Қоғам

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЭНЕРГЕТИК – ИНЖЕНЕР

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЭНЕРГЕТИК – ИНЖЕНЕР

Биыл маусымның 19-ы күні Бұқтырма Суэлектрстанциясы плотинасының құрылысына алғаш бетон құйылғанына 60 жыл толады. Осы тарихи оқиғаға байланысты Серебрянск қаласындағы мұражайда Михаил Инюшиннің жалғыз фотосуретінен басқа ештеңе жоқ. Ал сол құрылысқа белсене атсалысушылардың бірі, қазақтан шыққан тұңғыш энергетик-инженер Рақымбек Мәлікұлы Сабатаев туралы бірде-бір мәлімет жоқ.

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЭНЕРГЕТИК – ИНЖЕНЕР

30-40 жылдары қарт Ертістің бойында тұңғыш қазақ ГЭС-і (гидроэлектрстанциясы) дүниеге келді. Осылайша қазақ жерінде электр жарығы сәулесін шашты. Бұл сол кезде Қазақ елі үшін «ақ түйенің қарыны жарылған» соңғы жаңалық еді. Әрине, бұл іргелі құрылыс оңайлықпен салынған жоқ. Барлығы да қарамағындағы ұлттық республикаларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Мәскеудің тікелей нұсқауымен шешіліп жатты. Мамандардың көбі (тіпті бәрі десе де болады) сырт өлкеден әкелінді. Дегенмен, гидростанцияның алып құрылысын салып, оған басшылық жасаған адамдардың бірі қазақтың қара домалақ баласы екендігін мақтанышпен айтуға болады.

Рақымбек Сабатаев есімі сол жылдары қазақ аспанында қалықтады. Қазір де көзін көргендер ол кісіні жылы сезіммен естеріне алады. Қазақтан шыққан тұңғыш энергетик-инженер ретінде тарихта аты қалды. Биыл өз заманының білікті инженері Рақымбек Сабатаевтың туғанына 112 жыл толады. Көкшетаудың Биіктесін деген шағын ауылында дүниеге келген Рақымбек ағамыздың есімі көп жылдар бойы ескерусіз қалып, ел аузына алынбады. «Ағылшын тыңшысы» деген жалған жала оның еңсесін төмендетіп, өмірінің құсалықта өтуіне әкеліп соқты.

ОМБЫДА ОҚЫП, САЯСИ САНА БЕКІТКЕН

Рақымбек ағаны көзі көрген замандастары көп естеліктер қалдырды. Білім іздеп Ресей шаһарларын шарлағаны жайында да айтылады. Алғашқыда туған ауылында молдадан дәріс алып, хат танитын дәрежеге жеткен көзі ашық, көкірегі ояу жас жігіттің алғашқы табан тіреген жері – Омбы қаласы. Омбыда жұмысшы факультетін тәмамдаған ол қазақтың қаншама зиялы қауымымен де осы жерде танысып, дәмдес-тұздас болады. Білімін ұштап, саяси санасын бекіткесін туған жеріне қайтып оралады. Бұл кезде қызыл мен ақтың қырқысы қызып, елдің тынышын алған дүрбелең де басылмай тұрған-ды. Сөйтіп, еліне келе сала қызыл үкіметті құру ісіне белсене атсалысады.

Әйгілі көкшетаулық революционер Әбілқайыр Досовпен бірге Көкшетауда бас көтеріп, елге ылаң салған ақ гвардияшыларға қарсы күреске қатысып, 1921 жылға дейін Көкшетау уезінде ақ бандының қалдықтарын құртуға, кейінірек Ақмола, Атбасар және Қарағанды өңірлерінде бас көтерген ақ казактармен де аянбай күрес жүргізеді. Ақтардың екпіні басылып, қызылдар қарқын ала бастағанда ел ішінде сауаттандыру науқаны да бастау алады. Туған халқына өз үлесін қосу үшін біліммен шымырлану да керек болды. Қара теңіз бойындағы Одесса қаласына сапар шеккендегі мақсаты да осы еді. Барған бетте жолы болып осындағы жоғары медицина институтына «Әскери дәрігер» мамандығы бойынша оқуға қабылданады. Бірақ, мұнда көп тұрақтай алмады. Өлі адамның денесін тілгілеп, операциялар жасау жанына жат болып көрінгесін, ол оқудан қол үзуге тура келеді. Көп ұзамай Ленинградтың политехникалық институтын таңдап «Көпірлер құрылысы» мамандығы бойынша студент болып қабылданады.
Негізі, ұлы адамдардың дені шағын ғана ауылдардан қанат қақпай ма. Биіктесіннен ұшып шыққан Рақымбек ағаның көргені мен түйгені көп болатын. Бірнеше шет тілін де меңгерген. Ленинградтағы студенттік өмірінде орыстың классик жазушыларының еңбектерімен ғана танысып қоймай, батыс қаламгерлерінің өміріне де шолу жасайды. Тарихты да терең білген сұңғыла жан еді.

Сол жылдары Қазақстанның төбесінде қара бұлт торлап, голощекиндік геноцид бейкүнә халықты ашаршылыққа ұшыратты. Бұл ашаршылық оқиғалары Рақымбектің де жүрегін жараламай қоймады. Сырт елде жүрсе де, туған жеріндегі сұмдық жағдай жанына қатты батты. Амал не, қолдан келер қауқар жоқ. Туған халқының жан азабына ара түсе алмағанына қатты налиды. Талай есікті ашып, талай табалдырықты да тоздырады. Ақыры, «Еліме қандай көмек берсем» деген талпынысы өзіне таяқ болып тиіп, бір күні НКВД-ның жендеттері Рақымбекті тұтқынға алып, темір торға қамап тастайды. Содан жарты жыл бойы тар қапастың зарын тартып, әйтеуір еті тірілігінің арқасында және қол ұшын созған абзал адамдардың көмегімен түрмеден босап, оқуын қайта жалғастырады.

ПАРТБИЛЕТТІ ЛАҚТЫРЫП, ЖИЫННАН ШЫҒЫП КЕТІПТІ

Р.Сабатаев Ленинградтың политехникалық институтын аяқтаған жылдары елімізде жаппай электрлендіру науқаны басталған. Оқу озаты атанған Рақымбекті Ленинградтың іргесіндегі Кашир ГРЭС-ін салу құрылысына жібереді. Міне, осы жерде ол өмір мектебінен өтеді. ГРЭС-ті салуға қажетті құрал-жабдықтар шетелден тасылды. Жұмыс істеген мамандардың көбі ағылшындар еді. Рақаңның ағылшын тілін меңгеруі шетелдіктермен қарым-қатынасы мен достығын нығайта түседі.

– Әкем шетелдіктермен де тез тіл табысып кететін еді, – дейді қызы Файна бір сұхбатында. Бірақ, күндердің күнінде бұл білімінің өз басына пәле боп жабысатындығын ол білмеген еді. «Ағылшын тыңшысы» деген жалған жала өмір бойы қыр соңынан қалмады.

Ресейде терең білім алған Рақаң туған жеріне оралып, ендігі жерде бар күш-жігерін өз еліне арнауды мақсат тұтады. Риддер қаласына келіп Қазақстандағы тұңғыш гидроэлектр станциясы саналатын Үлбі ГЭС-ін салуға жетекшілік етеді. 1937 жылдың ақпан айында Үлбі ГЭС-і пайдалануға беріледі. Үлбіден кейін Алматы каскады кезекте тұрған болатын. Р.Сабатаевтың энергетик-инженер ретіндегі өнері мен білімі осында анық байқалады.
Қарап отырсақ, Рақымбек ағаның бар саналы ғұмыры Ертіс өзенінде салынған алып құрылыстарда өтіпті. 1951 жылы Алматы ГЭС-інің директорлық қызметінен ауыстырылып, Өскемен ГЭС-ін салуға Шығысқа қайтып келеді. Көп ұзамай әйгілі Бұқтырма ГЭС-інің құрылысы да басталады. Бұл өзі бүкіл Одақты таңғалдырған, сол кездегі аса ірі құрылыстардың бірі болатын. Әрине, қазақтың қашанда қолы қысқа. Ол кездегі кез келген ірілі-ұсақты құрылыс нысандарының барлығы тікелей Кремльдің шешімімен, бұйрығымен жүзеге асырылатын. Осыған дейін бірнеше гидроэлектр станциясының құрылысында жақсы қырынан танылған қазақ инженері, құрылысы жағынан сол кездегі Қазақстанда теңдесі жоқ Бұқтырма ГЭС-іне бар білім-білігі мен жиған тәжірибесін салды.

АЗАМАТТЫҢ ЕҢБЕГІН АЛАЛАҒАН КРЕМЛЬ

1968 жылы толық іске қосылған Бұқтырма ГЭС-інің құрылыс бастығы Михаил Инюшин болса, Рақымбек Сабатаев сол құрылыстың аға механигі әрі аға энергетигі болып жауапты қызмет атқарды.

Иә, қоғамның қай саласында болмасын еселі еңбек етіп жүрген қазақтың шоқтығы биік осындай азаматтары көп. Олар қаншалықты білімді де, іскер болса да ұлттық кадрлардың бағы байланып көлеңкеде қалып қойып отырды. Солардың бірі Рақымбек ағамыз еді. М.Инюшинге Социалистік Еңбек Ері атағын бергенде, Р.Сабатаевқа да сондай құрмет көрсетіліп, дәл сондай атақ берілуі керек еді. Олар өйтпеді. Күндіз-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, М.Инюшиннен артық еңбек етпесе, кем еңбектенбеген қазақтың тұңғыш энергетик-инженер ұлына тек Еңбек Қызыл Ту орденін беріп қана шектелді. Қайсыбірін айтайық, «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесіннің» кебін киген заманда орталықтан келген келімсектердің айы оңынан туып, атақ та, даңқ та солардың еншісіне тиді.
Гидроэлектр станцияларын салудың білгір маманы Р.Сабатаев сияқтылар бірде «ағылшын тыңшысы», енді бірде «ашаршылық жылдары саяси қателесті» деген әділетсіз жаланы арқалап, мансаптың биік орындарына маңайлай алмай, өмірлері өкінішпен өтті. Кейінгі жылдары Р.Сабатаев Қазақстан Энергетика министрі қызметіне бірнеше рет ұсынылды. Алайда, мұндай іргелі саланы басқару, кадр тағайындау, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» Мәскеудің тарапынан шешілгендіктен, жергілікті ұлт өкілдері тізімнен сызылып тасталып отырды. «Сабатаев Кашир ГРЭС-ін салған кезінде ағылшындармен ымыралас болыпты-мыс» деген желеу бұл жолы да алдынан шықты.
Соғыс аяқталған соң Алматы ГЭС-і салынды. Оның директоры болып Рақымбек Сабатаев тағайындалды. Қазақстанның энергетика саласын алға жылжуына сүбелі үлес қосқан Сабатаевты министрлік қызметке маңайлатпай, «ісін» партия бюроларына салды. Сондай бір жиында одан әрі бұған төзбеген Сабатаев партия билетін лақтырып тастап, жиыннан шығып кетеді. Ол үшін әрине, тиісті жазасын алды да. Әділетсіз қоғамнан жүрегі әбден шайлыққан азамат Ертіс бойына қайтып оралады. Оның осыдан кейінгі бар өмірі осы Ертіс өңірінде өтті. Осында түтін түтетіп, шаңырақ құрды. Файна, Райса деген екі қызы дүниеге келді. Қазір Файнасы қайтыс болған. Ал Райсасы Ресейдің Ростов на Дону қаласында тұрады.

Ең бастысы, қазақтың осы бір абзал ұлына қанша күйе жағылса да, Қазақстандағы гидроэлектр станцияларының тарихы оның атымен тығыз байланысты екенін ешкім жоққа шағармайды. Өйткені Ертіс бойына салынған Бұқтырма ГРЭС-і бүкіл Сібір өлкесіндегі арыны мол өзендерге осындай станциялар салуға жол ашқан тұңғыш жаңалық еді. Рақымбек ағамызды талай жыл қол астында істеген Тоқтар Слямов пен Николай Шматов марқұмдар жиі еске алатын. Қазіргі көзкөргендерден тірі жүрген Мая Машинская мен Нина Терентьева және бірен-саран басқалар естеріне алып әңгіме етеді.
«Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген. Рақымбек Сабатаев ағамызға Қазақстанның Еңбек Ері атағын берсе де әлі де кеш емес деген ойдамын.

Еркінтөлеу Биғозинов

Серебрянка қаласы.

Осы айдарда

Back to top button