Қазақ театрының «қара нары»

Облыстық қазақ драма театрында еліміздің Мәдениет саласының үздігі Қанат Ниязбековтің бенефисі өтті. Өзінің шығармашылығына арналған кеште актер К.Жұмабековтің «Замана неткен тар едің» атты қойылымындағы Абай образын сомдады.
Қазақтың ғана емес, күллі адамзаттың ақыл-ой алыбына айналған Абай бейнесін сомдауды сахнада жүрген әрбір актердің армандайтыны даусыз. Бірақ сахнада Абай болып толғану, Абай болып ой тереңіне сүңгіп, сөз маржанын теру кез келген актерге бұйыра бермесі айдан анық. Бұл жағынан Қанат Оразханұлының жолы болыпты. Жалпы, облыстық қазақ драма театрының сахнасында өткен он сегіз жылында ол ойнамаған рөл жоқ. Қарап отырсақ, қазақтың қарапайым ғана қара шалынан бастап ханына дейінгі рөлдердің бәрін сомдаған екен және оның әрбір рөлі біріне-бірі еш ұқсамайды. Асқаралы алпыс жылдық мерейтойына арналған бенефисінде де Қанат Оразханұлы заманында «мыңмен жалғыз алысқан» Абай рөлін сомдады. Ақын жанының иірімдері, ойының тереңдігі, жүрек бұлқынысы көрерменге сезіліп тұрды. Бәлкім, актер шеберлігі деген де осы болар. Қойылымда Абай елдің ғана күйін күйттемейді, балаларының болашағын ойлаған қамқоршы әке ретінде де көрінген. Әбіші мен Мағауиясы Абайдың үкілеген үміті еді. Оларды халықтың адамы болса деген тілегі бар еді. Бірақ алдымен Әбіші, содан кейін келіні Мағыш мезгілсіз дүниеден озып, ұлы ақынды есеңгіретіп кетеді. Тартыспен басталған драма трагедиямен аяқталады. Жалпы, бұл қойылым театр репертуарынан 2015 жылы ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында орын алған-ды.
Зал толы көрермен Абай рөлін сомдаған Қанат Оразханұлының өнеріне риза болып, дуылдата қол соқты.
Спектакльден кейін кезек құттықтауларға да келіп жеткен болатын. Ең алдымен сахнаға облыстық драма театрының директоры Дінмұхаммед Ұябай көтерілді.
– Бүгін біздің қазақ театры үшін ерекше күн. Ерекше дейтініміз, театрымыздың көрнекті актері Қанат Оразханұлы алпыстың асқарына шығып. Қанат осы театрдың алғаш кірпішін қалаушылардың бірі ғана емес, бірегейі. Он сегіз жыл бойы театрдың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген азамат. Қанаттың алар асулары мен бағындырар белестері әлі алда. Әріптестеріңіз өзіңізге қарап бой түзейді, сондықтан Сізге шығармашылық табыс, шабыт тілеймін, – деді ол.
Театрдың кәсіподақ ұйымының атынан сөз алған Сахан Әкелеев те Қанаттың мақтауын асырды. Күні кеше Өскемен қаласында қаракөздердің аз болғанын, бірақ соған қарамастан Қанат бастаған бір топ актер театрдың іргетасын қалағанын ерекше атап айтқан ағамыз:
– Қанатты театрымыздың қажымас қара нары деп айтсақ қателеспеген болар едік. Себебі, ол қарапайым шаруадан бастап хандарды, абыздарды, билерді сомдап келе жатыр. Бүгінгі Абай атамыз, Асан абыз, кешегі сұрапыл Қасым Қайсенов рөлдерін сахнаға шығарды. Қанат сахналаған Абай атамыздың өнегесін барша қазақ көкейіне тоқыса деймін. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп Абай жырлаған қазақ бүгін қандай? Ұлы Абайға тыныштық бермеген сатқындық, парақорлық, алауыздық секілді жағымсыз қасиеттерден арыла алдық па? Әркім өзіне есеп беріп, «Мен кіммін?», «Қазақ үшін не істедім?» деген сауалдарға іштей есеп берсе деген тілегім бар, – деп толғанды Сахан Акелеев.
Сондай-ақ актерді орыс театрының, жастар театрының өкілдері де құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Шынында да өнер адамының бақыты осы болса керек. Өнерге, театрға деген адалдық, қажырлы еңбек оны осындай абыройға жеткізді. Біз де Қанат Оразханұлына өнер жолында қанатыңыз талмасын демекпіз.
Мейрамтай Иманғали