Қоғам

Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бір топ тұрғынды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Осы күні Өскемендегі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне өздерінің жеке проблемалары бойынша он шақты азамат келді. Олардың дені медицина, білім беру, экология, қолжетімді баспана, жұмыспен қамту сияқты әлеуметтік мәселелерді көтеріп, өз сауалдарына тұщымды жауап алды.
Бірқатар мәселелер сол жерде-ақ өз шешімін тауып жатты. Ал басым бөлігін партия филиалының төрағасы жіті бақылауға алып, оларды шешуге байланысты тиісті сала басшылары мен әкімдерге тапсырмалар берілетінін айтты.
Айталық, қабылдауға алғашқы болып кірген «Октябренок» сауықтыру орталығының директоры Лариса Клостер Өскемен қаласында диабетшілер қоғамын құруды көздеп отырғанын жеткізді. Азаматшаның айтуынша, қоғамдық бірлестікке әдістемелік және консультативтік кабинет ашу үшін кіші-гірім орынжай қажет. Жалпы, «қант диабеті» диагнозына шалдыққандар саны жылдан-жылға артып келеді, бұл – бүгінгі таңдағы ең өзекті медициналық проблемалардың бірі. Қазіргі кезде облыста 200-ден астам бала аталмыш дертпен науқастанған. Орталық жетекшісі қала ішінен осы мақсатқа жарамды аумағы 100 шаршы метрлік орынжайды тауып та қойыпты. Мән-жаймен мұқият танысқан аймақ басшысы көмектің көрсетілетінін, осы ретте орынбасары Жақсылық Омар мен Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановқа тапсырма жүктейтінін айтты. Мәселені шешуге бір ай мөлшерінде уақыт берілді, осы кезең ішінде оң нәтиже шықпаса, облыс әкімі азаматша Л.Клостерді тағы бір мәрте қабылдайды.
«Спешиал Олимпикс» халықаралық ұйымы жобасының Шығыс Қазақстан бойынша үйлестірушісі Ольга Свириденко мүмкіндігі шектеулі жандарды сауықтыру, оларға қолдау көрсету бағытында жұмыс істейді. Ол облыста ментальдық денсаулығында ауытқушылығы бар, яғни, ақыл-есі кем 11 мыңдай адам бар екенін мәлім етті. Жобалар аясындағы кешенді іс-шаралар, скринингтік жұмыстар Өскемен, Семей қалалары мен Аягөз, Жарма аудандарында атқарылуда. Жоба үйлестірушісі облыс әкімінен өздеріне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуін, сонымен қатар, Өскемендегі салауатты өмір салтын насихаттау орталығындағы өз ресурстық орталықтарының жалдау ақысын азайту жөнінде көмек сұрады. Аталған мәселе де бірден өз шешімін тапты, облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшылығына тиісті тапсырмалар берді.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Рыспек Қасенов аймақ басшысынан «Қазцинк» компаниясының күшәласы бар шығарындыларын кеміту, өңірдегі қазандықтарға көмірлі-сулы отынды қолдану тәжірибесін енгізу және Өскемендегі трамвай паркін қайта құру және дамыту туралы мәселелерді қарастыруды өтінді. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ аталмыш жайттардың бәрі де назарға алынатынын, олар бойынша жауап берілетінін жеткізді.
Спортшыларға арналған денешынықтыру-спорт диспансерінің директоры Әбдіғали Мырзатаев облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының қарамағындағы дарынды балаларға арналған мектептің босаған ғимаратын өз мекемелеріне беруді сұрады. Облыс әкімі аталмыш мәселемен тиісті ведомстволар айналысатынын айтты. Диспансер директоры мүгедек адамдарды да сауықтыру мәселесін көтеріп, оларға да орынжай керектігін тілге тиек етті. Алайда, «сіз талап етудің орнына өздеріңіздің нақты міндеттеріңізбен айнасуларыңыз қажет» деген аймақ басшысы Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың өз дәрігері, массаж жасаушысы жоқ екенін, тіпті «Қазцинк» хоккей командасының дәрігері мүлдем басқа бейіндегі, стоматология маманы екенін айтып, осы саладағы өзекті проблемаларды атап көрсетті.
Азаматша Нәзира Берікқалиеваның немересі «Апер синдромына» шалдыққан екен. Балаға бірнеше кезеңнен тұратын күрделі операция қажет. Ондай отаны Мәскеу мен Петербордың клиникаларында жасайды. Атап өтерлігі, операцияның алғашқысы сәтті жасалған, енді хирургиялық ем-домды ары қарай жалғастыру керек, алайда ол үшін ресейлік дәрігерлер 5 миллион теңге мөлшерінде қаражат талап етуде. Нәзира Берікқалиева ұлының үш жерде істеп жүргенін, келінінің баламен үйде отырғанын айтып, облыс басшылығынан көмек сұрады. Жағдаймен жіті танысып шыққан аймақ басшысы облыстық «Парыз» қайырымдылық қорына операция үшін 3 миллион теңгені дереу бөлгізуді міндеттеді.
– Бұл жайға менің де жан-жүрегім ауырады, біз, әлбетте, көмектесеміз, қаржы беріледі. Бірақ ұлыңыз да, яғни, баланың әкесі қаржы табуы тиіс, үш жерде емес, он жерде жұмыс істесін, осыны ұлыңызға айтып барыңыз, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Қытайдан келген қандасымыз Төкен Айдын партия филиалының төрағасына Өскемен қаласынан медициналық кабинет ашу жөнінде өтінішін білдіріп, осы орайда қолдауға зәру болып жүргенін алға тартты. Мамандығы бойынша дәрігер ол тарихи Отанына 2008 жылы көшіп келіпті. Емхана ашуға қажет рұқсат құжаттары түгел рәсімделген. Жан-жақты қарастыру нәтижесінде аталмыш проблема да өз шешімін табатын болды, отандасымыз енді тек медициналық мекеме орналасатын көпқабатты үйдегі барлық тұрғындардың келісімін қала әкімдігіне ұсынуы тиіс.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ осы күні Семей қаласындағы дарынды балаларға арналған облыстық балет мектебінің директоры Камила Исмаилованы да қабылдады. Мекеме басшысы Өскеменде мектеп филиалы ашылып, іске кіріскенін, бірақ оған ыңғайлы орынжай табылмай отырғанын айтты. Аймақ басшысы толық пайдаға аспай жатқан ғимараттардың бар екенін, солардың ішінен балет мектебіне жарайтын бір сынып бөлінетінін айтып, оқу орнының жұмысына табыс тіледі. Келесі кезекте қабылдауға енген жас жігіт Руслан Смағұлов жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың пәтер кезегінде 2007 жылдан бері тұр екен. Қазір қоғамдық жұмыс атқарады, еңбекақысы 30 мың теңге, оның 18 мыңын Новоявленка ауылындағы жалдап жүрген бөлмесі үшін төлейді. Өзінің мамандығы – мүлік бағалаушысы, жуырда мемлекеттік қызметке түсуге тест тапсырып, арнайы сертификат алыпты. Бірақ әлі жұмысқа орналаса алмай жүр, мекемелерде бос лауазым жоқ. Аймақ басшысы оған алдағы аптада қала ішінен пәтер берілетінін, ал жұмыс мәселесін қарастырып көретінін айтты.
– Біздің міндетіміз – осы қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың өтініштері мен талап-тілектерін қанағаттандыру. Алайда, әрбір мәселе заң аясында шешілуі тиіс екенін де ескерткім келеді, – деді аймақ басшысы келушілерге.
Қоғамдық қабылдауға партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Шерубаев пен Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов та қатысып отырды.
Қоғамдық қабылдау өткізгеннен кейін облыс әкімі қаладағы денешынықтыру және сауықтару кешеніне барды. Бұл спорттық нысан бүгінде олимпиадалық резервтің мамандандырылған спорт мектебіне берілген. Мұнда қазір оқушылар волейболмен, жеңіл атлетикамен, жүзумен, өзге де спорт түрлерімен шұғылдануда. Бұрын бұл жерде ақылы негізде кез келген адам, негізінен ересектер суда жүзіп, доп тебумен, яғни, өз уақыттарын өткізетін. Оқу орнының басшысы Арсен Теннің айтуынша, енді кешен облыс әкімінің тапсырмасы бойынша балалардың спорттық үйірмелері мен секцияларына толықтай тегін берілген. Осындағы бір топ ата-аналар аймақ басшысына өз алғыстарын жаудырды, олардың айтуынша, бұған дейін секциялар қаладағы түрлі бейімделмеген орынжайларды жалдап келіпті. Қазір жеткіншектер кең де жарық залдарда тәжірибелі бапкерлерден дәріс алуда. Аймақ басшысы «Орталық» бассейн су спорты түрлері бойынша облыстық мектепке берілетінін, онда да болашақ жас спортшылар дайындалатынын мәлім етті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button