Руханият

ҚАЗАҚТЫҢ РУХАНИ МЕККЕСІНЕ БАР (Жолжазба)

Абай еліне барған сапарымызда алдымен ұлы Абайдың атақонысы, Абай жатқан Жидебайға, осындағы Абай мұражай-үйіне  жол тарттық. Жидебай қыстауында қазақтың қос бәйтерегі Абай мен Шәкәрім,  Абайдың інісі Оспан, Шәкәрімнің ұлы Ахат, Ұлжан мен Зередей аналарымыз жатыр.

АБАЙДЫҢ ӘНІНЕ МҮЛГИДІ АЙНАЛА

Алдымыздан төбесі көрінгеннен  асықтырып,  жақындаған сайын көңілді толғап, тербеткен   Жидебайдағы Абай мұражай-үйіне келіп жеткенімізде,  ауладан   таныс әуен, таныс жыр естіліп жатты. Бас ақын, ұлы Абай туған  үй домбыраның күмбіріне  ілесіп, әуезі бойды баураған Абайдың әнімен қарсы алды. Жүрегім толқи аулаға қадам бастым. Тоқтай қалып, мүлгіген ақ даламен бірге демімді ішіме тарта  тыңдап тұрмын.

Тә-ә-ң-і-рі қосқан жа-а-ар едің се-е-ен,

Жа-а-ар ете а-а-лмай кетіп ең-ң-ң.

О-о-л кезімде ба-а-ла едім мен,

Аямасқа-а-о-оу  бекіп ең-ң…

Қателеспесек, Мәдениет Ешекеевтің дауысы.

Жидебайдағы Абай үйі-мұражайының меңгерушісі Нұржан Байтөс алдымыздан шығып, қарсы алды. Бүгінде елдегі  жырсүйер қауымға жақсы таныс жас ақын бірер жыл бұрын «Дидардың» мерейтойындағы жыр мүшәйрасында да бас жүлденің бірін иеленгенін білеміз.

Ақын мерейтойы қарсаңында Абай мұражай-үйін заманауиландыру жұмыстары қолға алынып жатыр екен.  Мұражайдың концепциясы жаңғыртылып, жәдігерлер ішінара  қайтадан орналастырылмақ, ішін қазіргі заманғы технологиялық мүмкіндіктермен халықаралық дәрежеге сай жарақтандырып, жарықтандыруға, жәдігерлер қойылған витриналарды 3Д форматы жүйесіне көшіруге дайындық жүргізіліп жатыр. Былтырдан бері мұражайдың ауласында дәстүрлі әншілердің орындауындағы аудиотаспаға түсірілген Абай әндері әуелеп жатыр. Абайға тәу етуге, Абай мұрасымен жүздесуге, Абай сәулесіне ұмтылуға асыға келген ұрпақ, адам алдымен ақынның осынау әндерін естіп, елітіп, рухтанып, тебіреніп, толғанып аттап жатыр дала данышпанының табалдырығынан. Ұлы ақынның 170 жылдық мерейтойында Жидебайдағы мұражай-үйінің жанынан алыс-жақыннан келушілерге арналып асханасымен екі-үш кісілік 8 бөлмелі қонақүй ашылыпты. Алайда қонақүй қыста жұмыс істемейді екен, жабық тұр.

Осы қыстау үйі, Абай, інісі Оспан, Шәкәрім қажы ұлы Ахатпен бірге жерленген кесенелер, Ұлжан, Зере аналар және Құдайберді жерленген қорым, «Жидебай-Бөрілі» мұражайы,  Мұсақұлдың төбесі, Махмұт қорасы, Орыс қорасы, Тобықты руын Мамай батырмен бірге бастап келген әйгілі Кеңгірбай би бай қорығы 6400 гектар жерді қамтып жатыр.

– Абайдың үйі қала мәдениеті үлгісінде салынған. Жобасын Абайдың өзі жасап, Семейден арнайы 30 шақты шеберді шақырып тұрғыздыртқан. Мұның алдындағы ескі там Құнанбай қажы салдырған там болған екен. Бұрынғы сол замандағы үйлердің құрылысы бойынша ат қора, пішен қора, басқа да қоралар үйге жапсарлас салынып, үйге бір есік арқылы кіріп, әрі қарай екі жаққа өтетін болған. Абай ондай шаруашылық жұмыстары орнын үйден қашықтау орналастырып, бұл үйді тек отбасы тұратын, қонақ қабылдайтын жер еткен. Шыңғыстау өңірінде салынған тұңғыш қала мәдениеті үлгісіндегі үй. Үйдің құрылысы 1895 жылы басталған, – деп жалғастырды әңгімесін  Абай мұражай-үйінің салыну тарихымен таныстырған Нұржан Байтөс.

Тарихтан білетініміздей, Жидебай өлкесін Құнанбайдың шешесі Зере, әйелдері Ұлжан, Айғыз қыстап отырған. Абай осы аналарының қамқорлығында, осы жердің тау мен тасында, ауасы мен суын ішіп өскен.  Абайдың інісі Оспан өмірден өткен соң, әмеңгерлік салтпен оның ағасы Абайға тұрмысқа шыққан Еркежан Абай қайтыс болғанға дейін 11 жыл бірге осы қыстауда бірге тұрады. Еркежан бөлмесінің қабырғасында Абайдың  осы Жидебайда Еркежанмен бірге түскен суреті тұр, жандарында Мағауия, Тұрағұл,  немерелері Әубәкір мен Пәкизат және Әубәкірдің жары Кәмалия  бар. Бұл кезде Абайдың екі жары басқа ауылдарда, Ділда Ақшоқыда, Әйгерім Аралтөбеде тұрыпты. Абайдың үш жары туралы жазылып жүрген кейбір соңғы деректерге қарасақ, «Абай Еркежанды алмай тұрғанда көбінесе Ділданың ауылында болып, кіші әйелінің балаларын сол ауылда өз қасына алып жүріп, Мағауиямен бірге тәрбиелеген. Әйгерімнің қыстауы Аралтөбеде. Ол Еркежан қыстауынан 70 шақырым жерде болған… Абай Еркежанды өле-өлгенше  жақсы көрумен кеткен. Мұны алған соң, әсіресе соңғы кезде көңілі қалған Әйгерімнен алыстап кетеді…» деген үзінді келтіреді  жазушы, драматург Ермек Балташұлы «Абай кz» ақпараттық порталындағы мақаласында М.Әуезовтің  20 томдық шығармалар жинағына сілтеме жасай отырып. Ділда ананың жақсы жар, аяулы ана, үлгілі келін болғанын жазады. Абайдың Ақшоқыдағы  қыстауында тұрған Ділда 1860 жылдан 1923 жылға дейін сонда болады. Ділда – Қазыбек бидің ұрпағы, арғын руының биі Алшынбайдың туған немересі. Кеңес үкіметінің асыра сілтеуі кезінде Ділда Ақшоқыдан көшіп кетуге мәжбүр болады. Ол жақта Абай мен Ділда тұтынған дүние-мүліктің көбі де әлдекімдердің қолында кетіпті. Абайдың өтінішімен 1880 жылы зергер Еспенбет жасаған Ділданың зерлі ағаш төсегі ғана аман қалып, 1939 жылы  мұражайға тапсырылған.

АТАҚОНЫСТЫ АТҚОРАҒА АЙНАЛДЫРЫПТЫ

Жидебайдағы Абай үйінің алдындағы қонақтар келген кезде ат байлайтын лапасының шіри бастаған діңгектері, төбедегі сырғауылдары ақын тойының 150 жылдығы қарсаңында жаңаланып, ауыстырылған екен, қазір бұлардың өздері де ескіріп, жәдігерге айналып бара жатыр. 1904 жылы Абай қайтыс болған соң, бұл үйге Ақылбайдың ұлы Еркежанның бауырында өскен Әубәкір ие болып қалады. Әубәкірдің өзін 1931 жылы айдауға жіберіп, үйді Үкімет тәркілеп, тартып алған. Тартып алып, бұл жерден дүкен, кітапхана ашқан. Жан-жағынан есік шығарып, тұрғын үй де етіпті. Ең сорақысы, мал қора ретінде де пайдаланыпты. Қабырғасы биік болған соң, түйе қамайтын қора, ат қора етіп, ішіне мал қамап қойған көрінеді. 1940 жылы бұл жерге Мұхтар Әуезов келген кезде үйдің қирауға айналған аянышты жағдайын көріп, қатты қиналып, бұл үйді қайтадан жөндеуден өткізіп, Абайдың 100 жылдық тойында үйді мұражай етіп ашуды тапсырады. Осылайша, Семей қаласынан 180 шақырым, Қарауылдан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Жидебайдағы Абай қыстауы 1945 жылы ұлы ақынның туғанына 100 жыл толуы қарсаңында арнаулы мемлекеттік комиссия шешімімен Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйіне айналды. Мұражайдың бес бөлмесі мен үш залына орналастырған заттар ұлы ақынның жақын-туыстарынан, достары мен замандастарынан алынған. Үйдің кұрылымы, сыртқы пішіні Абай заманындағы көрініс келбетін сақтаған. Үй негізі екі бөліктен тұрады, ас үй, ортаңғы бөлмелер саманнан тұрғызылған, шошала тастан қаланған. Үйдегі пештер де Абайдың жобасымен қалпына келтірілген. Абайдың үйінде қонақтар өте көп келгені белгілі. Таңның атысы, кештің батысы келіп жататын қонақтардан арылмаған бұл үйде Абай басқа қонақтардан өзге ақын, әнші шәкірттерімен кездесіп, мәжіліс құрып, кеңесіп, тоғызқұмалақтан жарыстар өткізіп, жүлдесін  өзі тағайындап отырған. Мынау ас үйде тұрған бу тартпа пеш үстіндегі қазандар сол кезде үздіксіз қайнап, бірінде ет асылып, бірінде қуырдақ қуырылып деген сияқты үнемі отта тұрған екен. Бұл тарихи деректер, үйдің қай жерінде қандай зат тұрғанының бәрі Абай отбасының қызметшісі болған ерлі-зайыпты Қатпа, Мақып Қорамжановтардың айтуымен, көрсетуімен жинастырылып, қойылыпты. Шошаланың ортасындағы адалбақанға айқастыра сырғауылдар қойылып, сойылған малдың еті соған ілініп, ортаға қойылған  тобылғының шоғымен ысталған. Мақып әженің «бүкіл ауылдың қыз-келіншектері жиылып  бауырсақ пісіретінбіз, сонда бір күннің ішінде 4-5 қап бауырсақ желініп кететін кездер, екі-үш бас ірі қара малы сойылатын уақыттар болды» деген естелігі, әңгімесі бар.  Абайдың немересі  Әубәкірдің атқосшысы болған Мұхтар Бәшейұлы айтқан естеліктер де көп. Бұл үш тұлға да  Мұхтар Әуезовке «Абай жолы» деректерін жеткізген, Абайдың психологиялық портретін көрсетіп кеткен  жандардың бірі. Төргі бөлменің қабырғасында  Қатпа мен Мақыптың суреттері де ілініп  тұр. Қатпа Абаймен аңға да жиі шыққан. Қатпаның алдында тұрған  Арыстан деген иті бір күннің ішінде екі қасқыр алған кезі де болған екен.  Өмірінің соңғы жылдарында бес жылдай Абайдың шайын дәмдеп құйып берген Мақып 1972 жылы 105 жасында  өмірден өткен екен. Қатпа мен Мақыптың ұрпақтары бар дейді Нұржан, – Көкбай, Қарауыл ауылдарында тұрып жатыр.

ҰЛЫ АҚЫННАН ҚАЛҒАН ҚОС СУРЕТ

Мұражай бөлмелеріне ақынның, оның отбасының дүние-мүліктерімен бірге Абайдың 100-112-150 жылдық мерейтойларында сыйға келген алашалар, түрлі көне заттар да  қойылған.  Былтыр  да мұражайға  екі ғасырға жуық өткен екі көне жәдігер – алаша және қымыз пісуге арналған піспек, бірі Алматыдан, бірі Талдықорғаннан әкелініп өткізіліпті.

Үйдің төргі бөлмелерінің бірінде Абайдың бізге жетіп, тарихта қалған екі суретінің бірі – 51 жасында ұлдары Тұрағұл мен Ақылбайдың ортасына отырып түскен суреті ілініп тұр. Семейде түскен бұл суретте Ақылбай 35-те, Тұрағұлдың 22-ден асқан шағы. Еркежанның бөлмесінде тұрған  екінші суретке Абай 1903 жылы әулетімен бірге  58 жасында осы Жидебайда түскен. Суретте  Ұлы Мағауия, Тұрағұл, Еркежан ана, немерелері Әубәкір мен Пәкизат және Әубәкірдің жары Кәмәлия бар.  Еркежан бауырына басқан Ақылбайдың балалары Әубәкір мен Пәкизат өле-өлгенше Оспанның баласымыз деп кеткен екен. Алдыңғы қатарда отырған Пәкизат киіп отырған құндыз бөріктің де мұражайда сақталғанын көрдік.

Ұлы ақынның жұмыс бөлмесіне өтер ортаңғы бөлмеде Абайға Батыс Сібірдің генерал-губернаторы барон Таубе сыйға тартқан  үш ауызды мылтық – генерал-губернатордың Семей жаққа келгенде Абайдың әңгімесіне разы болып берген сыйы ілініп тұр. Ол заманда қару-жарақ ұстау түгілі, оны көру, сатып алу оңай емес, сондықтан оның Абайға мылтық сыйлауы ақынға деген асқан бір құрметтің, мәртебенің, мойындаудың белгісі десе болады. Бұл мылтықтың да тарихы әр жақта жатыр. Мылтықтың төменгі жағына Абайдың Әйгерімге берген күміс ертоқымы қойылған. Әйгерім Абайға ұзатылып келгенде, осы күміс ертоқымға мініп келген. Мынау – Құнанбай қажының тақиясы мен белдігі де құнды жәдігерлердің қатарында. Бұлардың ғана емес, мұражайдағы  қай заттың болмасын бағасы жоғары,  құнды. Абайдың жұмыс бөлмесіндегі төрдегі үстел басында тұрған отыздық шам Абай атамыздың өзінің пайдаланған шамы екенін естідік. Маймен жанады. Үстел де өзінікі. Ұлы Абай, хакім Абай осы жерде отырып, қазақ елінің  ойы, нәрі, ілімі, рухани азығы болған өлеңдері мен жырларын, қара сөздерін  шығарып, қағазға түсірген.  Ел тарихшылары, ақындары, жұрт Жидебайды сол үшін қазақтың рухани меккесі, қазақ поэзиясының меккесі, ұлт руханиятының қайнар көзі деп біледі. Абайдың Семей қаласында тұратын Әнияр Молдабаев деген шәкіртінің үйі Құнанбай әулетінің балалары барып тоқтайтын үй болған екен. Ондағы бір бөлме Абайға берілген. Осында тұрған кітап сөресі, айна, әлі сол күйінде тұрған  қабырға сағаты, шағын үстел, орындық, барлығы сол Семейдегі Абай бөлмесінен алынған. Бәрі де – Абайдың қолымен  ұстаған, ақынның иісі сіңген заттар. Осы мұражай ашылғанда, Әнияр Молдабаев бұл жәдігерлерді осында әкеліп өткізеді.

Төрдегі төсек Абайдың бәйбішесі Ділданың жасауымен келіпті. Атақты белді би Алшынбай бидің туған немересі болған Ділданың жасауы да ерекше болып беткі бедері асыл заттармен, мыс, күміс, жез шегелермен әсемделіп, көмкерілген көрінеді. Сол заманнан бері қарай асыл тасы ұрланып, тоналып, қолды боп кеткен төсек реставратормен қайтадан қалыпқа келтіріліпті, қазір ол асыл тастар жоқ.

Ділданың төсегінің тұсында ұлдары Әбіш пен Мағауияның суреті қатар ілінген. Әбіш құрт ауруынан өткен соң, жердің шалғайлығынан алғашында Алматыға жерленген. Көктемде сол жақтан қазылып әкелініп, Ақшоқыға қайта жерленеді. Ауырып жатқанда күтіп, Әбіштің қасында болған Мағауия да жеті жыл көлемінде емделгенімен, ауруынан айықпай өмірден жастай өтеді.

Жидебайда  72 өлеңін, 25 қарасөзін,  аудармаларын жазған Абай асыл ұлдарының қазасынан соң соңғы уақыттарында елден оңашаланып өзімен-өзі қалады. «Ұлдарының қазасынан кейін шерге батып отырған сондай бір кезде Абайдың серігі Қиясбай үстіне баса көктеп кіріп келіп, «Не істеп отырсың, Абай, халқың күтіп отыр» дегенде, бір сәтке болса да Абай атамыз есін жинап,  ел алдына барып, халықты қабылдаған екен» деп әңгімелеп берді Абай мұражай-үйінің әр жәдігерін, Абай заманының қилы кезеңдерін бізге бар бейіл-ынтасымен баяндап, түсіндірген Нұржан Байтөс.

Жидебайға осы жолы екінші рет келуім. Бір кездері берекесі тасыған Абайдың қара шаңырағынан, атақонысынан санам қайта серпіліп, кеудем тағы күмбірлеп шықты. Ауланың бұрышындағы лапастың астында, әне, Абай талай Семейге барған пәуескісі мен арбасы тұр.

Қараңғы түнде-е тау қалғы-ы-ып,

Ұйқыға кете-р-р балбыра-а-п.

Даланы-ы-ы жым-жырт, де-е-ел-сал қып,

Түн басады салбы-ы-ра-а-ап…

Ауладан естілген Абай әнімен жүрегім қоса жырлап тұрды. Оқырман, Абайға, Жидебайға, қазақтың рухани меккесіне бар!

(Жалғасы келесі сандарда)

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button