Қазақстанға қажетті тұқымның тең жартысымен қамтымақ

Елбасының таяудағы Жолдауында ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру керектігі айтылған. Ауылдағыларға табысты арттырып, тапқаныңды үнемдететін тың тәжірибе, озық үлгіні көзбен көрсетіп, көңілге түйгізетін, үйрете алатын шаруашылықтар шетелде немесе өзге жақта емес, өзіміздің аймақта да баршылық.
Өскеменнің маңындағы «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің қызметкері Ольга Гаврилова аймақтағы алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналып отырған өз кешендерінің жұмысынан ауыл кәсіпкерлерінің үйренері де алары да көп дейді.
«Ауыл» партиясының облыстық филиалы өкілдері өткізген аймақтың ауыл шаруашылығын дамытудағы озық технологиялардың, жаңа техниканың маңызы жайлы семинар-кеңесте «Агро Бизнес» агрохолдингінің құрамындағы «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің жетістіктерін егіншілік пен мал шаруашылығын өркендетуге үлгі, бағыт -бағдар етіп алу артық етпейтіндігі айтылды.
Жері байтақ, әрі бай Қазақстан бүгінде астықтан басқа азық-түлік өнімдері түрлерінің бәрін дерлік шетелден алып келеді. Есе қайтарып, экспорттап жатқан ауыл шаруашылығы өнімдеріміз жоқтың қасында. Жоқтың орнын толтыру үшін Президент Жолдауында экспортты ең болмағанда 2,5 есеге ұлғайту міндеті қойылған.
-Экспорттау үшін, шаруашылықтың табысты жұмыс істеуі үшін, еңбек өнімділігін арттырып, шаруаны жаңаша ұйымдастыра білу керектігі бүгінгі өмірдің талабы, – дейді «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің өкілі Ольга Гаврилова. – Елге танымал бизнесмен Фарид Абитаев басшылық ететін холдинг құрамындағы біздің ұжымда әр маман өзінің жұмысын жақсы біледі, шаруаны жүргізуге деген фермерлік көзқарас қалыптасқан. Агрохолдингтің білікті басшысының ізденімпаздығы, іскерлігі арқасында егін, мал шаруашылығына жаңа технологиялар енгізіліп, соның нәтижесінде шаруашылық өркендеп, еңбеккерлердің табысы артып, тұрмысы жақсарып жатыр.
Қазір аталған шаруашылық күнбағыс, соя, астық тұқымы селекциясымен айналысып жатыр. Соңғы жылдары алынған жаңа сұрыптар мен гибридтер егін шаруашылығына енгізіліп те қойған. Осы шаруашылықта алынған күнбағыстың 11 сұрпы мен гибриді ауыл шаруашылығы дақылдарының мемлекеттік реестріне қосылып, пайдаланылып жатыр. Күнбағыстың «Астана», «Нарын» гибридтері де өнімділігінің жоғары екенін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта шаруашылық Қазақстанға қажетті 5000 тонна (жылына) күнбағыс тұқымының 2,5 мың тоннасын осында шығарылған өзіміздің жоғары сұрыпты отандық өніммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, қазіргі көлемі бір мың тонна көлемінде.
Семинар-кеңесте «Алтай таңы» ғылыми зерттеу орталығының аға қызметкері Элеонора Столярова, «Ауыл» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Камал Арнханов, басқа да тұлғалар аймақтың ауыл шаруашылығын дамытуда жаңа технологиялардың, жаңа техниканың алар орны жайлы әңгіме өрбітіп, ауыл шаруашылығының ауыр жұмысын жеңілдетіп, жетістікке жетудің жолдары мен тетіктерін қарастырды.
Жанаргүл Мұқатай