Руханият

Қазақша сөйлей білесіз бе?

Қазақша сөйлей білесіз бе?


Бұл сауалды қойғанда кейбіреулердің таңырқай қарап, енді біреулердің: «Неге білмеймін, мен қазақ емеспін бе?», – деп торсаңдап жататыны рас. «Көріп тұрсың ғой, қазақша ағып тұрғанымды», – деп кінә таға сөйлейтіндердің де аз болмайтынын сезесіздер. Дегенмен, балдыр-батпақ тілде ағып тұрғандардың көптігінен не пайда, бүгінде қазақша дұрыстап сөйлейтін жанның ілуде бір жолығатынын қайсымыз жоққа шығара аламыз?

Бейсенбі, деген пятница ма?

Бұрын орысша мүдірмей сөйлейтіндерге қызыға қарап, «шіркін-ай, не деген сауатты» деп таңырқайтын едік, бүгінгі таңда ана тілінде жатық сөйлейтін қазақ көрсек, еріксіз тамсанатындай күйге жеттік.

Кейбір қарадүрсін қазекеңдер ұғынбай отырған болар, «мынау не айтып тұр?» деп. Ендеше, сөздің ашығына көшейін. Бүгінгі қазақтың тілі – тіл емес, қойыртпақ. Ол тілде сөйлеп жүргеннің барлығы шешен емес, шешенді қойып, бүгінгі жұртты қазақша біледі деп айтуға батылыңның бармайтыны да рас. Басқаны қойып, аптаның жеті күнін қазақша айтатын қандасымызды сирек ұшырататынымыз бекер ме? Қазір кез келген қазақты тоқтатып: «Бүгін қай күн?», – деп сұраңызшы. «Среда емес пе?», немесе «воскресенье ғой» деп жүре бермесе, арғы қолыңызды бері әкеліңіз!

Мектепті қазақша бітірген, өмір бойы қазақ арасында тұратын бір жігіт ағасына: «Бейсенбі күні келіңіз», – дегенімде, әлгінің:

-Бейсенбі деген пятница ма? – деп бажырая қарағаны әлі көз алдымда.

Бүгінде қазекеңнің орысша білетіні де, шала-пұла ұғатыны да орысша ойлайды. Сол тілдің ықпалымен сөйлейді. Қазіргі кезде қазақтың, тіпті күллі мұсылманның дәстүрі, ырымы жайына қалған. Қазақ атаулы орыстың ырымын ұстанып, сол бағытта тілеу тілейді. «Орыстың крещениесі келді, енді ауа райы былай болады», «қызыл жұмыртқа ғой, содан суытып тұр», «спас келе жатыр, үсік жүретін шығар» дегенді қай-қайсымыз да жиі естіп жүреміз. Ал бұл табиғат құбылыстарының орыс атаулы жоқ кезде де қайталанып отырғанын, оларды қазақтың «от амалы», «құс амалы», «құралайдың салқыны» деп атап келгенін аузы дуалы деген қарияларымыздың өздері пайымдай бермейді.

Сонау жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары тіліміздің әжептәуір «күйлі» болғанын жақсы білеміз. Ол кезде халық кітапты көп оқитын, әр үй бес-алты мерзімдік басылымға жазылатын. Ал жазушы, ақын, композитор дегендерге қойылатын талап өте жоғары деңгейде еді. Бүкіл халықты таңғы алтыда оятып, түнгі он екіде жатқызып отыратын «радио» атты бірден-бір хабаршымыз болды, оған барып ән айту, жазғаныңды өткізу деген қияметтің қиыны болатын. Қазіргідей кез келгені өзі шығарған шатпағын жариялай алмайтын. Тыңдарман қауымға білікті мамандардың қатаң сынынан сүрінбей өткен шығармалар ғана ұсынылып отыратын. Әлгіндей нәрлі де мағыналы, сазды да әсем әуендерді жұрт бір дегеннен қағып алып, жатқа айтып жүретін. Ал сол кездегі жазушылар қандай еді? Ғабең мен Сәбең, Ғабиден мен Сафуан, Қабдеш пен Дулат, Ілияс пен Шерхан, Бердібек пен Оралхан сияқты ағаларымыздың әр сөзінен мәйегі тамған, жаныңды еріксіз баурайтын туындыларын бас алмай оқып, тілімізді соларға қарап түзейтін едік қой.
Қайран тіліміздің алқындысы ғана қалды

Ал қазір ше? Жазушылар қазір де көп. Ал сол әдемі мұқабамен, мол тиражбен шығып жатқан бүгінгі кітаптарды оқып көріңіз. Олардан жоғарыда сипатталған көркемдік пен ләззат атаулының тамтығын да таппай, ақыры жылы жауып қоюға мәжбүр боласың. Бүгінде кітап шығару оңай, ақшаң болса – бітті, қалалардағы аттаған сайын жолығатын жекеменшік баспаханалар «әкел жазғаныңды» деп, әлекедей жаланып тұр. Бірақ жазушылық, ақындық сияқты мыңнан біреуге қонатын ерекше қасиеттің әркімге жалынан сипата бермейтіні түсінікті, сол себепті, әлгі құжынаған баспалар бұрқыратып шығарып жатқан кітап атаулының тоқсан пайыздан астамын сол «қаламгерлердің» өздері ғана оқитынына бәс тіге аламын.

Сол тіліміздің біршама «күйлі» кезі деп аталған жетпісінші жылдары заманымыздың заңғар жазушысы, қазақ әдебиетінің көрнекті классигі Ғабит Мүсірепов:

-Қайран тіліміздің бүгінде алқындысы ғана қалды ғой, – деп өкініш білдірген екен. (Ұқпайтындар үшін ашалап айта кетейін, «алқынды» деген – сабынның жуыла-жуыла таусылуға айналған қалдығы). Ал қайран Ғабең тіліміздің бүгінгі халіне куә болса, жүрегінің талмасы ұстап, жығылып қалар ма еді, кім білсін…

Маңдайының соры бес елі қазақ тіліне қай дәуірде де бір сұрқылтайдың кез болып, кедергі жасап келе жатқаны шындық. Кеңес дәуірінде, кемелденген социализм кезеңінде жаппай орысша оқыту бел алып, қазақ тіліне қатердің қатты төнгені белгілі. «Қазақ мектептері дұрыс білім бере алмайды, онда оқыған баланың сауаты төмен болып қалады» деген желеумен бүлдіршіндеріміз тегіс орыс мектептеріне беріліп, қасиетті ана тіліміз тура мағынасында аяққа тапталды. Ұлттың жоқшысы болуға тиіс зиялы қауымымыздың өкілдері тегіс, сонымен бірге сәл мансапқа ие болған қазақ азаматтары «біз дәрежелі қауымбыз, сондықтан қазақша оқығандарың ұят болады» деп, балаларын түгелдей орысша оқытты. Үміт артқан көзі ашық, беделі жоғары «марқасқаларымыздың» өз ұлтына жасаған осы опасыздығы мен надандығының тілімізге найза болып тигені ақиқат. Оған қай жерде көрсең шу-шу етіп орысша сөйлесіп отыратын, өз тілін менсінбейтін санасы таяз «текті ағаларымыздың» тексіз ұрпақтары дәлел.

Бұларды үгіттегеннен пайда шамалы, менің жаныма өзіміздің ана тілімізде тәрбиеленіп, өз тілінде білім алған «таза» қазақтарымыздың өздерінің қазақша сөйлей алмайтыны батады. Тіпті ел басқарып отырған, үлкен қызметтегі азаматтарымыздың өздері теледидардан сөйлеген кезде ыңқылдап-күрсілдеп, орысша қосып, жаңылып, ес-ақылдары шығады. Мұның барлығы орыстың тіліне әбден беріліп, өз тілінде ойлаудан қалған тайыздықтың белгісі. Қазақтың бұл кемшілігін тіпті өзге ұлт өкілдерінің де сынап, жанашыр жан ретінде мәселе көтеріп жататыны шынында адам ұялатын жағдай. Алысқа бармай-ақ, кешегі өткен Герағаң – Герольд Бельгерді мысалға алайын. Немісше, орысша, қазақша – үш тілде бірдей сөйлеп, сауатты жаза білген осы бір дарқан қарияның естеліктерін өз көзіммен оқығанмын.

-Алматыда автобуста келе жатып, қазақ жастарының өзара сөйлескендерін естігенде күйініштен жылай жаздаймын, – деген болатын бір сөзінде Герағаң. – Орысша білмейтіні, ауылдан келгені көзге ұрып тұратын осы жастар бір-біріне: – Ей, вторник күні келіңдер, әлгі делоны разводить етіп тастайық, әйтпесе поздно болады, – деп жатады. Орыстың тілін қоспаса, қазақшаның дәмі келмейді деп ойлайтын болу керек, сірә.

-Шырақтарым-ау, – деймін кейде шыдай алмай. – Қазақтың тілі – әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Мысал үшін, орыстың «дурак» деген бір сөзінің ғана қазақша елуден астам баламасы бар екен. Мәселен, ақымақ, есалаң, жарымес, әңгүдік, кеңкелес, су ми, қояншық, есірік, ауыш, құтырық, т.б. Осындай бай мұраларыңды неге өзге тілмен шұбарлайсыңдар? – десем, олар «мына орыстың есі дұрыс па?», – дегендей өзіме үдірейе қарайды.

Герольд ақсақалдың бұл сөзін қазақты туысындай санайтын нағыз жанашырдың пейілі демеске шараң жоқ. Соны өз дәрежесінде түсіне алмайтынымыз өкінішті. Сондай-ақ ұлты әзірбайжан Асылы Осман апайымыздың қазақ тілінің намысын шыр-пыр болып қорғайтынын көргенде тіл туралы бірдеңе айтсаң, орысша күңк етіп, миығынан күліп жүре беретін кейбір қазақ әйелдерінің қылығын қай қалыпқа сыйғызарыңды білмей, пұшайман болатының тағы бекер емес.

Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, өз тізгініміз өзімізге тиген шақта «Ал енді ана тіліміздің беделін көтерейік!» деп ұрандағанымыз да ұмытыла қойған жоқ. Шынында да, бірқатар оң қадамдар жасалды, жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамдары ашылып, қазақ мектептерінің бедел-абыройы біршама көтерілді. Қазақты қойып, өзге ұлттардың өкілдері де балаларын қазақшаға беруге ниеттене бастады. Ауылдардың аттары, көшелер, жер атаулары қазақшаланып, туған тілге деген көзқарас өзгере бастаған сыңайлы еді. Көп ұзамай, тірлігімізге «жаһандану» деген аждаһа енді, ысқырып. Соның әуені ме, әлде басқа да себептер жолықты ма, әйтеуір қазақ тілі тағы да ысырылып, екінші, тіпті үшінші орынға шығып қалды. Теледидардан халыққа жөн айтатын басшылардың барлығының орысша сөйлеп, орысша баяндама жасап жатқанын көрген жұрт: «Е, орысша білсе болды екен ғой, ағылшынша біртіндеп үйренер» деп балаларын қайтадан орыс мектептеріне сүйрей бастады. Сөйтіп, тіліміздің ақырындап жана бастаған бағы тағы да күңгірт тартты.

Қазақ тілінің тағы бір қауіпті жауы бүгінгі дамыған техниканың жетістіктері – ватсап, инстаграмм, интернет дегендердің бейнесінде бас көтеріп отыр. Ең жаманы, бұларды еңкейген қариялардан бастап, бесіктен белін жаңа көтерген сәбилерге дейін емін-еркін қолданатындығы деген болар едім. Негізінен орыс тілінде «тәлім» беретін бұл құралдардың жас буынды жаппай сол тілде сөйлете бастағанын көріп жүрміз. Тіпті маңайында бір орыс тұрмайтын, сөйлесейін десең, іздеп таба алмайтын ауылдардың өзінде көптеген бүлдіршіндеріміздің тілдері орысша шығып келеді. Өйткені оның кешке дейін көретіні – орысша мультфильм, орысша, ағылшынша концерт. Ал қазақша оны баурап әкететін, өзіне тартатын лайықты бағдарлама жоқ, бар болса – мардымсыз. Тіпті, қазіргі кездегі қазақ мектептеріне арналған оқулықтардың тілі, ертегілердің мазмұны кісі күлерліктей деңгейде емес пе. Осыдан соң, оны оқып өскен буынның тілі қалайша шұрайлы болып, өзгелерді қалай өзіне тартпақ?

Өнеріміз қай деңгейде?

Ал бүгінгі өнеріміз қай деңгейде? Ол жағын айтып сұрамаңыз. Теледидарды қосып қалсаң, құдайдың құтты күні жаңадан пайда болған жас ақынның, жалаңтөс жас композитордың шығармашылық кешіне кез боласың. «Жарайды, көрейінші» деп біраз уақыт көз жүгіртсең, миың ашып, құлағың тұнып, шырқалып жатқан әндердегі қазақ әуеніне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әнсымақтар мен тұрған бойы шикі қамыр сияқты езбе өлеңдерден «аллергияға ұшырап», ақыры еріксіз сөндіруге мәжбүр боласың.

Жоқ, мен қазіргі қазақ өнері түкке жарамайтындай қысырап тұр деуден аулақпын, құдайға шүкір, халқымыз дарыннан кенде болып көрген емес. Дегенмен, мені сазгер мен әншінің қисапсыз көбейіп кеткені алаңдатады. Теледидарды кім көрінгеннің жаулап алып, ойына келген нәрсені жүргізетініне таңырқаймын.

Ең сорақысы – бүгінгі жастардың кез келгенінің әуенді өзі шығарып, өлеңін өзі жазып, өзі орындайтыны. Мұндай қарым-қабілеттің миллионнан бір адамға ғана қонатыны белгілі. Мысалы, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақты алайық. Олар – Тәңір бойларына ерекше қасиет бітіріп, таңғажайып дарын берген өзгеше жаратылыстың адамдары. Бұл адамдардың шығарған әндері бір иірім-қайырымы өзгерместен, көнерместен біздің дәуірімізге жетті, алдағы уақытта да шырқала береріне күмән жоқ. Ал бүгінгі «ғаламаттарды» енді үш-төрт жылдан соң бір адамның танымайтынына өз басым сенімдімін.

«Сәлем – сөздің анасы» деген екен атам қазақ. Сөзге шорқақтығымыз, немесе оған немқұрайды қарайтынымыз бір-бірімізге сәлемдескенімізден-ақ көзге ұрып тұратынын қалай жасырамыз? Басқаны былай қойғанда, көргені-түйгені мол дейтін ересек азаматтарымыздың өздері дұрыс амандаса алмайды ғой. Ондайлардың өте беріп: «Ассалаумағалайкүмдер!» дей салатынын қандай қылық деп атауға болады?

«Ассалаумағалайкүм» – арабшадан аударғанда «Саған Алланың нұры жаусын!» деген сөз екен. Ал «Уағалайкүмассалам!» деп жауап қатсақ, «Саған да соны тілеймін!» деген инабатты ілтипат болып шығады. Оған «дер» жалғауын қосудың қаншалықты қажеті бар, әлде тұрған жұртты осы жалғау арқылы бірақ қамтып кетпек ойда ма? Біле-білсек, мұның өзі Құранның қасиетті сөзін мазақ ету болып табылатынын естен шығармаған жөн.

Тағы бір көзі ашық жанның көңілін күпті етіп келе жатқан жайт мынау – сонау сексенінші жылдары, басқа жақты білмеймін, біздің Шығыс Қазақстан, Семей өңірлерінде «бала туылды», «жұмыс жасау» деген «түсік» сөздерді ешкім қолданбайтын. Себебі, өзге аймақтардан гөрі әдеби тілде біршама таза сөйлейтін осы өңірлер әлгіндей «жұқпалы ауруға» шалдыға қоймаған еді. Сонау аласапыранды тоқсаныншы жылдары тілге деген бақылау жайына қалып, әркім шикілі-пісілі кітап жазып, қалауынша газет шығара бастаған тұста осы бір күмәнді сөздер қылаң берді де, балалай жөнелді. Мағынасын сұрасаң: «бала туа ма екен, әйел тумай ма?» – деп бетіңе қарап тұрады. Өзім де сондайлардың талайымен дауласып, қызыл кеңірдек болғанмын.

«Әйел тумайды, – деймін мен, – әйел сиыр емес. Қазақтың тілінде «әйел босанады». Әйел баланы тумайды, табады. «Қатының ұл тапты ма?» немесе «Бүгін менің туған күнім, о, тоба-ай!» деген сөздерді тілі жұтаң адамдар ойлап тапқан жоқ болар, сірә. «Туылдының» қайдан пайда болғанын індетіп көрер болсақ, оның да сол орысша ойлаудан туындаған нәрсе екенін ұғыну қиын емес. «Туылды» – орыстың «родился» деген сөзінің тікелей әрі сауатсыз аудармасы.

Ал заманымыздың біртуар классигі, әйгілі жазушы Қабдеш Жұмаділов ағамыз әуел бастан мәселе көтеріп, «жұмыс жасайтындарға» қарсы жанталаса «майдан» ашқан болатын. Сол кісі айтқандай, «адам ұрлық жасайды, қастандық жасайды, иттік жасайды», бірақ жұмысты жасамайды, жұмысты адам қолымен істейді.

Біздің өңірде мұндай сөз атымен болмаған. Бертінірек ауданды басқарған бір ағамыз келген бойда «жұмысты жасай» жөнелді де, шұлғып отыратын қызметкер аға-апайларымыз әлгі оғаштау тіркесті іліп ала жөнелді. Одан бері он жыл өтсе де солардың көпшілігінің әлі күнге дейін әлгі жаман әдеттен арыла алмай, жұмыс біткенді «жасап» келе жатқандары өкінішті.

Тілді қорғауға «қолымыз тимесе де», қорлаудың түр-түрін ойлап шығарып жатырмыз. Мәселен, «сөйтуші едім», «бүйтуші едім» деген тіркестердің мәні өзгеріп, басқаша айтыла бастағаны да көңілі ояу кісінің көзіне ұрып, жүйкесін жұқартып жүр. Қазіргі жастар, жастар ғана емес, кейбір көпті көрген деуге жарайтын қартаң адамдар да: «Мен бұлай боларын білсем, келмеуші ем», – деп сөйлегенді әдетке айналдырып алды. «Келмеуші ем» емес, «келмес едім» немесе «келмейтін едім» деп сөйлеу керек қой. «Келмеуші едім» деген сөз өткен шақты білдіретін сөз тіркесі емес пе? Мысал үшін: «Мен бұрын келмеуші едім, қазір келіп жүрмін».

Мұндай мысалдарды ұзақты күнге тізіп жаза беруге болады. Қазіргі кезде жазғаныңды жіліктеп отырып оқитын жанның көп емес екендігін ойласаң, көңіл төрінде «осы мен несіне арамтер болып жүрмін?», – деген бір ойдың көлденеңдейтіні де рас. Бірақ осы келеңсіздіктердің барлығын көріп-біліп отырып, қолды бір сілтеп жүре беруге тағы да дәтің шыдамайды. Сондықтан «жоқ дегенде жүз қазақтың бірі осыны оқып, оң қорытынды шығарып жатса, соның өзі де олжа ғой» деген ниетпен көкейді қыжылдатып жүрген жайлардың біразын оқырман назарына ұсындым. Көпке топырақ шашудан аулақпын, сөйтсе де осы айтқандарым кейбір өз тілін білместікпен бүлдіріп жүрген жандарға сабақ болар деген үміттемін.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button