Қоғам

Қазақ тілін білетін өзге ұлт жастарының қатары артып келеді

Қазақ тілін білетін өзге ұлт жастарының қатары артып келеді

Кеше Тұңғыш Президент күніне арналған онкүндік аясында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен Өскемен қаласында мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының арасында «Бір Отан, бір тіл – Тәуелсіз Қазақстан» атты облыстық форум болып өтті. Форумға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

Мемлекеттік тілді меңгерудің ешқандай қиындығы жоқ. Тек ынта мен ниет болса болғаны. Өңірімізде осымен алтыншы рет өтіп отырған форумға қатысушылардың әрқайсысы іштей осындай ой түйгені анық. Өзге ұлттың өкілі болса да, қазақ тілін өзінің ана тіліндей өте жетік білетін жастардың қатары жыл сайын артып келе жатқаны шынында да көңілге қуаныш ұялатады. Осы орайда осынау шараның Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өтіп отыруы да тегін емес. Өйткені, «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс» деп елімізде сауатты да дәйекті тіл саясатын жүргізуге бағыт-бағдар беріп отырған да – Елбасы. Иә, Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ айтқандай, «қазақ елінің болашағы – қазақ тілінде».
2009 жылы Риддер қаласынан бастау алған осынау шараның көздеген мақсаты да – осы, яғни рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы ретінде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қоғамдағы мақсаты мен міндеттерін өзге ұлт жастары арасында кеңінен насихаттау. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясының одан әрі кеңеюіне ықпал ету. Облыстық форум Риддерден соң Зырян, Серебрянка, Өскемен қалалары мен Шемонайха ауданында жалғасын тапты. Биылғы форумға да мемлекеттік тілді меңгерген және оны қоғамдық өмір мен шығармашылықта белсенді қолданып жүрген 18 бен 35 жас аралығындағы жүзден астам өзге ұлт жастары қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесі, оның қолданыс аясын кеңейту және тілдердің үштұғырлығы төңірегінде өз ойларын ортаға салды.
Форумда алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар алды.
– Құрметті жастар, жиналған қауым! Өздеріңіз жақсы білесіздер, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің бойына қан бітіп, қайтадан жаңарып, дамуы, бүгінгі күнге бұзылмай жетуі ең бірінші, осы қазақ ұлтының арқасы. Кейінгі тарихтың небір кезеңдерінде біраз қиындық көрсек те, тарихтың небір қатпарларында геноцид кешсек те, бүгінгі күнге жеткізген біздің ең басты байлығымыз, ол – тіліміз. Қазақ тілі әлемдегі ең бай, ең көркем, ең шебер тілдердің бірі екенін сіздер жақсы білесіздер. Қазақ тілі – бүгінгі қарыштап дамып келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміздің тілі. Сондықтан да қазақтың жерінде тұрып жатқан барлық ұлт өкілдері осы тілді білуге міндетті деген Президентіміздің сөзі бар. Сол ұстанымды қолдай отырып, биыл біздің облысымызда алтыншы рет мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының форумы өтіп отыр. Бұл форумның негізгі мақсаты мемлекеттік тілді жетік меңгерген жастардың қатарын көбейту. Әрине, ең алдымен негізгі мемлекет құраушы ұлт өзінің тілін қадірлеуі тиіс. Сонымен қатар, осы мемлекетте тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері де мұны қолдауы керек. Осы ұстаныммен жұмыс істеп келе жатырмыз. Бүгінгі таңда біздің облыс тұрғындарының 20 пайызы жастар. Осы жастарымыз тілді меңгеріп, оның майын тамызып, жан-жағына жаятын болса, жолдастарын, әріптестерін мемлекеттік тілде сөйлеуге насихаттайтын болса, ол сендердің негізгі азаматтық парыздарың деп білеміз, – деген облыс әкімінің орынбасары жиналғандарды форумның ашылуымен құттықтап, шараны ұйымдастырушыларға үлкен алғысын жеткізді. Сондай-ақ, Жақсылық Омар мемлекеттік тілді жастар арасында насихаттауға, оның қолданылу аясын кеңейтуге және мәртебесін көтеруге қосқан үлесі үшін бірқатар жастарға облыс әкімінің құрмет грамоталарын табыс етті. Олардың арасында этнос жастары арасында өткен облыстық Абай оқуларының жеңімпазы, бесқарағайлық Анна Кабакова, Өскемендегі Халықтар Достығы үйі – қоғамдық келісім орталығы жанындағы армян этномәдени орталығының мүшесі Армен Карапетян және тағы басқалар бар.

Қазақ тілін білетін өзге ұлт жастарының қатары артып келеді

Форумға өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиналған делегаттар мемлекеттік тіл төңірегіндегі өз ойларын ашық айтып, ұсыныстарын жеткізді.
Әсіресе, сөз алғандардың ішінде аягөздік Олеся Медведеваның айтқан пікірлері форумға жиналған қауымның ойын дөп басқандай болды. Әрине, қоғамдық өмірдің кез келген саласы мемлекеттік органдар арқылы басқарылады. Оның бір саласы – құқық қорғау органдары. Олеся Юрьевнаның өзі де Аягөз ауданы ішкі істер бөлімінде қызмет етеді екен. Ол форумда құқық қорғау саласы қазақша сөйлемей, қазақ тілінің хәлі мүшкіл қалпында қала беретінін батыл айтты. Өйткені, дәл осы сала халықпен тікелей байланыс жасайды. Сондай-ақ, Олеся Медведева әр елдің заңы өз тілінде болуы керек деген ойымен де бөлісті. Өкінішке қарай, біздің елде заң жобалары ең алдымен орыс тілінде әзірленіп, сонан соң ғана қазақ тіліне аударылады.
Ал мемлекеттік тілді қолданудың абырой-беделін жастар арасында кеңінен насихаттап жүрген бесқарағайлық Анна Кабакова қоғамда мемлекеттік тілге деген сұранысты арттыру қажет деп санайды.
– Елбасымыз Президентке бірден-бір үміткер ретінде қазақ тілін білу бойынша емтихан тапсырды. Оған қазақ тілін білу талап ретінде қойылып отыр. Ал осы талап неге басқа лауазымдарға қойылмайды? Бұл талап барлығына, бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілерге қойылуы керек қой. Осы әділдік пе? – деп сауал тастады Анна Кабакова залдағы жиналған қауымға.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілмен қатар ағылшын тілін меңгеру заман талабы болып отырғаны шындық. Үш тілді білу – бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі факторы. Форумда бұл туралы Семей қаласындағы №15 балабақшаның мұғалімі Юлия Ксенафантова әңгіме қозғаса, Риддер қаласынан келген делегат, облыстағы поляк мәдени орталығы Риддер филиалының төрағасы Максим Санников татулықтың тірегі – тіл екенін алға тартты. Бір атап айтарлығы, Максим Санников қазақ-поляк сөздігін құрастырып, сөзін нақты іспен дәлелдеп жүрген азаматтардың бірі екен.
Жалпы, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының форумында сөз алғандардың қай-қайсысы болмасын, мемлекеттік тілдің мәртебесінің биік болғанын қалайтындықтарын жеткізді.
– Мен бұл форумға осымен төртінші рет қатысып отырмын. Бір байқағаным, жыл өткен сайын форумның деңгейі көтеріліп келе жатыр. Қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт жастарының да қатары артып келе жатыр, – дейдіТарбағатай ауданы Ақсуат ауылынан келген делегат, неміс қызы Светлана Вагнер.
Ұлан ауданынан келген орыс жігіті Илья Кузнецов та мемлекеттік тілдің мәртебесі артып, ертеңінің жарқын болатынына сенімді.
Осылайша, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының «Бір Отан, бір тіл – Тәуелсіз Қазақстан» атты облыстық форум алтыншы рет өз мәресіне жетті. Форум соңында оған қатысушылар өңір жастарына үндеу жариялады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button