Сайлау-2022

Азаматтық қоғамды ұйыстыра түсті

Біздің елімізде сайлау жаңа саяси институт ретінде қалыптасып келеді. Өзім сайлау учаскесіне таңғы сағат 7-де бардым, сол кезде байқаушылар бүкіл процестерді бақылап отырды.

Жалпы, Қазақстандағы саяси жүйе өзгерді, енді бір президент бір мерзімге ғана сайланады. Бұл – ең маңызды өзгеріс. Нәтижесінде, мемлекет орнықты бола түседі, өйткені шешімдердің бәрі қоғаммен келісіліп шығарылады.

Сайлау және сайлану құқығы – азаматтарымыздың ең негізгі конституциялық құқығы. Өткен сайлауды халықтық демократияға бетбұрудың негізгі қадамы және плюрализмнің бастауы деп бағалаймын.

Сайлауда барлық үміткерлерге заң аясындағы тең мүмкіндіктер ұсынылды. Олар аймақтарға еркін шығып, үгіт-насихат жұмыстарын кедергісіз жүргізді.

Өткен президент сайлауы қоғамдық ұйысу тұрғысынан алып қарағанда ел дамуы үшін өте маңызды болды. Маусым айындағы референдумында азаматтардың 77 пайыздан астамы конституциялық реформаны мақұлдады, бұл халықтың іс басындағы билікті қолдап отырғанын көрсетті.

Ал, осы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың 80 пайыздан астам дауыс алуы, сенімді жеңісі биліктің іске асырып жатқан және келешекке жоспарлап отырған шараларын азаматтарымыздың толықтай дерлік қолдап отырғанын аңғартады. Осылайша, референдум қоғамның шоғырлана түскенін, ал президенттік сайлау азаматтық қоғамның нығаюға бағыт алғанын көрсетті.

Сондай-ақ сайлау халық мен билікте ел дамуының келешегіне қатысты бірыңғай түсінік бар екенін байқатты. Жалпы, үлкен электоралды циклдің бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Келесі кезек – парламенттік және мәслихаттар сайлауы.

Ерлан Саиров,

Парламент Мәжілісінің депутаты

Осы айдарда

Back to top button