Қоғам

«Қазақстан барысында» облыс намысын қорғайтын үш балуанның есімі белгілі болды

«Қазақстан барысында» облыс намысын қорғайтын үш балуанның есімі белгілі болды

Өскемендегі Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен «Қазақстан барысы-2015» жарысының аймақтық іріктеу сыны мәресіне жетті. Боз кілемге шыққан балуандар алдағы жазда Астана қаласында ел Президентінің жүлделері үшін өтетін бас турнирге берілетін жолдамаларды сарапқа салды.
Облыстық іріктеу жарысына Шығыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 22 спортшы қатысқанын айта кету керек. Өңіріміздің әр ауданы мен қаласы турнирге екі балуанын үкілеп қосуға мүмкіндік алды. Осы орайда айта кетер тағы бір маңызды жайт, биылғы «Қазақстан барысы» жарысында біздің облыстың атынан бұрынғыдай екеу емес, бірден үш балуан қатысатын болады. Мұның себебі – өткен жылғы турнирдің жеңімпазы, жерлесіміз Мұхит Тұрсынов Шығыс Қазақстан құрама командасының сапына еш іріктеусіз алынған.
– Жарыс пен оған қатысушылардың деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселен, бүгінгі бәсекеге іріктелген балуандардың салмақтары әртүрлі болғанымен, боз кілемдегі белдесулер аса тартысты, тең дәрежеде өтті. Жігіттердің шеберліктері айтарлықтай шыңдалғаны көрініп тұр, – дейді елордаға аттанатын балуандарды бастап баратын Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шыңғыс Тұрсынов.
Ал енді іріктеу сынының қорытындысына келсек, турнир жеңімпазы болып қазақ күресінен әлемнің үш дүркін чемпионы, «Қазақстан барысы-2015» додасының жеңімпазы Айбек Нұғымаров атанды. Ол ақтық белдесуде өскемендік Талғат Әміреновтен басым түсті. Дәл осы балуандар Мұхит Тұрсыновпен бірге Астанадағы шешуші турнирде облысымыздың намысын қорғайтын болады. Жарыстың үздік үштігін Семейден келген Әділ Оразбаев түйіндеді. Іріктеу сынының жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button