«Қазақцемент» зауыты өнімін арттырып келеді
Өңірімізде үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2012 жылдың соңынан бастап жұмысын бастап жатқан іргелі кәсіпорынның бірі – Жарма ауданындағы «Қазақцемент» ЖШС.
Мұнда құрылысқа аса қажетті материал – цемент өндіріледі. Бұл кәсіпорынның ерекшелігі – мұнда цемент құрғақ әдіспен өндіріледі. Ал бұл өз кезегінде жоғары өнімділікке, энергетикалық отынның аз жұмсалуына, соған орай өнім бағасының арзан болуына жол ашады.
Сонымен қатар, мұнда өнім өндірудің экологиялық таза әдісі қолданылады. Ол қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау стандарттарына толықтай жауап береді. Кәсіпорынның орналасқан жері де аса ыңғайлы, зауыт цементке жұмсалатын топырақ, қайраққұм мен әк кеніштеріне өте жақын орналасқан. Бұл өнімнің өзіндік құнын әлдеқайда азайтпақ. Тағы бір тиімді жағы – жаңадан салынған Шар – Өскемен теміржолы кәсіпорын қасынан он бір шақырым жерден ғана өтеді. Осы екі аралыққа теміржол торабы тартылатын болса, өнімді тек Қазақстанға ғана емес, жақын шетелдерге де жіберу мүмкіндігі туады. Ал сала мамандарының зерттеуінше, өлкедегі шикізат қоры елу жылға дейін жететін көрінеді.
Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 1 млн. тонна цемент өндіру. Сапалы құрылыс материалы еліміздегі цемент тапшылығын барынша азайтып отыр. Цемент өндіруге қажетті жергілікті шикізаттан клинкердің алғашқы легі былтырғы қыркүйек айында алынып, жергілікті жерде цемент өндірудің алғашқы қадамы жасалған болатын. Зауыттың техникалық директоры Василий Ивановтың айтуынша, қазір мұнда 40 мың тоннадан астам шикізат қоры дайындалған.
Цемент зауытының қолданысқа берілуі ең бірінші кезекте бұл жерден небәрі 12 шақырымдай ғана қашықтықта жатқан шағын қала Шардың экономикалық тұрғыда өсіп-өркендеуіне, инфрақұрылымының дамуына үлкен серпін береді. Қазіргі таңда кәсіпорында 491, оның ішінде Шар қаласы аумағынан 300-ге жуық адам еңбек етеді. Алдағы уақытта қажетті мамандықтарға үйрету арқылы кәсіпорынға жергілікті тұрғындарды барынша тарту бағытында жұмыстар атқарылмақ. Аталған бағытта Жарма ауданының басшылығы қажетті шаруаларды бастап та кеткен көрінеді.
– Қазіргі кезде жылына бір миллион тонна цемент өндіруге мүмкіндігі бар зауыттың құрылысын аяқтап отырмыз. Кәсіпорын толықтай жобалық қуатына 2014 жылы кіреді. 2013 жылы шамамен 800 мың тоннадай цемент өндіруді шамалап отырмыз. Бір топ мамандарымызды зауыттың ашылғанын күтпей, Қытайдағы цемент өндірісінің қыр-сырын оқып-үйренуге жіберіп алдық, – дейді кәсіпорынның атқарушы директоры С.Байжұманов.
Зауытта ылғалдылығы бір пайыздан да аз жұқа дисперсті шикізатты пешке салу жұмысы қарастырылған. Бұл дәстүрлі әдіспен салыстырғанда судың 50 пайызы мен электр қуатының 25-30 пайызын үнемдемек. Сонымен бірге мұнда қойылған фильтрлер шығатын қалдықты 99,7 пайызға тазалауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта қалдықсыз өнім шығаруда кәсіпорынның мүмкіндігін кеңейте түсу жоспарланып отыр.
Зауыттың қондырғылары да заманауи компьютерлік технологиялармен толық жабдықталған. Мұндағы барлық өндірістік үдерістер түгелімен компьютер арқылы бақыланады әрі басқарылады. Сол арқылы пульттік басқару орталығында отырған мамандар өндіріс процесінде орын алған апаттық жағдайларды екі минуттың ішінде қалыпқа келтіре алады екен. Қазір Қытайдан келген екі маман зауыт жұмысшыларына жаңа технологиялармен жұмыс істеуді үйретуде. Жергілікті тұрғындар зауытта жұмыс істеуге, техникаларын басқаруға құлшынып отыр.
Қытайдың цемент өндірісі саласында тәжірибе жинақтаған іскер мамандардың көмегімен өндірістік корпустар тұрғызылған. Оның ішінде әкімшілік-тұрмыстық кешен, вахташылар кенті, осы заман үлгісімен салынған үлкен асхана да бар.
Айта кетерлігі, былтырғы желтоқсан айында Елбасының қатысуымен өткізілген телекөпір барысында аталмыш зауыттың жұмысы республика жұртшылығының назарына ұсынылған болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ цемент өндірудің жаңа технологиясына жоғары баға бере отырып, зауыттың шағын шаһар жанынан орын тепкені де ұтымды шешім болғанын атап өткен-ді. Сондай-ақ, Елбасы өндіріс орны қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң ықпалын тигізуі тиіс екендігін атаған болатын.
Ал облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Жарма ауданына жасаған кезекті жұмыс сапары барысында осы кәсіпорынға арнайы ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен танысқан еді. Жоғары сапалы кәсіпорын өнімін облыс аумағында орналасқан «Қазцинк», «Қазақмыс» секілді алпауыт өндіріс орындары тұтынуы керектігін, сол бағытта бірқатар шаруалар атқарылатынын жеткізген-ді. Олардың сұранысын қанағаттандыруға кәсіпорынның қуаты жетеді. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпалын тигізері сөзсіз.