Қоғам

Қазақша сөйлегенде, қазақты жаңылдырады

Қазақша сөйлегенде, қазақты жаңылдырады

Валентина Сергеевамен(суретте) облыс орталығында өткен Зайсан ауданының жәрмеңкесінде таныстық. Ет пен күнбағыс майын саудалап, қазақша сайрап тұрған өзге ұлт өкілінің әйелі өзіне назар аудартпай қоймады.
«Қазақша сайрап тұрмын ғой, жарытып орысша білмеймін», – деп қалжыңдай сөйлеген Валентина апаны бірден сұрақтың астына алдық.
– Дайыр ауылдық округіне біз 1924 жылы Ақмола облысынан көшіп келген екенбіз. Шаңырақта жеті жан болдық. Шиеттей балаларды асырау үшін, әкем марқұм мен шешем колхозда тыным таппай еңбек етті. Біз де бірте-бірте ел қатарына қосылдық. Мен өзім қазір 64 жасқа келіп отырмын. 104 жастағы шешем мен ағайым үшеуіміз тұрамыз. Ломоносов атындағы орта мектепті аяқтаған соң, медицина училищесіне оқуға түстім. Зейнеткерлікке шыққанша, осы Дайыр ауылында аға медбике болып жұмыс істедім. Зейнеткерлікке шыққан соң, қол қусырып отыра алмадым. Отбасылық шаруа қожалығының тізгінін ұстап отырмын.
100 гектар егіндік жер бар, онда бақша өнімдерінің түр-түрін өсіреміз. Негізі, біздің Зайсанның жері шұрайлы, климаты жұмсақ қой. Не ексең де, баппен күтсең, жемісін береді. Дайыр тірек елді мекен қатарына кірді. Соның бір шапағаты – өткен жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауылға ауызсу тартылды. Құдай қаласа, үйлерге көгілдір газ кіретін де уақыт алыс емес.
Қожалығымызда үш кісі жұмыс істейміз. Қолда бар ірі-қараны бордақылап, етін саудаға саламыз. Бүгін, міне, әкелген 100 литр күнбағыс майы да жылдам өтіп жатыр. Қазақта «еңбексіз рақат келмес, машақатсыз бақыт келмес» деген сөз бар. Осындай бейбіт өмірде сүріп отырғанымыз үшін Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА мың да бір алғыс. Зейнетақымызды уақытында алып отырмыз, заманымыз тыныш. Менің екі апайым мен бір бауырым Украинада тұрушы еді, солардың тағдырына алаңдап отырмыз, – деп ағынан жарылды Валентина Михайловна.
Валентинаның шешесі Маланья Павловна дүниеге 1911 жылы келген. Көзінің көрмей қалғаны болмаса, құлағы естиді, көкірегі ояу. Балаларының ер жетіп, адал еңбек етіп жүргендеріне шүкіршілік етеді. Немере, шөбере, шөпшек, неменеге дейін сүйіп отыр.
Дайыр ауылдық округінің әкімі Болатбек Балғабаев Сергеевтер отбасының өте еңбекқор екенін атап өтті. Олар шаршау дегенді білмейді, қазақша сөйлегенде, қазақтың өзін жаңылдырады дейді. Осылайша, Дайыр ауылындағы жалғыз орыс отбасы тілден де, еңбектен де көп қазаққа үлгі болатындай өмір сүріп жатыр.

Эльмира Тайырқызы

Осы айдарда

Back to top button