Қоғам

Қазақтың қазаны майланбай, көңілі жайланбайды

Қазақтың қазаны майланбай, көңілі жайланбайды


Баяғыда бір баукеспе: «Ет – тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қоямын», – деген екен. Содан бері қаншама уақыт өтсе де, ет тәттілігін қоймады. Ет тәттілігін қоймағасын, ел ішіндегі ұрлық та тыйылмай тұр. Жалпы, әлемде етке тойып бермейтін екі ұлт болса, соның бірі, әйтпесе, бірегейі біздің қазақ шығар. Оның өзіндік себебі де жоқ емес.

ҚАРАША, ЖЕЛТОҚСАН МЕН СОЛ БІР-ЕКІ АЙ…

Өзге жұртты қайдам, өз басым осы жасқа келгенше дәл біздің қазақтай етті баптай білетін, тіпті, шілденің шіліңгір ыстығының өзінде сойған малының етін мүшелеп бұзып, тұздап, түтінге ыстап, сүрлеп тоңазытқышсыз-ақ сақтай білетін халықты көрмеппін де, естімеппін. Мүшелеп демекші, аталарымыз малдың қалай бауыздалып, етінің қалай бұзылатындығына дейін ерекше мән бергендері соншалық, мал сойған адам мал мүшесінің әр жерінде болатын арам бездерін алып тастамай, абайсызда біреуін жіберіп қойса, әлгі қасапшының жер-жебіріне жетіп, оған белгілі бір мезгілге дейін (жаза ретінде) мал сойғызбай қоятын көрінеді. Қазір ғой, әсіресе, базардан сатып әкелетін еттің өн бойы толған арам без, ұйыған қан, қылшық… Одан қалса, қалай болса солай аралап, балталап тасталған. Оған бола сатушымен дауласып, әлденені түсіндіріп немесе дәлелдеу далбасалық. Олар сені тыңдап тұрмайды да, «Әй шырағым, алатын болсаң ал, алмасаң басымды қатырмай аулақ жүр» – деп, қысқа қайра салады да, келесі адаммен саудасын жүргізе береді.

Әрине, мүмкіндік болса «Аллһу әкпары» айтылып, қолдан сойылған малдың етін жегенге не жетсін. Өкінішке қарай, бүгінгі таңдағы елдің әлеуметтік жағдайының төмендеп кеткендігі соншалық, әсіресе, қалада тұратын жұрт қолдан мал сойып жегенді былай қойып, базардан ет сатып алудың өзіне зар болып қалған жайы бар. Өйткені, базардағы баға сырқат адамның ыстығы құсап сәт санап көтеріліп барады. Қайда барып және қашан, қай күні байыз табарын бір Құдай ғана білмесе, адам баласына беймағлұм боп тұр…

Бірақ жағдай осылай болды екен деп, қол қусырып отыратын қазақ жоқ. Күн болса суытып келеді. Алда алты ай қыс бар. Оның үстіне желтоқсан айы туа салысымен Тұңғыш Президент күні бастап, Тәуелсіздігіміз қостатқан түрлі-түсті мерекелер келе жатқан жоқ па? Ол мерекелерде, әсіресе, жаңа жылда қалай етсіз отырмақпыз. Сондықтан не істеуіміз керек? Әрине, қарызданып-қауғалансақ та соғым сою керек.

Соғым – қазақ қоғамындағы, жалпы қазақ дейтін халықтың қараша-желтоқсан айларындағы күн тәртібінде тұратын маңызды мәселелердің бірі. Ауылды жерлердегі пышақ ұстаған қасапшылардың да айы оңынан туып, мұрттары майланып қалатын мезгіл осы кезең.

Көрпеңе қарап көсіл демекші, соғымды да әркім өз шама-шарқына қарай сойып жатады. Ең бастысы, ешкім ешкімге тегін соғым сойып бермейді. Ал баға болса жылдан-жылға шарықтап барады. Айталық, өткен жылдары үш-төрт жасар жылқы малын шамамен 250-300 мың теңгеге тауып алғандар, биыл ол ақшаға ондай мал ала алмайды. Қазірдің өзінде жылқы жарықтықтың бағасы шарықтағаннан шарықтап 400 мыңға барып қалыпты. Арнайы жемдеп, семірткендері одан да қымбат. Қара малдың бағасы да қарап жатпай, едәуір көтеріліп кеткен. Былтырғы жылдары 120-140 мың теңгеге алған бір жарым-екі жасар тайынша-құнажындардың бағасы биыл 180-220 мың теңгенің маңына барып қалған. Базардағы ет өнімдерінің бағасы да жыл басынан бері көтерілумен келеді. Бұл аз десеңіз, осы таяуда ғана ет бағасы тағы бір мәрте көтерліп, келісі 1500-ден 2200 теңгеге дейін шарықтап кетті.

ЖОҚШЫЛЫҚ НЕ ІСТЕТПЕЙДІ?..

Облыс орталығында тұтынушылар көп баратын төрт-бес базар мен екі-үш супермаркет дүкендеріндегі еттің бағалары бір-біріне қарайлас. Алайда, қала базарларынан бағасы қымбаттады екен деп, ет сатып алмай жатқан елді көрмедік. Әркім қалтасына қарап, өзіне қажетті етті де, тіпті, көже-қатыққа деп сүйек-саяқтарды да алып жатыр.

Қазақтың қазаны майланбай, көңілі жайланбайды

Нағима, «Ивушка» базарында ет сатушы: – Ет сатумен айналысқаныма біраз уақыт боп қалды. Байқағаным, ет қанша қымбаттаса да халық, оның ішінде біздің қазақ қауымы етсіз отыра алмайды екен. Әсіресе, рамазан айы мен мереке қарсаңдарында ет алушылардың қарасы қалыңдай түседі. Еттің жақсы жұмсақ жерлеріне, қазы-қарта, бас-сирақ пен тартылған (фарш) етке алдын ала тапсырыс беріп қоятындар да бар. Жалпылай айтар болсақ, базарға әлеуметтік жағдайлары әртүрлі адамдар келетіндіктен саудамыз да әр қалай. Мысалы, бір зейнеткер әже келіп, «Қызым, бір-екі келі ет өлшеп берші», – десе қалай өлшеп бермейсің? Ол кісінің бар мүмкіндігі, шамасы сол шығар. Фаршқа ет дайындағанда жалаңаштанып қалатын сүйек-саяқтарды көже-қатыққа деп алатындар да бар. Ал кей күндері той-томалаққа немесе өлім-жітімге жүз келіге дейін ет алатындар болады. Ондайда саудамыз жүріп, біз де бір жырғап қаламыз. Дегенмен, ет бағасының соңғы қымбаттауы халықтың қалтасына салмақ салғаны байқалады. Көпшілігі ет бағасын сұрауын сұрағанмен алу-алмауды ойланып немесе қымбатсынып кетіп қалады.

Сатушының әңгімесі біраз ойға қалдырғаны рас. Егер ет бағасы осылайша өсе беретін болса, бірте-бірте ет жеуді де азайтуға мәжбүр болатын шығармыз…
Әлемдік қылмыс сарапшыларының деректеріне құлақ түрер болсақ, кез келген қылмыстың негізінде яғни, бастауында – әлеуметтік жоқшылық, жетіспеушілік, қажеттілік, амалжоқтық жататын көрінеді. Мұны біздің аталарымыз: «Тоқтық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді» – деп, екі ауыз сөзбен баяғыда-ақ айтып тастаған. Осы мәтелді бүгінгі күнге икемдеп, сәл өзгертіңкіреп «Жоқтық не істетпейді» – десек, тіптен қатып кетейін деп тұр. Өйткені, осы тұқымың құрығыр жоқтық ұрлыққа бастайды. Жоқтықтан амалы құрығандар тапа тал түсте үй тонап, мал ұрлығына дейін барып жатыр. Үйді айтасыз, күзетшілері мұздай қаруланған банктердің өзін екі күннің бірінде тонап кетіп жатқан жоқ па? Қазіргі ұрылар да оңай-оспақ адамдар емес. Бес қарулары сақадай сай, кинолардан неше түрлі ұрлық-қарлықты көріп, ойға алған істерін қалай, қай жерде бастап, қайтіп із жасыруға дейін зерттеп-зерделеп, әбден әмбебаптанып алған.

ЕСТІ АДАМ ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛАЙДЫ

Мал ұрлығы жөнінде облыстық ішкі істер департаментінің берген мына бір мәліметі де аса көңіл көншітерліктей емес. Айталық, ағымдағы жылдың тоғыз айында ғана облыс бойынша 277 мал ұрлығы тіркелген. Оның жартысынан астамы полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру, тергеу амалдарының нәтижесінде ашылып, ұсталған 118 мал ұрлаушы қылмыстық жауапқа тартылған. Солардың арасында екіден-үштен әйтпесе, одан да көп адам боп ұйымдасқан 24 топ ұсталған көрінеді. Мал ұрлығына қатысты ішкі істер органы қызметкерлерінің жүргізген сараптама зерттеулерінің статистикасына зер салсақ, өңіріміздегі мал шаруашылығымен айналысатын Абай, Тарбағатай, Жарма, Аякөз, Ұлан аудандарымен қатар, Семей қаласының маңындағы шаруа қожалықтарында мал ұрлау фактілері көп тіркелген. Дегенмен, құқық қорғау қызметкерлерінің ел арасында жүргізген ұрлықтың алдын алу шараларының нәтижесінде биыл ұрлықтың қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға төмендепті. Тексеру барысында анықталғаны жоғарыда айтылған 277 мал ұрлау фактісінің 183-і ешқандай қараусыз, бақташысыз еркін өз бетімен жайылымда жүрген малдар боп шыққан.

Қазақтың қазаны майланбай, көңілі жайланбайды

– Бұл жерде мал иелері өз малдарының қауіпсіздігіне селқостықпен, немқұрайдылықпен қарайтындығын да айта кетуіміз керек, – дейді ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Торғаев.

– Ет жеп үйреніп қалған адамға етсіз отырған қиын болады екен, – дейді қалаға көшіп келгеніне үш-төрт жыл болған Бағлан ағамыз. – Жалғанда сатып алып жеген етте береке болмайды екен. Жылтың-жылтың етіп таусылып қала береді, жарықтық. Жаз айларында жарайды, «күн жаз, ет аз» – деп, өзімізді-өзіміз алдаусыратып қоямыз. Ал қысқа қарай соғым соймасаң, кәдімгідей ұйқың қашып, тісің қышып, мазасыздана бастайды екенсің. Алғашқы жылдары ауылда қалған бір-екі бас малға сенетінбіз. Биыл бажам екеуіміз қосылып төрт жасар дөнен сатып алдық. Бағасы да біраз екен, 340 мыңға шықты. Бұл қайта түсіріп бергені. Әйтпесе, 360 сұраған. Абырой болғанда күйлі екен. «Бісмілләмізді» айтып бауыздатып, қазыларын айналдырып, қарын-қарталарын тұздап, бұрыштап, чесноктап дегендей, ыңғайлап алдық.

Негізі бұл соғымға мен сонау жаздың басынан қамданғам. Ай сайынғы жалақыдан 30-40 мыңнан іркіп отырдым. Былай алып қарасаң, жарты соғым деген не, ол? Бір-бір асымнан «сыбағаларың» деп балаларға бересің, бір-екі мәрте қонақ шақырасың, сонымен қыс та аяқталып, соғым да таусылмай ма? Ең бастысы, аман болайық. Келер жылдың несібесін уақытында көре жатармыз. Бір бұйырғаны болар.

Иә, Бәкең дұрыс айтады, келер жылы бір бұйырғаны бола жатар. Ал «Биылғы соғымды қайтеміз?» – дегенге келетін болсақ, аталарымыз «Барымен – базар» – демейтін бе еді. Ел іші болғасын бажа-балдыздармен ептесіп-септесіп, алмасып-жалғасып дегендей, бұл тығырықтан да шығармыз, бірдеңе қылып. Ең бастысы, еліміздің іргесі тыныш болсын. Алла тағала қойдан жуас момақан еліміздің ішін даудан, сыртын жаудан сақтасын.

Соғымдарыңыз шүйгін болсын, ағайын!

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button