Президент тапсырмасы

Қазақстандық тауардың сапасына көңіл бөлінбей келеді

Биылғы 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Үкімет жұмысын қатты сынға алған болатын. Сол жиында Елбасы бюджеттік қаражатты толық әрі мақсатты түрде игеру маңызды екенін ерекше атап көрсеткен. Алдын ала жасалған болжам бойынша, игерілмей қалған қаржының мөлшері шамамен 150 млрд. теңгені құрамақ.

Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы аталмыш қаражат олқылықтардың орнын жоюға емес, бірінші кезекте қаржыландыруды аса қажет ететін мақсаттарға жұмсалуы тиіс екенін қадап тұрып айтқан. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл қаржыны бюджеттің дефицитін қысқартуға бағыттауға немесе Ұлттық қорға тапсыруға болатынын да ескерткен.
Қазақстандық  тауардың  сапасына көңіл бөлінбей келеді
Президенттің айтуынша, көп жағдайда сыртай қарағанда бірдей құрылыс нысандарына әртүрлі, бір-бірімен еш салыстыруға келмейтін мөлшердегі қаражат жұмсалып жатады. Мәжілісте белгілі болғандай, Ақмола облысында салынған 1200 орындық мектептің жалпы құны осы өңірдегі тағы бір 900 орынға арналған мектептікінен 219 млн. теңгеге арзан болып шығыпты. Сол сияқты, Ақтөбе қаласында бір жыл ішінде салынған бір типтес екі мектептің құнындағы айырмашылық 130 млн. теңгені құраған. Ал Атырау облысындағы ұқсас екі аурухананың құрылысына жұмсалған қаражаттағы өзгешелік 400 млн. теңгеден асып кеткен.

– Бақылау органдары мұндайға қалай жол беріп отыр? Мен осымен бірнеше рет тек қана типтік мектептер мен ауруханалар салу қажет деп тапсырма берген едім. Сол тапсырма неге орындалмай келеді? – деп сын айтты Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Үкіметке қарата.

Өз кезегінде ел үкіметі бізге пайдасы аз зауыттар салу мен бәсекеге қабілетсіз отандық өнім шығарудың қаншалықты қажеті бар деген сұраққа әлі де нақты жауап бере алмай келеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Светлана Романовская да айтты.

– Қазір салынып жатқан зауыт көп. Ал осындай бір зауыттың құрылысына қаншалықты мол қаражат жұмсалатынын білесіздер ме? Біз осындай сұрақтарды Үкіметке әрдайым қойып келеміз. Қандай ұйымдастыру құрылымы туралы мәселелер шешіліп, кадрлық ауыс-түйістер болғаны туралы ақпарат беруді сұраймыз. Алайда, әлі күнге дейін бір нақты жауап алған жоқпыз. Демек, салынып жатқан зауыттың мақсаты қандай болатынын, одан пайда көреміз бе, жоқ па, соны білмейміз, – деді ол.
Депутаттың сөзіне қарағанда, қазақстандық өнімге деген сұраныстың біздің елде ғана емес, шетелде де болуына қол жеткізуіміз қажет.

– Менің ойымша, еліміздегі зауыттарда шығарылатын кез келген тауар Қазақстаннан бөлек, көршілес елдерде де өз тұтынушысын табуы шарт. Әйтпегенде, егер кәсіпкерлеріміз бәсекеге қабілетті бола алмаса, бізге Кедендік одақтың пайдасы қанша? Және олардың дәл қазір ұсына қояр бәлендей тауарлары да жоқ, – деді С.Романовская.

Электрондық БАҚ материалдары бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button