Қазаққа мәңгі қарыздармыз дейді
Сұм соғыстың ызғары ерекше қарыған тағы бір жазықсыз құрбандар – Отанын сатты деген жалған желеумен жер аударылған жандар. Шешен ұлтының өкілдері Хасиевтар әулеті де депортацияға ұшырап, Шешенстаннан қазақ жеріне ауып келген. Анық-қанығын білу үшін 71 жылға кейін шегініс жасайық.
Шешенстанның Оргун ауданы. Түн. Көпбалалы отбасы ұйқыға кеткен. Бірақ, олардың ұйқысы ұзаққа бармады. Әскери адамдар кеп заттарды жинауды бұйырды. Осылайша, Хасиевтар бір-ақ түнде ешқашан естіп-білмеген мекенге жер аударылып кете барды. Бұл сапарда олар талай қиындықты бастан өткерді. Аштық азабын тартты, күздің сүйектен өтетін суығына шыдас берді. Аштықтан сегіз балалы отбасының кіші қызы шетінеді. Бұл оқиғаны көзімен көрген 78 жастағы Хасан Хасиев жанарына жас алып, былай дейді: «Қиын заман болатын. Әлі есімде, қарындасымның денесін орайтын мата табылмады. Ешкімде бір жапырақ мата болмай шықты. Амалсыз қаппен орап жерлеуге тура келді».
Ауыл станциясынан оларды Бородулиханың Ивановка ауылына жібереді. «Қазақ халқы сіздерді қалай қарсы алды?» деген сұрағыма ағайындылардың кішісі, 75 жастағы Хусан Хасиев «Сізді қарсы алып отырғандай қарсы алды!» деп жауап берді.
Хусан ата күле отырып, әңгімесін жалғастырды: «Иә, олар бізді жылы қарсы алған еді. Қалжыңсыз айтар болсақ, қазақтар жақын қабылдады. Әрдайым көмек қолдарын созып тұратын». Бұл да – қазақтың дархандығы мен даладай көңілінің көрінісі. Расында да, жан-жағына үрке қарап жүрген шешендерге алғаш көмек қолын созған кенттің негізгі тұрғындары – немістер емес, азғана қазақ болатын. Осындай үлкен отбасына бір бөлмелі лашық іспеттес үйді үкімет бергенмен, оны үй еткен қазақ-шешен достығы. Мал-мүліксіз қалған Хасиевтерге өздерінің де жағдайы нашар болғанына қарамастан аузынан жырып, барымен бөліскен де қазақтар болатын. Хасан мен Хусан Хасиевтар әлі күнге дейін сол жарты қап тарыны екі отбасына теңдей бөлген қазақ көршілерін алғыспен еске алады: «Шынымды айтсам, олардың аттары есімде жоқ. Бірақ көмектері мен мейірімдері есімде. Көрші қазақ апамыз болды, жалғыз ғана сиыры, бала-шаға, немерелері бар болса да, бізге күнде сүт әкеп тұрушы еді, сол кісінің кеңдігіне әлі күнге дейін таңғаламын».
1961 жылы Хасиевтер тағы да қоныс аударды. Осы екі аралықта отбасының үлкендері, яғни, ата-әжесі қайтыс болады. Бұл жолы олар жаңадан құрылған 1-май совхозына келді. Оларды жергілікті халық құшақ жая қарсы алды. Хасан атамыз мал бағып, шопан атанса, Хусан ата партия жұмысына араласып, жауапты қызметтер атқарады. Екеуі де осы жерге әбден сіңіп, байырғы тұрғындарындай өмір сүре бастайды.
1991 жылы Хасиевтер жеке мал шаруашылығын құрады. Байыс қой тұқымын алып, жеке шаруашылыққа «Қарадыр» деген ат қойды. Алғашында қиын болды, бірақ кейін Хасиевтер аяққа тұрып кетті. Бүгінде олар – өңірдегі ірі шаруашылықтың иесі.
Жақында олар шаруашылықтарын кеңейтіп, үшке бөлді. Оның бірі Хасан атаға, бірі Хусан атаға, ал тағы бірі Хусан атаның үлкен ұлы Рамзанға тиесілі. Олар өкінішке толы өткен кезеңді еске ала отырып, бүгінгі күндеріне шүкіршілік етуді ұмытпайды.
Бұл әулет қазаққа сіңіп кеткені сонша, дастархандарынан қазақтың ұлттық тағамдары үзілмейді. Қонақжайлылығы да қазақтікінен кем түспейді. Келіндері дәмге шақырғанда, дастарханнан қазы, қатық, қымызды көргенде, таңданысымда шек болмады. Бұның сырын сұрағанымда, келіндері таза қазақ тілінде «Қазақтың жерінде тұрамыз ғой. Дәстүрін де білуіміз керек шығар», – деп жауап берді. Ағайынды Хасиевтер орысша сөйлегенімен, қазақша түсінеді. Ал балалары қазақ тілін жетік меңгерген. Немересі Мовлади қазақ мектебінде білім алады.
Хасиевтер қанағат етіп, рахмет айтуды бір кез естен шығарған емес. Бұл жолы да олар қонақжай халық пен жомарт жерімізге алғыстарын білдірді. Қазақтың кеңпейіл, меймандос халық екенін айта келіп, өздеріне жасалған рақымшылықтың, мейірімділіктің алдында бастарын иді. Шындығында да, сол бір алақұйын заманда осындай кішіпейілділік танытып, жылы қарсы алған қазақтай халық болмаса, бұл күнге жетер ме еді, жоқ па? Сондықтан шешен ұлтының өкілдері өздерін қазаққа мәңгі қарыздармыз деп есептейді.
Шырын Тұрысбекова
Үшбиік ауылы,
Жарма ауданы