Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру
Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ төрағалық етуімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясы өтті.
Сессия жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар, діни конфессиялар, дипломатиялық миссиялардың басшылары қатысты.
Келелі жиын елдегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің басын біріктіруші ұйым – Ассамблеяның қазіргі қызметін саралап, алдағы мақсат-міндеттерді айқындап берді. «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жа-ңару». Биыл он тоғызыншы рет шымылдығын түрген Қазақстан халқы Ассамблеясының жиыны осы тақырыпқа арналды. Тонның ішкі бауындай бір-бірінен ажырамастай біте қайнасып жатқан бұл үш ұғымның Ассамблея тақырыбына таңдап алынуы да тегін емес.
Мемлекет басшысы өз баяндамасында тұрақтылық, бірлік, жаңғыру – қазақстандық қоғамның негізгі құндылықтары деп атап көрсетті.
Біздің қоғамымыздың басты құндылығы – қазақстандықтардың бірлігі болып табылады. Бұл – Қазақстанның алға қадам басуының баға жетпес кепілі.
Жаңғыруды Қазақстан Президенті жаһандық дамудың императиві ретінде атады. Бүгінде әлемде экономиканың дамуы, адамдардың өмір сүру деңгейі жақсаруы үшін адамзат алдына таңғажайып мүмкіндіктер ашатын технологиялық революция пісіп жетілуде. Барша қазақстандықтарға индустриялық-инновациялық даму, әлеуметтік жаңғыру, өңірлік және жаһандық ықпалдастықтың тарихи тағдыршешті міндеттерін түсіну маңызды.
– Бүгінде кез келген қазақстандық ұлттық немесе діни ұстанымына қарамастан өз елінің тең құқылы азаматы саналады. Қазақ халқы мен мемлекеттік тіл – дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамды біріктіруші ядро ретінде ықпал ететін болады. Бұл үдеріс объективті түрде жүргізілуде. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының 70 пайызы қазақ тілінде жарық көреді. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқып жатқан оқушылардың саны 63 пайызды құрайды. Біз 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруіне қол жеткізу міндетін қойдық. Мен тіл туралы мәселе саясат мәселесі емес екенін бірнеше рет айттым. Конституцияның және тиісті заңдардың қабылдануымен саяси шешім әлдеқашан қабылданған. Тіл туралы мәселе саяси саудагерлік құралы бола алмайды, – деп атап өтті Елбасы.
– Қазақстандағы ұлттық татулық пен бірліктің нығаюында Ассамблеяның орны ерекше. Еліміздің экономикалық дамуы, өсіп-өркендеуі – ең алдымен, елдегі ынтымақтың жемісі. Біздің Ассамблея – Елбасымыз ойлап тапқан, еш жерде кездеспейтін өзіндік ерекше ұйым. Біздің табысымыз халық бірлігін сақтап қалғанның арқасында мүмкін болды. Бізде ғасырлар бойы қалыптасқан ұлтаралық достық бар, өзге ұлттарға сыйластық, өзге мәдениетке құрмет бар. Ортақ шаңырақ астында келісім мен бейбітшілік бола берсін деп тілеймін!, – деді Ассамблея сессиясында сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысы орыс мәдени орталығының жетекшісі Сергей Погодин.
Чехия білім дамыту халықаралық қауымдастығының президенті Лара Шейко Қазақстанда адам дамуы үшін барлық жағдай жасалғанын, адамға, оның болашағына көңіл бөлінгенін атап көрсетті.
– Қазақстанның 20 жыл ішіндегі тәжірибесі орасан зор. Әлем Сіздердің елдеріңіздің даму қарқынына қызығушылықпен қарайды. Мен Білім дамыту халықаралық қауымдастығын басқарамын. Білім толеранттық танымды қалыптастыруға тікелей байланысты. Жаңа қазақстандық білімнің, озық инновациялық ойлаудың символы «Назарбаев университеті» болып отыр. Бүгінде бұл жайында Қазақстаннан тыс жерлерде, соның ішінде Еуропада көптен бері біледі. Таяу болашақта Чехия, Франция, Германия және өзге де елдердің студенттері осындай тамаша жоғары оқу орнында оқуды абырой санайтынына сенемін, – деді ол.
– Бізге Ассамблеяның өңірлердегі жұмысын сапалық тұрғыда күшейту қажет. Өздеріңіз білесіздер, Мәжілісте Ассамблея бейбітшілік, қоғамдық және этносаралық келісім мәселелері бойынша партияаралық ынтымақтастықтың депутаттық тобы құрылды. Іс жүзінде бұл түрлі партиялар депутаттарының өзара іс-қимылының жаңа тетігі. Бұл тәжірибені облыстық мәслихаттар деңгейінде де тарату қажет. Облыс әкімдері хатшылық меңгерушілерінің сапалық құрамына назар аударуы тиіс. Оларда тәжірибелі және беделді кадрлар жұмыс істеуі керек, – деді Ұлт Көшбасшысы.
Елбасы жиналғандар назарын ҚХА құ-рылымының облыстардың ресми деңгейінде шектеліп қалмауы тиіс екендігіне аударды. Сондықтан оның өңірлік филиалдары жұмысының тиімділігі үшін облыс әкімдері дербес жауап беруі тиіс.
Белгіленген барлық көзқарастарды ескере отырып, Ассамблеяны 2020 жылға дейін дамытудың стратегиясын қабылдау тапсырылды.
Жастар саясаты мәселесі де назардан тыс қалмады. Жастардың сапалы білім алуы, жұмыспен қамтылуы, баспаналы болуы мақсатында елде бірқатар бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Елбасы жастармен жұмыс анық әрі әділетті іске асырылуы тиіс екендігін қадап айтты. Әркім мемлекет игілігін еңбегіне қарай алуы қажет. Үкіметке 2020 жылға дейінгі жастар саясаты тұжырымдамасының жобасын әзірлеу, жастар ісі жөніндегі департамент құру жүктелді. Жастар ісі жөніндегі аймақтық кеңестерге облыс әкімдері тікелей жетекшілік етуі тиіс.
Ассамблеяға Шығыс Қазақстаннан барған делегация мүшелерінің саны өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда көп болғанын да атап өткен орынды. Өйткені, жиырма жыл бұрын Шығыста Елбасымыздың ұлттық бірлестіктер құру идеясы бастау алған-ды. Бүгін де аймақтағы этностық орталықтар белсенді қызмет етуде.
Өңірімізден барған Семей қаласындағы орыс әлеуметтік-мәдени орталығының төрағасы Михаил Панин Елбасымыздың Семей полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту туралы шешімінің маңызы зор болғанын ерекше атап өтті.
Сессия делегаттары ел азаматтарына Үндеу қабылдап, Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілген міндеттерді қолдауға шақырды.
– Мен Ассамблея сессиясына осымен бесінші рет қатысып отырмын, – дейді Мәжіліс депутаты Светлана Ферхо. – Еліміздегі татулық пен, бірліктің нығайып келе жатқаны қатты қуантады. Түрлі ұлт пен ұлыстың өкілі осы бейбітшіліктің арқасында болашаққа сеніммен қарап отыр. Ассамблея тиімді жұмыс істеуде, оны құра оты-рып, Елбасымыздың дұрыс таңдау жасағанына бүгін анық көз жеткізіп жүрміз.
Сессия соңында Қазақстан Президенті ұлттық бірлікті нығайтуға, мәдениетаралық диалог пен қазақстандық патриотизмді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Ассамблеяның бірқатар мүшелерін «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бiрлiк» алтын медалiмен» марапаттады. Олардың ішінде жерлесіміз Михаил Панин де бар.
Өскемен – Астана – Өскемен