Руханият

Қазақтың бас ақыны – Барқытбелдің баурайында

Қазақтың бас ақыны – Барқытбелдің баурайында

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Тарбағатай ауданының орталығында ұлы Абайдың ескерткіші ашылды. Бұл шараға жергілікті тұрғындармен бірге Астана мен Алматыдан келген белгілі қоғам, өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, абайтанушы ғалымдар, ақынның Абай ауданында тұратын ұрпақтары да қатысты.
Салтанатты шараны ашқан аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев құрметті қонақтарды және тарбағатайлықтарды осынау айтулы оқиғамен құттықтап, сөз зергерінің халықты адамгершілікке, имандылыққа үндеудегі ұшан-теңіз еңбегін, қазақтың рухани ортасын қалыптастырудағы рөлін тілге тиек етті.
Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин, қоғам қайраткері, дербес зейнеткер Нәсен Сембаев, Абай ұрпақтары атынан Абай ауданының Құрметті азаматы, ардагер спортшы А.Мұқанов сөз сөйлеп, ақиық ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулетов жырдан шашу шашты.
Абай бабамыздың екерткішінің лентасын қию құрметіне ие болған Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов, белгілі әнші Майра Ілиясова, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов әйгілі «Қаламқастың» әуенімен ескерткіштің шымылдығын сыпырды. Барқытбелдің баурайына бетін бұрған Абай атамыздың алып мүсінін жергілікті мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі Әлібек Шоқанов жасаған.
Міне, қазақтың бас ақыны Абай атамыздың алып мүсіні қойнауына құт қонған Тарбағатай төрінде де ұлтымыздың айбынын асырып, татаулық пен ынтымақтың темірқазығындай боп тұғырында тұр.

Қадірбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button