Қоғам

Қазақтай мейірімді халық жоқ, – дейді күршімдік зейнеткер.

Қазақтай мейірімді халық жоқ, - дейді күршімдік зейнеткер.


Халқымыздың басынан не түрлі аласапырандар өтті ғой. Қазан төңкерісі, күштеп ұжымдастыру, тігерге тұяқ қоймай сыпырып алған кәмпеске дейсің бе, әйтеуір, жиырмасыншы ғасыр басталғалы төнген алуан түрлі қияметтің қазақ жұртын тоз- тоз еткені рас. Одан соңғы қаншама арысымызды жалмаған саяси қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыстың халықты одан бетер сансыратқанын бәріміз білеміз.

Ойлап тұрсақ, осы нәубет пен зұлматтардың барлығында бізден де бетер қорлық көріп, атамекендерінен айырылған, зорлап көшірілген көптеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері әдейілеп Қазақстанға жөнелтілген екен. Нәубетке ұшырағандардың басым көпшілігінің тікелей өлімге аттандырылғаны шындық болатын, олар тек қазақ халқының өзі аш болса да, соңғы дәнін қонағына ұсынатын мейірбан ақпейілдігінің арқасында аман қалғандарын атап айтудан жаңылған емес. Ал «тың игеру» деген желеумен топырлаған қалың келімсектің жөні бір басқа.

Күршім ауылының байырғы тұрғыны зейнеткер Н.Хижниченко да осы ақиқатты қайталап айтумен келе жатыр. Кіммен сөйлессе де, бүкіл саналы ғұмыры қазақ жұртының арасында өткен төрт баланың анасы Наталья біздің елге деген шынайы пейілін паш етіп отырудан жаңылған емес. Онысы әншейін көңіл үшін айтылған шығарып, салма сөз емес екендігін тілдескен жанның қай-қайсысы да айқын аңғарып отырады.

– Менің әкем Михаил Скорняков пен анам Татьяна Молодцова, – Ақмола облысында болып, тың игеру науқанына белсене қатысқан жандар, – деп сыр бөліседі Наталья. Екеуінің де еңбектері бағаланып, сол науқанға байланысты медальдармен марапатталған. Әкемнің шыққан жері сонау Ресейдің Вятка губерниясындағы Слудки деген ауыл екен. Анам болса, мына іргедегі Черняевка (қазіргі Қалжыр) ауылынан. Екеуі Семейдің гидромелиорация техникумында оқып жүргенде танысыпты. Соңынан жолдамамен Зайсанға жіберілген олар өз ынталарымен Бұқтырма су-электр стансасын салуға да атсалысыпты. Әкем кейіннен Омбының политехникалық институтын тәмамдады. Ал біздің отбасы Күршімге көшіп келгенде, мен 5 жаста екенмін. Осында мектеп есігін ашып, 1974 жылы №3 Күршім орта мектебін бітірдім.

Наталья Михайловна сол жылы өзінің Новосібір қаласындағы электртехникалық институтқа оқуға түскенін әңгімелейді. Екі жыл оқыған соң, шалғайда жүре бергісі келмей, оқудан шығып кетіпті. Күршімге келгенде, елгезек те білімді қызды аудандық газеттің сол кездегі редакторы М.Жақыпов жұмысқа шақырады. Басында хатшы болып кірген Наталья соңынан «Коммунистический труд» газетіне тілші болып орналасады. Өзін сауатты да талапты журналист ретінде көпке таныта білген жас қыз келесі жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түседі.

Сол 1976 жылдан белгілі журналист Наталья Хижниченконың 40 жылға созылған еңбек жолы басталған екен. Редакцияда еңбек еткен жылдарын Наталья сондай бір қанағатты да сағынышты сезіммен еске алып, бірге жұмыс істеген әріптестеріне деген ықыласын жасырмай ортаға салады.

-Бірен-саран орыстар болмаса, мен, негізінен, қазақтармен жұмыс істедім ғой, – дейді ол. – Сол әріптестерімнің ешқайсысы маған «сен өзге ұлтсың» деп кеудемнан итеріп, шетке қағып көрген жоқ. Барлығы бірдей туғанымдай болып, қатар жүрдік, сыйласа еңбек еттік. Қаншама халықтардың өкілдерімен жолығып жүргенде айтарым: қазақтай мейірімді де қайырымды халық жоқ. Біздің еліміздегі бейбіт өмірдің, тату тірліктің барлығы осы қазақ халқының кең де сабырлы мінезінің арқасында мүмкін болып отыр. Алдағы уақытта да сол татулықтан, береке мен бірліктен айырмасын!

Біз Натальяның бұл сөздерін ақ ниеті мен риясыз пейілі деп түсіндік. Түсіндік те, оның осы ойына шынымен тілектес екенімізді білдірдік.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button