Қоғам

Қазақстан Кубогінде бес медаль еншіледі

Қазақстан Кубогінде бес медаль еншіледі

Желтоқсанның 5-8 аралығында Қызылорда қаласында ерлер мен әйелдер арасында ауыр атлетикадан Қазақстан Кубогі өтті. Әйгілі зілтемірші, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильиннің туған жерінде ұйымдастырылған жарысқа біздің облыстың құрама командасы қатысып, бес медаль еншіледі.
Оның екеуін әйелдер, үшеуін ерлер еншіледі. Алдымен әйелдер арасындағы бәсекеде 48 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Елизавета Белоусова қос сайыстың нәтижесінде 112 (47+65) келіні бағындырып, қола жүлдегер атанды. Бұдан кейінгі қоржынымызға түскен күміс медальдің иесі 58 келіге дейінгісалмақтағы әйелдер арасында бақ сынаған Лидия Ануфриева болды. Оның көрсеткіші 155 (70+85) келі.
Нәзік жанды ауыр атлеттеріміздің жеңісті жолын ерлер жалғастырды. 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сайысқа түскен Владимир Кузнецов жиыны – қоссайыстың қорытындысы бойынша 333 келіні тік көтеріп, қола медальға қол жеткізді.
Сонымен қатар, 94 келіге дейінгі салмақта Ринат Қалиақперов күміспен күптелсе, 105 келіге дейінгі алыптар арасындағы бәсекеде Иван Голушко қола жүлдені қанағат тұтты. Сөйтіп, ең басты жүлде – алтын медальді иелене алмаса да, облыс спортшылары әртүрлі дәрежедегі бес бірдей медальмен жақсы нәтиже көрсетті.
Жылдағы дәстүр бойынша 105 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған спортшыға 150 мың теңгенің сертификаты мен төрт дүркін Әлем, екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин атындағы кубок табыс етілді. Бұл бәсекеде Максим Лактионов (Қарағанды облысы) Кубок пен сертификаттың иегері атанды.
Кубок қорытындысы бойынша Қызылорда облысының ерлер командасы 188 ұпаймен топ жарса, алматылық ауыр атлеттер 186 ұпаймен екінші орыннан көрінді. Ал 161 ұпай жинаған Шығыс Қазақстан облысы үшінші орынды еншіледі.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button