Қазандық жөнделіп жатыр

Газетіміздің өткен санында жарияланған «Аягөздік ананың жанайқайы» деген мақаламызда 40 мың халқы бар шаһарда қыс ортасынан аумай жатып жылу мәселесі туындағанын жазған болатынбыз.
Индира Мұхамадиева есімді мұғалімнің әлеуметтік желіге шығарған бейнеүндеуі бүкіл елге тарап, істің анық-қанығын байыптау үшін Өскеменнен жауапты шенеуніктер суыт аттанған еді. Шұғыл жұмыс тобының жетекшісі, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаевпен телефон арқылы сөйлескенімізде, 3-4 күннің ішінде суық сорған үйлерге қайта жан кіретінін айтып сендірген-ді. Кеше облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жырға айналған жылу мәселесі оңды шешілгенін хабарлады. Демалыс күндері оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов барып, түйткілді мәселемен тікелей танысып қайтыпты. Баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, «Аягөз жылу» ЖШС-нің иелігіндегі қазандық 1975 жылы салынған. Содан бері сегіз әлеуметтік нысан мен 40 көппәтерлі үйді жылытып келеді. Тәуелсіздік жылдары жеке меншікке өткен қазандық жөндеу жұмыстарын көрмеген. Жекенің меншігіндегі нысанның ісіне жергілікті әкімдік те кірісе алмаған. Соның салдарынан жыл сайын жылу бірде мардымды, бірде мардымсыз беріліп, қыс сайын қарапайым халық қиналатын. Шөлмек сияқты шыдамның да жалғыз күнде шытынайтынын Индира Мұхамадиеваның бейнеүндеуі көрсетіп берді. Үйдің суығы баласына дерт болып жабысқан кезде ана жүрегі аласұрмай қайтсін?
-Қазандықтың иесі жылдар бойы мұнда ақша салмаған. Салдарынан қондырғылардың тозығы жетіп, қыс ортасында сыр берді. Қазандық дұрыс пайдаланылмай отырғаны мәлім болған соң, Өскемен мен Семейден, Глубокое ауданынан кәнігі мамандарды әкелдік. Енді 2-3 күннің ішінде қажетті деңгейде жылу берілетін болады, – деді Серік Ақтанов.
Қазандықтың жылу алмастырғышы сыр беруі мүмкін екенін аудан басшылары о баста білсе керек. Жаңа жылға дейін оны жаңалауға қажет материалдың бәрі сатып алынған екен. Семейден келген топтың жетекшісі Виталий Иванов қазір бітелген түтіктерді аршып, жылу алмастырғышты жаңалауға кірісіп кеткендерін айтты. Өскеменнен келген топ жөндеу жүрген бөлшектерді жылылап ораса, судың қысымы мен мөлшерін Алматыдан шақырылған мамандар реттемек.
-Меншік иесі нысанға салғырт қарады демесек, қарапайым жұмысшылар өз ісін біліп тұр екен. Сондықтан оларды қысқартудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Мұндай маңызды нысанға мықты мамандар қажет, – дейді Виталий Иванов.
Жағдайдың қаншалықты түзелгенін білу үшін бейнеүндеудің авторына телефон арқылы хабарласып көрдік.
-Жылу мол беріле бастағаны рас. Демалыс күні ток пешсіз-ақ үйдің температурасы 15°C болды. Бүгін аяз күшейгендіктен, қайта ток пеш қосып қойдық, үйдің температурасы 18 °C болып тұр. Дәл аяз түскен шақта мәселе реттелгеніне тәубе айтып отырмыз. Балам науқастан айығып еді, өзім тұмауратып қалдым. Қазір жылу батареялары қол тигізбейді. Бізге осындай жылу берсе жетіп тұр, – дейді Индира Мұхамадиева.
Мұндай жағдай енді қайталанбауы үшін қазандық жұмысын жергілікті әкімдік өз қолына алуы мүмкін. Қазір «Аягөз жылу» ЖШС иесі мен әкімдік арасында нысанды коммуналдық меншікке беру туралы келіссөздер жүріп жатыр.
Есімжан Нақтыбайұлы