әйтеуір қызбалыққа салынып, жөнсіз қиқулап отырғанын көрмедік. Қолдау қажет болғанда аянып қалмағанмен, тыныштық сақтайтын жерде сілтідей тына қалатын тәртіптілігі ұнады бізге.
Алматы Универсиадасындағы айтпай кетуге болмайтын әттеген-ай – жанкүйерлердің кейбір жарысты жақыннан көре алмауы. Нақтырақ айтқанда, қолында билеті бола тұра, Шымбұлақта өткен фристайлшылар бәсекесін үлкен экраннан тамашалаған жұрттың ұйымдастыру алқасына артқан өкпелері қара қазандай. Неге екені белгісіз, фристайл сайысын жақыннан көруге адамдарды жібермей қойды. Оны айтамыз, жарыстан репортаж дайындауға барған журналистер де межелі жерге жете алмай, кері қайтты. Көрермендер отырған орыннан бір шақырымдай қашықтықтағы тау бөктерінде өткен могулшылар мен сноубордшылар сайысын көпшілік қауым үлкен теледидар арқылы көрді.
– Мың жарым теңгеге билет алып, осынша жер жол жүріп келгенде, жарысты теледидардан көргеніміз қызық болды. Одан да шығындалмай, үйімде отырып, жылы жерде көргенім артық еді ғой, – деп қынжылады Мұхит есімді алматылық тұрғын.
Ұйымдастырушылар тарапынан жіберілген кемшілік жабық аренадағы жарыстарда да кездесті. Хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау секілді спорт түрлеріне халықтың көп жиналғаны соншалық, билеті барлардың өзі тиісті орнына отыра алмай, қиналғанын көрдік. Дегенмен, мұның бәрі жанкүйерлердің жанкештілігін қайтара алған жоқ. Спортшыларын қолдау үшін отандастарымыз ештеңеге қарамады. Соның арқасында саңлақтарымыз бұрынды-соңды Универсиада ойындарында алмаған жүлделерге қол жеткізді. Ел құрамасының бұл жетістігі ең әуелі жергілікті фанаттардың қолдау-қошеметінің жемісі десек, ешкім теріске шығармас.
Алатаудың бөктерін дүбірге бөлеген аламан сайыс аяқталды
Хош бол, Алматы! Көріскенше күн жақсы. Ризамыз саған, Алматы! Бұл ХХҮІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға төрткүл дүниенің 57 мемлекетінен келген қонақтар мен туристердің, спортшылар мен еріктілердің жүрекжарды ыстық лебізі.
Асқар Алатаудың бөктеріндегі 11 күнге созылып, жан алысып, жан беріскен дүбірлі сайыста рухы күштілер жеңімпаз атанды, ал бабы мен дайындығы кемшіндер ұтылса да тәжірибе жинады, мықтылардан үлгі алып қайтты. Сөз жоқ, қазақ елі өткізген Универсиада ойындары миллиондаған жанкүйердің есінде ұзақ уақыт сақталмақ, шет елдерден келген қонақтар халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына, төрін ұсынатын қонақжайлығына таңдай қақты.
Универсиада ойындарының салтанатты жабылуына Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев, халықаралық студенттер спортының президенті (ФИСУ) Олег Матыцин, Красноярск қаласының мэрі Эдхам Акбулатов, дүбірлі доданы ұйымдастырушы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстан халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев, басқа да танымал тұлғалар, 12 мыңнан астам адам қатысты. Жабылу салтанатын жүргізушілер ең алдымен Универсиада ойындарында 27 алтын, 26 күміс, 15 қола иеленген Ресей, 11 алтын, 8 күміс, 17 қола алған Қазақстан, 11 алтын, 5 күміс, 5 қоланы олжалаған Корея құрамаларын жеңістерімен құттықтады.
«Алматы Арена» кешенін әсем ән кернеп кетті. «Ұлы дала құпиясы» деп аталатын музыкалық қойылымда Ардақ Балажанованың орындауындағы халық әні «Ұлытау» тобының рок-әуенімен сәтті шықты. Қазақтың жүректің қылын қозғайтын әні мен бойды шіміркіндіретін күйі керемет қой. Жәмила Серкебаева скрипкамен Түркештің «Көңілашарын» орындаған кезде, жиналғандар қолпаштап қол соқты. Жабылу салтанатында еліміздің Әнұраны шырқалған кезде, 12 мың адам орындарынан тұрып, шабытты әуенді бірге шырқады.
Бұдан кейін салтанатты рәсімді жүргізушілер ТМД елдерінде тұңғыш болып Универсиада ойындарын өткізу құрметіне ие болған Қазақстан саңлақтарының аты-жөндерін айтып өтті. Өскемендік өрендер бұл жолы жеті бірдей алтын, екі күміс, үш қола медальға ие болды. Фристайлшылар Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд (қос алтыннан), екі алтынды олжалаған биатлоншы Галина Вишневская, Алина Райкова, алтын алқа алған шаңғышылар Иван Люфт, қос қоланы алған фристайлшы Павел Колмаков, шайбалы хоккейден ерлер құрамасы тамаша өнер көрсетті. Бес бірдей медаль иегері Анна Шевченко, фристайлдың акробатика түрінен алтын алған Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек, шорт-тректен қола медаль алған Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Айдар Бекжановқа мыңдаған жанкүйер алғыс сезімін білдіреді.
Алматыдағы аламанға үш мыңнан астам ерікті келіп, тегін қызмет көрсеткені белгілі. Олардың ең жасы 18-де болса, егдесі – Канададан келген 78 жастағы Майкл деген қария. Айшылық алыс елден келіп, ерікті қызметін адал атқарған жанкештінің ерлігіне жиналғандар қол соқты. «Мың бояулы Алматы» деген ән ырғағымен мыңға тарта еріктілер ән салып, билеген кезде көрермендер ризашылықтарын білдірді. «Рахмет саған, еріктілер!» деген алып полотноға жазылған сөз алыстан көз тартады.
Бұдан кейін 57 мемлекеттен келген спортшылардың шеруі басталды.Шеруді командалық есепте екінші орын алған жерлестеріміз бастады. Канадалық спортшылар «Алматыға рахмет!» деген жазуы бар плакатты тік көтеріп өткен кезде, жиналғандар ду етіп, қошемет білдірді. Салтанатты жиында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа сөз берілді.
-Құрметті спорт, сүйер қауым! Құрметті Олег Матыцин мырза! Екі апта бойы әлем жұртшылығының назары Алматыға ауды. Универсиада арқылы Әлем Қазақстанды таныды, ал біз дүниежүзінің халқын бейбітшілік пен татулықтың символы – спортты насихаттауға жұмылдырдық. Сіздерді Универсиаданың жабылуымен құттықтаймын,-деді Премьер-Министр
Халықаралық студенттер спортының президенті Олег Матыцин құттықтау сөзін қазақша бастап, ФИСУ-дың атынан Универсиаданы өткізуге бастама көтерген, оны керемет өткізген Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА алғысын білдірді. «Алматы біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, қазақ халқының ыстық ықыласы мен қонақжайлығына тәнтіміз. Универсиада ойындары кезінде спорт сарайлары мен стадиондарда трибуналар толып тұрды, жастардың қысқы спортқа деген ынтасы қуантты», деді Олег Матыцин.
Бұдан кейін Универсиаданың жалауы түсіріліп, ол Красноярск қаласының мэрі Эдхам Акбулатов мырзаға тапсырылды.
Кеш ұйымдастырушылары көмек көрсеткен еріктілерге, жанкүйерлерге алғысын айтты. Бұдан кейін Қазақстанның эстрада жұлдыздары Әли Оқапов, Дастан Оразбеков, тағы басқалар «Қанатыңды кең серпі» атты музыкалық нөмірді орындады. Мыңнан астам еріктілер мұз айдынында және сахнада көрсетілген флешмобқа белсене қатысты.
Универсиада жалауын қабылдап алған Красноярск қаласының өнерпаздары сахна төрінен орын алды. Атақты мәнерлеп сырғанаушы Алексей Ягудин мұз айдынында қалықтап, мың ырғалып би биледі. Красноярск Универсиадасының символы – Сібірдің ерке Лайкасы да мұз айдынында сырғанап, алматылықтарға тағзым етті. Бұл өте әсерлі болды. Озық технологиясы мен экономикасы дамыған Сібірдің жүрегі – Красноярск қаласында кездескенше, деді салтанатты жиынды тамашалаушылар. Музыкалық нөмірдің шарықтау сәті Универсиада алауын өшіру салтанатымен аяқталды.
ЕҢ ТАНЫМАЛ 10 СПОРТШЫ
«Вести-кз» арнасы Универсиадада ең табысты өнер көрсеткен 10 спортшының тізімін жария етті. Олар: Денис Тен, Иван Люфт, Дмитрий Рейхерд, Юлия Галышева, Галина Вишневская, Дмитрий Никиша, Алена Райкова, Анна Шевченко, Жанбота Алдабергенова, хоккейден Қазақстан құрамасының қақпашысы Сергей Кудрявцев.
10 танымал спортшының төртеуі – шығысқазақстандықтар.
Оңдасын Елубай,
Есімхан Орынбаев (фото),
Серік Әбілхан