Саят

Қазақ жерінде жарты мыңнан астам тазы ит бар

Қазақ жерінде тазының бірнеше түрі таралған. Бұл – аталған саламен шұғылданып жүрген білгірлердің пайымы.

Қазақ жерінде жарты мыңнан астам тазы ит барМәселен, Самарқанның тазысы аласа бойлы, бірақ, мүше-мүшесі әсем де сүйкімді болып келсе, Жем бойы мен Атыраy өңірінің тазылары табан жүні мен құлағындағы шашағының ұзындығымен ерекшеленеді. Ал Оңтүстік Сібір тазылары табанының сүйірленіп бітісімен, сондай-ақ, өте күштілігімен дараланады. Бұлар Ертіс бойында таралған. Сібір тазылары – қазақ жерінде ғана емес, батысқа дейін жеткен таңдаулы аң алғыш тұқым.

Кезінде қазақ жерінде тазының құмай, қайың қаптал, ауған, орыс, түрікмен атты түрлері ұшырасқан екен. Ал шоқтығының биіктігі 80-85 см. аралығында болып келетін қазақы тазыны тау тазысы және дала тазысы деп бөлген. Қазақ тазысына ең жақын деп айтылатын ауған тазысы әлемдегі ең дегдар тұқымға жатқызылады.

Кеңес өкіметі жылдарында тазы иттердің күрт азаюына алаңдаған осы тақырыпты зерттеуші А.Слудский дабыл қаға, оларды қорғауға алу қажеттігін ескерткен еді. Кинолог-ғалымдар болса, «Әр кезеңде қазақ жеріне келген бөгде ұлт-ұлыс өкілдерінің иттері жергілікті тазылармен будандасқан соң небір түрлі дүрегей тұқымдар пайда болып, тазы мен төбеттің тұқымы азып кетті» дейді. Қолда қалай болса солай ұсталған тазылар осылайша дүрегейленді, мылтықтың көбірек қолданылуы олардың аңға түсу парқын азайтты. Осы мәселе дер кезінде көтеріліп, Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан мен Бәйдібек аудандарының ит ұстаушылары тазыларын көптеп әкеліп, қан жаңғырту, тазы тұқымын сақтап қалу шараларын жүргізген екен.

Егемендік алғаннан бергі жылдарда кәсібилер мен әуесқойлардың тізе қоса қимылдап, қолдауымен тазы тұқымын сақтап қалу, асылдандыру және түрлі шаралар ұйымдастыруы арқасында қазір Қазақстанда таза тұқымды тазылардың саны жарты мыңнан асып отыр.

Рахмет Артоғасов

Осы айдарда

Back to top button