Қазақстан мен АҚШ-тың ғалымдары әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды

Курчатов қаласында «Ядролық және радиациялық физика» атты 10-ыншы халықаралық конференция өтті. Оған әлемнің 23 елінен ғалымдар қатысты. Жиынға қатысушыларға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен ҚР Энергетика министрі Владимир Школьниктің жолдаған құттықтаулары оқылды, онда әлемдегі ядро саласындағы ғалымдардың Курчатовта бас қосуы бейбіт атомды жаңа бағытта нығайтуға мүмкіндік туғызатындығы атап өтілген екен. Конференцияда жасалған баяндамаларда қазіргі уақытта әлем халықтарына болашақта ядролық энергетикаға сүйенулеріне тура келетіндіктері туралы кеңінен түсіндірілді.
Францияның атом энергиясы департаментіндегі инновациялық және өнеркәсіп басқармасының жетекшісі Сильвестр Пивенің айтуынша, Францияда электр энергиясының 75 пайызын ядролық реакторлардан, ал 20 пайызын түрлі энергия көздерінен алады. Алда тұрған міндеттердің бірі – Франциядағы ескі реакторларды заманауи технологиядағы реакторларға ауыстыру.
АҚШ-тың да негізгі энергия көзі атом саласында деп атап айтты осы елдің өкілі Александр Станкулеску. Сондықтан да АҚШ өздеріндегі реакторларды 2050 жылы толық жүйелейтін болмақ. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбековтың мәлімдеуінше, елімізде алдағы уақытта реакторлардың күш-қуатына қарай алғашқы атом станциясының құрылысы басталмақ. Сонымен қатар осы халықаралық конференция аясында АҚШ-тың энергетика департаментіне Айдахо ұлттық зертханасы мен Курчатовтағы ҰЯО басшылығы әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.
– Қазақстанның шет елдермен атом энергетикасы саласындағы қарым-қатынасы жыл сайын кеңейіп келеді,-деді Эрлан Батырбеков, – біздің Ұлттық ядролық орталықтың ғалымдары 20 жыл бойы Жапонияның түрлі ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Ресей федерациясымен бірлескен ұзақ жылдарға арналған жобаларымыз бар. Енді міне, бұл салада Францияның атом энергетикасы бойынша француз комиссариатымен бірлескен жобаларды бастаймыз. Біз ҰЯО жаңа ғасырдың, яғни өте жаңа технологиялы реактордың құрылысы бойынша Бельгиямен бірлесіп жұмыстар атқарудамыз. Ал бүгінгі АҚШ-тың Айдахо зертханасымен бекіткен меморандум атомды бейбіт мақсатқа қолдануға негіз береді.
Конференция барысында «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан атом саласының үздік қызметкері Сұлтан Картоев Германияның Берлин қаласының Орталық кітапханасының баспаханасында жарық көрген Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Асхат Жұмабековтың атом саласы бағытында жазылған кітабын Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры, ғалым Эрлан Батырбековке және шетелдік ғалымдарға тарту етті. Кітапта Семей ядролық сынақ полигонын жабудағы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ еңбегі, Қазақстандағы бейбіт атомды дамыту, халық денсаулығы, медицина саласындағы соңғы жетістіктер туралы жазылған. Конференцияға әлемнің әр түкпірінен, атап айтқанда 20 елден өкілдер келді, мәселен, АҚШ, Франция, Жапония, Бельгия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қытай, Беларусь, Ресей, Бельгия және Чехия елінің ғалымдары Қазақстандағы бейбіт атом саласының ерекше дамып келе жатқандығын қолдайтындықтарын жеткізді.
Раушан Нұғманбекова
Семей.