Қазақ тіліндегі қателер қашан азаяды?

Қанша уақыт бойы көтеріліп келе жатқан бұл мәселе әлі де өзектілігін жоймаған. Қала көшелеріндегі түрлі дүкен, аялдама, жарнама баннерлері, маңдайшалар, плакаттардың қазақ тіліндегі атауының, аудармасының қатемен жазылуы тыйылар емес. Мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінінде көбінесе қазақтың төл дыбыстары түсіп қалып жатады.
Өскемен қалалық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімі жыл сайын визуалды ақпарат пен сыртқы жарнамалардың қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне дұрыс аударылуын бақылау мақсатында тексеру және түсінік жұмыстарын жүргізеді. Биыл 12 наурыз бен 12 сәуір аралығында «Көрнекі ақпарат сауатты болсын!» тақырыбында өткен айлық барысында 375 шаруашылық жүргізу субъектісі тексеріліп, оның 25-інде түрлі қателер бар екені анықталған. Бүгінгі таңда 15 нысан иесі олқылықтарын түзетіп үлгерсе, қалғандарына уақыт берілген. Сонымен қатар ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында 122 жарнама куәлігінің нобайы қаралып, оның жетеуі түзетуге жіберілген.
− Маңдайшаларды, жарнама баннерлерін көшеде орналастырмастан бұрын, олар облыстық лингвистикалық орталығында, қалалық ішкі саясат бөлімінде қаралады. Ал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Тіл туралы» Заңының 21-бабының орындалуын қадағалайды, яғни көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мемлекеттiк тiлде − сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады және бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылуы тиіс. Көрнекі ақпарат аталған заңның бабына сәйкес болған жағдайда ғана ілуге рұқсат етіледі. Ал қазіргі біз көріп жүрген қатесі бар жарнамаларды жеке кәсіпкерлер еш рұқсатсыз жариялап жүр. Бұл мәселені жүйелеп, ретке келтіретін заңнама талаптары әлсіздеу. Дегенмен, соңғы жылдары мұндай олқылықтар саны едәуір азайған, − дейді Өскемен қалалық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімі басшысының орынбасары Бақытжан Сағымқызы.

Бақытжан Сағымқызының айтуынша, кез келген қала тұрғыны немесе қонағы аталған кемшіліктерді байқаса, Өскемен қалалық тілдерді дамыту және мәдениет бөліміне шағымдана алады.
– Қарапайым халықтың белсенділігі осындай олқылықтардың алдын алуға үлкен септігін тигізер еді, − дейді ол.
Қате жазуды іліп қойғандардың бірі – Сәтпаев даңғылындағы автобөлшектер дүкені. Маңдайшасындағы жүгіртпе жолда жұмыс уақытын «9:00-дан 17:30-ге дейін» деп көрсеткен. Сондай-ақ бірқатар азық-түлік сататын дүкендер маңдайшасына «азық түлік», «азық-тулік», ал гүл сататын дүкендер «гулдер», аяқ киім сатумен айналысатын дүкендер «аяқкиім» немесе «аяқ-киім» деп жазып қойған. Тіпті дүкен деген сөздің өзін дұрыс жаза алмай «дукен» деп іліп қойғандар да кездеседі. Күнделікті көріп жүрген бұл кемшіліктер шаһар халқының етіне сіңіп, үйреншікті жағдай болып қалған.
Қате маңдайшасын дүкенінің төбесіне іліп қойған жеке кәсіпкерлер «бұл жеке аумақ», «барлығы тексерілген, дұрыс жазылған» дегеннен бөлек қандай да бір нақты жауап беруден бас тартты. Жарнама мен көрнекі ақпарат белгілі бір заңдылықтарға бағыну керектігін бірі білсе, бірі білмейді.
Алтынай Бақытжан,
С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті
Өскемен.