Руханият

Қазақша ән салғанда, құлақтың құрышын қандырады

Қазақша ән салғанда, құлақтың құрышын қандырады

Валентина Сергеева – Дайыр ауылында туып-өсті, балалықтың бал-дәуренін құрбыларымен бірге бөлісіп, қазақ тілін құрметтеп, оны жетік меңгеріп алды. Оның әкесі Михаил Кузьмич, анасы Малания Павловна да қазақшаға судай, өзіңді жаңылдыратын.
Әкесі 2000 жылы 90 жасында қайтыс болса, ал анасына Алла тағала ұзақ ғұмыр сыйлапты, осыдан екі жыл бұрын 103 жасында дүниеден өтті. Дайыр ауылының тұрғындары кейуананың құрметіне ауылдағы өнерпаз әжелерден құрылған ансамбльге «Ғасыр әже» деген ат беріпті. Тегінде ата-бабалары Ақмола өңірінде туып-өсіп, Зайсанға 20-шы жылдардың басында қоныс аударыпты.
Валентина Михайловна да – «Ғасыр әже» ансамблінің белді мүшесі. Қазақша ән салған кезде құлақтың құрышын қандырады. 8-ші наурызда «Ғасыр әже» ансамблінің мүшелері жерлестеріне концерт қойды. Валентинаның сәукелесі бар ұлттық киім киіп алып, шырқаған «Ахау, керім», «Сәулем-ай» әндерін тыңдаған кезде дайырлықтар орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Наурыз мерекесінде де өнерпаздар жаңадан салынған Мәдениет үйін думанға бөлеп тастады.
– Валентина Михайловна аудан орталығында тіркелген орыс этномәдени орталығының мүшесі ретінде түрлі мерекелер мен жиындарда ән салып, би билейді, мектеп оқушылары арасында да жиі болып, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрді насихаттайды. Ғұмыр бойы қазақтармен аралас-құралас болып, ұлттық дәстүрді құрмет тұтқан апайымыз мешітке де барады, құран-қатымда қол жаяды, оған ауылдастарының еті үйреніп кеткен, небір шаралардан тыс қалмайды, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева.
Жақында қазақша сөйлегенде өзіңді жаңылдыратын, ән салғанда тыңдаушысын ұйытатын Валентинамен тілдескен едік.
– Зайсанда ондаған ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазір мұнда қазақ, орыс, татар этномәдени орталықтары жұмыс істейді, оған басқа ұлт өкілдері қатысып, әр халықтың салт-дәстүрі жайында әңгімелер айтады. Өзім де аудан орталығына жиі келіп тұрамын, Наурыз, басқа да мерекелер кезінде концерт қоямыз. Дайыр ауылындағы «Ғасыр әже» ансамбліне Беделхан Қасенова жетекшілік етеді, Мұрат Далабаев деген жерлесіміз ақыл-кеңесін беріп тұрады. Ауыл әкімі Болатбек Балғабаев та көмегін аямайды. Ансамбльдегі құрбыларым Әлмира Өкісханова, Риза Шекиева, Сәуле Рахманова, Беделхан Қасенова, Гүлсімхан Ясынова, Мәкен Ержанова ел құрметіне бөленген аяулы жандар, уақыттары тапшы болса да ауылдастарын ән мен күйге бөлеп жүр, – деп ағынан жарылды ұлты орыс болса да, жаны қазақ Валентина Михайловна.
– Туыстарыңыз, бірге оқыған дастарыңыз жайында айта кетсеңіз, – деген сауал ойландырып тастаса керек, бір сәт ол мұңая қалды.
– Кіндік қанымыз тамған жер – Қазақстан. Біздің Отанымыз қонақ келсе, дастарқанын жайып, төрін ұсынатын, меймандос қазақтар мен қазақ елі. Мен Дайырдағы орта мектепте осы ауылдың атын шығарған белгілі ғалым Ораз Ілгекбаев, бірнеше жыр жинақтары мен драмалық шығармалардың авторы, ақын, жазушы Ғалым Байбатыров, дәрігер, Алматыдағы ірі аурухананы басқарған білікті маман Сәуле Аманжановамен бірге оқыдым, аралас-құралас болдық. Өкінішке қарай, қазір олардың үшеуі де келместің кемесіне отырып, бақилыққа аттанып кетті. Ел басқарған інілерім мен сіңлілерімнің құлағына алтын сырға, ел игілігі жолында аянбай тер төккен асыл жандарға құрмет көрсетіп, олардың есімін мәңгілік есте сақтау үшін игі қадам жасауға болады ғой. Рас, Ғалымды еске алу мақсатында жыл сайын ауыл әкімі мен мектеп директорының бастамасымен жыр кеші өтіп тұрады. Ал қалғандарын ұмытып кеткеніміз қалай? – деген кезде біз үнсіз қалдық.
– Үлкен ағам Юрий мен туған апайым Ирина қайтыс болды. Бейбіт заман болса да, соғыс оты сөнбеген Украинаның Запорожье қаласында апайым Полина, сіңлім Людмила, бауырым Василий тұрып жатыр. Ондағы жағдайдың күн сайын шиеленісіп бара жатқанын, тіпті, күн көрудің қиын бола бастағанын айтып, шіркін, Қазақстанға қайта оралатын күн туса ғой, – деп олар жиі-жиі телефон шалады. Еңірегенде етектері жасқа толып, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сарабдал саясатына, ұлттар достығы мен ынтымақтастығының өркен жайғанына алғысын білдіреді.
– Елге қайта оралу ойларында бар екен, оған не тосқауыл?
– Қазақстанға қайта оралу үшін көп кедергі бар. Украинаның азаматтығынан шығу оңай емес көрінеді. Оның үстіне Полинаның күйеуі қайтыс болған, ал, Василийдің жұбайы мен баласы жоқ, осы қиындықтар олардың елге оралуына қолбайлау болуда. Айтпақшы, осыдан бірнеше жыл бұрын Украинаға қоныс аударған Қаратал ауылындағы Цыганчук деген апай ол жақты жерсінбей және жағдайдың қиындап кетуі себебінен кері оралыпты.
Валентина Сергеевамен әңгімеден кейін, кеудемді туған ел мен жерге деген қуаныш кернеді. Экономикалық қиындықтар келеді, кетеді, ал елдегі тыныштық пен бейбітшілікке не жетсін. Бұл жағынын алғанда Қазақстан халқы мамыражай күн кешуде.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button