Қоғам

Азаматтардың жеке мәселелерін шешуге ықпал еткен

Азамат Темірбеков

Биыл облыстық мәслихат депутаттары 500-ден астам адамды қабылдап, жеке мәселелерінің шешілуіне ықпал етті.

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті ХХ сессиясы барысында мәслихат хатшысы Денис Рыпаков мәлім етті. Оның айтуынша, ағымдағы жылы мәслихат депутаттарының жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының тармақтарын іске асыруға бағытталған көрінеді. Осы уақыт аралығында халық қалаулылары еліміздің Ата Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді түсіндіру жұмыстарына белсене араласты. Бұдан бөлек, депутаттар ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамына кіріп, облыс тұрғындарымен кездесулерге тұрақты қатысып отырған. Нәтижесінде өңірдегі елді мекендердің проблемаларын  шешуге бағытталған іс-шаралар жоспары жасалып жатыр.

– Депутаттар азаматтарды жеке мәселелері бойынша жыл басында жасалған және облыстық мәслихаттың сайтында жарияланған кесте бойынша қабылдайды, – деді Денис Рыпаков. – Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, облыстық мәслихат депутаттары 569 адамды қабылдап, сайлаушылармен 284 кездесу және жиналыс өткізді. Сайлаушылар депутаттар жұмысының тоқсан сайынғы қорытындыларымен ресми сайтта таныса алады. Депутаттар өз сайлаушыларының  мәселелерін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешеді, сауалдар жолдайды, тұрақты комиссияның отырыстарында және сессияларда көтереді.

Шақырылым басталғалы бері облыстық мәслихаттың 19 сессиясы ұйымдастырылғанын атап өткен ол, оның алты сессиясы биыл өткізілгенін тілге тиек етті. Ол жиындарда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджет қаражатын ұтымды және тиімді пайдалану мәселелері, облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі тыңдалып, облыстық басқармалар басшылары ақпарат берді. Күн тәртібіндегі мәселерді қарау бойынша 57 шешім қабылданды, 11 шешім әділет органдарында тіркеліп, нормативтік-құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінде жарияланған.

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өкілетті органның жұмыс есебінен бөлек, күн тәртібінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы,  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның Глубокое ауданындағы орындалу барысы жайлы баяндамалар,  Бюджет, экономикалық реформалар және өңірлік даму мәселелері жөніндегі, Агроөнеркәсіптік кешен, экология, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялардың есептері тыңдалды. Бұдан бөлек, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбелерін қайта бекіту, ауыл шаруашылығы алқаптарын иеленудің ең жоғарғы шектік мөлшерлерін бекіту, су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін айқындау, Самар және Тарбағатай аудандарының шекараларын белгілеу сынды мәселелер де қаралды.

Осы айдарда

Back to top button