Қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш режиссер

Кәсіби білімін Мәскеуден алған, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Сәлима Естемесова Марқакөлдің тумасы болып шықты. Ал сүйінші сұрап, апамызбен таныстырған – Сүлейменов Әлібек ағамыз еді.
Әлекең жайында бірер сөз. Бұрынғы Марқакөл ауданындағы Қарой орта мектебін 1969-шы жылы бітіріп, Өскемен құрылыс-жол институтына түсіп, оны үздік аяқтап, мамандығы бойынша біраз жылдар жұмыс істеді. Кейін құқық қорғау саласына ауысты. Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасында лауазымды қызмет атқарып, полковник шенінде отставкаға шыққан.
Әлекең Сәлима апамызбен Алматыда Достық даңғылының бойында баяғыда Қонаев ақсақал салғызған «Ардагер» санаторийінде алдыңғы жылы танысады. Бұл кісінің фото-портреті төменгі қабаттағы фойеде көрнекті жерде ілінген екен. Онда «Қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш кәсіби кино-телережиссер» деп бадырайып жазылып тұр.
Осы бір жылы жүзді, аңқылдап тұрған апамен сол жолы оқта-текте әңгімелесіп қалып жүрді. Былтырғы жылы да осы демалыс үйінде жолықты. Сәлима апа бір егделеу адаммен әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Жандарынан өтіп бара жатып, апаның ана кісіге «Туған жерім – Марқакөл, елім Найман ішінде Қожамбет…» деп жатқанын естіп, кілт тоқтады. Айналып келіп: «Апа-ау, сізбен жерлес, жерлес қана емес, туыс болып шықтық қой!» -деп еді, Сәлима апа былтырдан бері жүзтаныс боп қалған Әлекеңді бас сап құшақтап, бетінен қайта-қайта сүйді.
-Айналайын-ай, өзімнің бауырым екенсің ғой!
Сол күні екеуара талай сыр ақтарылды.
Сәлиманың кіндік кесіп, кір жуған жері – Марқакөлдің Боран ауылы екен. 1925 жылдың 8-ші қаңтарында Қара Ертіс бойындағы осы ауылда дүниеге келеді. Әкесі Рахметолда Естемесовтің руы – Қаракерей Қожамбет. Сұлу Марқа көлінің жағасында туған. «Көкбұлақ алтын кені, Айнабұлақ, Қарой, Былғары Табыты деген ауылдар Атақозылардың мекені екен»,-деп отыратын. «Жиырма бес», «Құсни-Қорланды» нақышына келтіріп тұрып шырқайтын әншілігі бір бөлек еді.
Кедей таптың нағыз өкілі Рахметолда 1916-18 жылдары Қостанай өңіріндегі Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде оқыған. Оқуға Ғұмар Меңдібаев деген марқакөлдік азаматпен бірге барған.
Еліне оралып, қазақ жастарына білім беру ісіне араласады. Қазан төңкерісі кезіндегі аласапыранда ауыл белсендісі Рахметолданы ақтың, әлде қызылдың екі әскері атуға алып шығады. Оғын шығындағысы келмей ме, басынан қарай қылышпен осып-осып жібереді. Бетін қорғаштай бергенде, оң қолының ортаңғы үш саусағын түбінен қыршып түсіреді. Рахметолда сол жерде құлайды. Екі әскер өлдіге жорып, кетіп қалады. Біраздан кейін есін жиып, төмендегі ауылға түсіп, Теректідегі орыстың қызуы қайтпаған моншасын паналап аман қалады. Ол кезде бұл ауыл орысша Алексеевка аталады. Бұл орыстар оны сатып жібермей, әлін жиған соң, аман-есен аттандырып салады.
Бәйбішесі Гүлжәмила Бүршікбайқызы – Төртуыл ішінде Есімбек. Ол да сол кездегі көзі ашық қазақ қыздарының санатында болған. Өзін жас кезінен айттырған бай жерге (атақты Шолтық би-қажының немересіне) бармай, озық ойлы Рахметолданың етегінен ұстайды. Борандағы дүкенші Уахитов Лұқман әбзи сол кезде тіршілігі қайнап жататын үлкен кентте оқыған таңдаулы төрт қыздың ішінен осы қыздың білімі де, ақылы да тәуір деп таңдап берген.
Бүршікбай Қара Ертіс бойындағы байлардың көбісімен жақсы байланыста болған, өзі кәдімгідей ірі саудагер атанған. Қыз әке мен шешенің дегеніне көнбей, 20-шы жылы Рахметолданың етегінен ұстайды. Бай жермен құдандалы болуды армандаған жақын ағасы Шоғайбайдың өле-өлгенше Рахметолданың соңынан от алып түскен себебі де содан. Мұның өзі – жеке тарих. Сәлимадан өзге Ұрқия, Жанбике, Шолпан, Мұрат деген балалары болды. Бәрі со заманның өзінде-ақ жоғары білім алып шыққан. Яғни, нағыз зиялылар жанұясы.
Отбасы 1930-шы жылдардың басында Зайсанның Көгедай ауылына қоныс аударып, Рахметолда мен Гүлжәмила осы ауылда ашылған мектепте қазақ пен араб тілі пәндерін оқытады. Рахметолданың ортаңғы үш саусағы жоқ, бас бармағы мен шылдыр шүмегімен ғана қалам ұстап, жастарға хат үйретті. Қайынағасы Шоңайбай қоймай арыз жазып, түрткілей берген соң, шиеттей бала-шағасымен жылыстап Семей жаққа көшеді. Қала маңындағы «Қызылауыл» деген жерде мұғалім болып жүргенде, көрсетушілер мұнда да маза бермейді. Бұл кезде Қиыр Шығыста офицер шенінде әскери қызметте жүрген інісі Жәнібек елге оралып, ағасын бүкіл жаняұсымен бірген Алматыға көшіріп алып кетеді.
Рахметолда мен Гүлжәмилә Алматының іргесіндегі Қарғалы шұға комбинатына қарасты мектепке мұғалім боп орналасады. Сәлима Алматыдағы атақты № 12-ші мектепті бітіреді.
«Әкем ақ пен қызылдың күресінің қайнаған ортасында жүріп алған тән жарасы мен жан жарасынан отыз жыл бейнет көріп, Қарғалының шұға комбинатындағы мектепте әдебиеттен сабақ беріп жүріп, 1954 жылы өмірден озды. Ұлағатты ұстаздығы үшін тіпті «Ленин» орденін алған. Шешем Гүлжәмила 94 жас жасап, тоқсаныншы жылдардың ортасында қайтты. Он үш жасымда «атақты Жамбыл ақын қандай адам екен?» деп, үйіне іздеп барып едім. Ол кісінің қартайып қалған шағы, қақырынып-түкірінгенін бала көңілім жаратпай қалып еді. Мен де енді бүгін сол Жамбыл мен шешемнің жасына келіп отырмын»,-дейді апамыз.
Мектепті бітіре сала Алматы музыкалық училищесіне Асқар Тоқпановтың класына түседі. Фортепиано ғана емес, домбыра, мандолинадан кәсіби сабақ алады. Бұл аз болса, хореографиялық училищедегі оқуды бірге алып жүреді. Еңбек жолын да би үйретуші болып бастайды.
Қос училищені қатар бітіріп, 1944 жылы Қызылорда қаласындағы драма театрына қызмет істеуге барады. 1946 жылы талапты жас қыз Мәскеудегі В. Луначарский атындағы атақты ГИТИС-тің режиссерлік факультетіне түседі. Бұрын-соңды мұндай оқуға қазақ қыздарынан ілініп тұрғаны Сәлима ғана екен.
Алматыдан оны соғыс жылдарында жер ауып келген шешен құрбылары жылап-сықтап шығарып салып еді. Москваға алғаш келген жас қыз қолында әкесінің қолдан жасап берген ағаш шабаданы бар, вокзалдан түсті. Ол шабаданды арқалап жүріп, екі-үш шешен жігіті шүйіркелесіп тұр екен, соларға мұсылман баласы ғой, қарайлай тұрыңдар деп балмұздақтың кезегіне барып, қайтып келсе, олар шабаданды алып тайып тұрыпты. Аз-мұз тиын-тебені, көйлек-көншегі де соның ішінде кетті.
ГИТИС-тің мекенжайын жылап-еңіреп жүріп әзер тауып алып келеді. Сәлиманың бағына мұнда оны атақты Уланова мен Завадский қамқорлығына алады. Сөйтсе, бұлар соғыс жылдары Алматыда тұрған, қазақтан көрген жақсылығын ұмытпаған жандар екен.
«Курста соғыстан қайтқан бір солдат оқыды. Сол солдатпен жақын дос болдым. Сыртқа киіп шығатын киім жоқ, кейде соның шинелін киіп аламын. Автобусқа мінгенде, кейбір жерде кезектерде тұрғанда, шинель киген мені көріп, соғыс ардагері екен деп жұрт жапырылып жол береді»,- деп жымиып күледі апамыз.
Атақты балет әртісі Галина Уланова ол кезде КСРО Мемлекеттік академиялық Үлкен театрының балетмейстері. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, Лениндік сыйлықтың, төрт мәрте Сталиндік сыйлықтың лауреаты. Советтер Одағының тарихындағы ең титулды балерина. Блокада кезінде, 1942 жылы эвакуациямен Алматыға көшіп келген екен. Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өнер көрсетіп, 1943 жылы ол кісіге «Қазақ ССР халық әртісі» атағы беріліпті. Алматыда екі жыл тұрған. «Киров көшесіндегі 140-ші үйді туған үйімдей көремін!»,-дейтін.
Юрий Завадский болса, белгілі совет актері және театр режиссері. Ол да – Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық әртісі. Бұл кісі де – Лениндік сыйлықтың, екі мәрте Сталиндік сыйлықтың лауреаты. 1941 жылы Галина Улановаға үйленіпті. Алматыға екеуі бірге келіп, осы қалада екі жылдан астам уақыт тұрған.
Сол кісілер өте жақын тартып, тіпті бұл үшін Үлкен театрдан арнайы ложе бөліп қойыпты. Сабақтан кейін ылғи жүгіріп келіп, сол ложесіне отырып алып, атақты әртістердің ойынын тамашалайды. Бес жыл Мәскеуде тұрды. Үш жыл бойы жазғы демалыс кезінде елге қайтуға ақша табылмай, ала жаздай осында жұмыс істеп, бүкіл Мәскеудің көшелерін жатқа біліп алды, Советтер Одағының астанасында қанша мұражай бар, солардың барлығын түгелдей аралап шықты.
Уланованың өзі Сәлиманы би өнеріне баулыды. Бүкіл әлемге әйгілі бишіден тәлім алған адам осал болсын ба, бұл салада да біраз биікке жетті. Тіпті, кейін Мәскеуде биден қосымша сабақ беріп, ақша тапты. «Галина Сергеевна мені ылғи да оң жақ тізесіне жақын отырғызып, қызындай аялаушы еді»,-дейді апамыз.
Оқуды үздік оқып, Сталиндік стипендия алып жүрді. Сол стипендиясынан жырып, Алматыдағы әке-шешесі, бауыр-сіңлілеріне де қарайласып тұрды. Үздік студентті кейін жай жатақханадан аспиранттар тұратын жайлы жатақханаға ауыстырды.
Атақты революционер Серго Орджоникидзенің жалғыз қызы Этери Григорьевнамен бірге оқыды. Екеуі өте тату құрбы болды. Нағыз большевиктің қызы десе дегендей, қарапайым қыз еді. Оның әкесі де 37-нің құрбаны болып кеткен кісі ғой.
Сталиннің жерлесі, серігі, КСРО Халық Комиссариатын басқарған, ауыр өнеркәсіп министрі болған, «железный нарком» деген ныспысы бар Серго (Григорий) Орджоникидзенің әйелі Зинаида күйеуі атылғаннан кейін он жылға кесіліп, «жазасын» өтеп келген кезі. Ол кісінің қолынан құрбысына еріп барып талай рет шай ішіп еді. «Қазақ деген керемет халық. Сен – сол халықтың осы Мәскеудегі бір өкілісің! Сабағыңды жақсы оқы!» -деп отыратын. Осы бір қамқор болған тамаша адам бертін, 1960 жылы дүниеден қайтады. Сәлимадан екі жас үлкендігі бар Этери Григорьевна 2010 жылы дүниеден озды…

Құрбы демекші, Ләйла Мұхтарқызымен өте жақын құрбы болды. Қонаев Асқарға тұрмысқа шыққанда, жолдас қыз бол деп те шақырады. Тойға киетін көйлегі болмай, бара алмаған.
-Мұхтар аға үйлеріне жиі келіп жүргенде, мені әбден жақсы танып алды. Мәскеуден оқу бітіргенімді, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер екенімді білгенде: «Пәлі (о кісінің бір нәрсеге разы болғанда жиі айтатын сөзі екенін кейін аңғардым), сен қыз өсуің керек. Сені үлкен қызметке тағайындату қолымнан келеді» -деп неше рет айтты. Ұлы жазушының осы ұсынысын пайдаланбадым,-деп жарқылдай күлді апай бір кезде.
Қазақтың бар жақсы қасиетін бойына жинаған ғажайып дархан мінезді Күләш Байсейітовамен де жақын араласты. Бірде, қайтыс боларының алдында ғана қатты ойланып, бір нәрсеге айрықша алаңдап, арлы-берлі тыным таппай жүр екен. Қасына барып жұбатайын деп қанша оқталғанымен, бара алмады. Кейін жанына жақындап, демеу боп, сыр тартып, жай сұрап, жұбатпағанына қатты өкінді.
1950 жылы ГИТИС-ті үздік бітіріп, елге оралды. 1952-56 жылдары Әуезов театрында орыс және қазақ классиктерінің біршама пьесаларын сахналайды. Сол жылдары ел тіршілігіне енді ғана еніп келе жатқан теледидарда Қ.Бадыров, С.Майқанова, Н.Жантөрин, Ш.Жандарбекова, тағы басқа майталман әртістердің, Ә.Қастеев, Қ.Телжанов секілді ғажап талантты суретшілердің шығармашылық портреттерін жасайды.
50-ші жылдардың ортасында Қарағанды театрында жемісті режиссерлік қызмет атқарады. 1959 жылдың 28 ақпанында «Социалистическая Караганда» газетінде қос бетке жарияланған И.Ляховскаяның «Её судьба» атты етектей очеркі – сол жемісті еңбектің куәсі.
1965 жылы Москва сахнасында Б.Майлиннің «Майданын» телеспектакль етіп қойып, ол Советтер Одағына теледидар арқылы тарайды.
Осы салада табаны күректей қырық үш жыл қызмет етті. Қазақ кино және театр өнерінің небір атақты майталмандарымен бірге жұмыс істеді. 1980 жылы «Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген өнер қайраткері» деген атақ алды.
Бұл кісінің Марқакөлге дегені сағынышында шек жоқ. Туған жері жайлы сөзбен өрнектеп жазған жазбаларының өзі ондаған қалың дәптер. Тіпті осы өңірде 1918 жылы орын алған уақиғалар жайында пьеса да бастап жазған. Қаншама жазба өңдеу күтіп тұр. Сол баяғы балалық кезден кейін еліне қайтып бір бара алмағанына өкінеді. «Туған жерім жайлы телефильм түсірсем деген арманым бар еді. Әттең…»,-деген бір өкініш іште кетіп бара жатқанын сездік. Туған жерімен бес жасында қоштасқан адамның атамекенге деген аяулы сезімін жүрек түкпірінде сақтап келе жатуында не құдірет бар екенін өзі де түсіне бермейді…
– Анам – өте әзілқой адам. «Қазақтың әзіл-қалжыңы, ойын-оспағы өте терең ғой. Орыстың әзілі оның қасында әдірам қалады»,-деп отырады. Қажымай-талмайтын ғажап еңбекқор,-дейді жалғыз ұлы Қанаш.
P.S.: Өкінішке қарай, осы мақаланың газетімізде жарияланғанын Сәлима Рахметолдақызы көре алмай кетті. Режиссер апамыз дүниеден озыпты. Туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.
Сайлау Төлеуов
Семей-Алматы