Қоғам

Азаттық идеясының алдаспаны

Кешегі кеңес дәуірі кезінде қазақтың көптеген бетке ұстар  тұлғасы ұмытылып, есімдері  қасақана елеусіз қалдырылды.  Тек еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап  қана азаттыққа ұмтылған қайсар жандардың аттары қайтадан санамызда жаңғыра бастады. Осындай тұлғалардың бірі де  бірегейі  –  Ахмет Байтұрсынұлы.

Ол – қоғам қайраткері, ақын, әдебиеттанушы, лингвист, аудармашы, публицист, ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы.

Ахмет Байтұрсынұлы 1905 жылы жер мәселесін қозғап, қазақтың өз жерін өзіне қайтару жөнінде ақ патшаның атына хат жазғандардың бірі. Осыдан бастап, ол патша өкіметіне наразылық білдіргені үшін қуғынға ұшырап, 1907, 1909 жылдары абақтыға  қамалады. 1910 жылы Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударып,  «Қырық мысал» жинағын шығарады. Қазақ поэзиясына тың жаңалық, өзіндік ою-өрнегін алып келген «Маса» жинағы А.Байтұрсынұлының ағартушылық, демократтық, гуманистік қырларын ашып көрсетіп тұрғаны ақиқат.

А.Байтұрсынұлы 1913 жылдан 1917 жылға дейін М.Дулатовпен бірге «Қазақ» газетін шығарумен айналысты. Саяси бағыттағы мақалалары өкімет орындарына жақпаған басылымның редакторы А.Байтұрсынұлы бірнеше рет түрмеге жабылды.

Патша тақтан түскен сәттен бастап Ахаң қазақ зиялыларымен бірігіп, ұлттық «Алаш» партиясын құрады. Кеңес өкіметі орнаған соң, ол Қазақстан үкіметінің мүшесі, Халық ағарту  Комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы болып сайланады.

Кейінірек дарынды азамат Орынбор, Ташкент, Алматы қалаларындағы педагогикалық жоғары оқу орындарында сабақ береді. Голощекиндік асыра сілтеу саясатына ашық қарсы шыққаны үшін 1929, 1937 жылдары екі рет саяси репрессияға ілігіп, ақырында халық жауы ретінде атылады.

Ахмет атамыз замана ағысына қарсы тұрып, қазақ халқының рухани көсемі болған, бұқараны білім алуға, бірлікшіл болуға шақырған, халық үшін, халықтың мәдени-әлеуметтік болмысын көтеру үшін қызмет еткен аса ірі тұлға ретінде бағаланады. Қазақ даласына азаттық идеясы тарай бастаған тұстағы жаңа поэзияның бастамашысы, алғашқы ту ұстаушысы болған Ахмет Байтұрсынұлы тарих биігінен тиісті орнын алды. Біздің кім екенімізді, шыққан тегімізді, ана тіліміздің қандай мәйекті тіл екенін ұқтырып, Тәуелсіз Қазақстанның лайықты азаматы болып отырғанымыз осындай алып тұлғалардың арқасы екендігін әрқашан есте сақтауға тиіспіз. Осылай дей отырып, Ахмет атамызға арналған белгілі ақын ағамыздың мына бір шумақтарын келтіре кеткенді жөн көрдім.

«Бостан шақты емін-еркін жырлатып,

Тұрған кезең  –  біле-білсең, шын бақыт.

«Алаш» деген жалғыз ауыз сөз үшін,

Басын берген Ахмет пен Міржақып.

Бәрі де есте, ел ұмытқан жоқ мұны,

Айтылмастан қалса-дағы көп мұңы.

Тұтас ұлтқа ұстаз болған Ахаңның,

Өзгелерден биік тұр ғой шоқтығы.

«Оян, жұртым, оқы, қазақ, ынталан,

Надандықтың бұлтын ысыр, қымтаған.

Шын білімсіз бастырмайды бір қадам,

Кедей қырсық, алып жатқан қылтадан».

Деумен өтіп бар ғұмыры, саналы,

Алға тартқан жақсылықты, жаңаны.

Сұм заманда сұқсыр жеңген сұңқарды,

Торға түсті, болмай айла-амалы.

Алты Алашты шапағатқа бөлеген,

Күн болдың, сен, нұрын шашқан төбеден.

Қуан, Аха, ауна қайсар аруақ,

Ұрпағыңа ұран болды өнегең.

Сен  –  Заңғарсың. Ұлысың да ірісің,

Мәңгі бақи Алашыңның пірісің.

Жүз елуге келсең-дағы өшпейтін,

Ізің барда  –  мәңгі жассың, тірісің!».

Нұрлан Байжумин, Күршім аудандық сотының төрағасы  

Осы айдарда

Back to top button