Қоғам

Қазақ спортының қара нары

Қазақ спортының қара нары


Шығыста өз таланттарын құрметтеп, олардың еңбек жолын жас ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, кеңінен насихаттау берік дәстүрге айналған. Соның бір көрінісі – жерлесіміз Болатбек Қапановтың «Алтай жұлдыздары» атты тақырыппен соңғы алты-жеті жылда жарық көрген танымдық, ел қызыға оқитын алты кітаптың бірінен соң бірінің жарық көруі. Жақында ғана Алматыдағы «Арыс» баспасынан шыққан автордың «Атадан жақсы ұл туса», орыс тіліндегі «Беговые дорожки: ведущие в невидимые дали» атты кітабы Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің акт залында тұсауын кесті.

Қос тілде жарық көрген кітаптың кейіпкері – есімі қалың жұртқа кеңінен таныс, қазақ спортының қара нары, кезінде ел спортының тізгінін ұстаған, еліміздің құрама командасын төрт Жазғы және Ақ Олимпиада ойындарына бастап барған (шеф-де-миссион), педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Балтика халықаралық педагогика академиясының академигі, спорт ғылымдарының Еуропалық Қауымдастығының және Бірінші Петр атындағы ғылым мен өнер академиясының толық мүшесі, бірнеше жоғарғы мектептердің құрметті профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анатөлі Қожекенұлы Құлназаров. Саналы ғұмырын жас ұрпақтың дене тәрбиесі мен спортының дамуына, қазақ елі саңлақтарының байрақты бәсекелерде топ жаруына ұйытқы бола білген, қайраткер, ғалым, ондаған ғылыми-теориялық кітаптардың авторы, жерлесіміз Анатөлі ағаның жүріп өткен жолы Болатбек Қапановтың жаңа кітабында ерекше бір көрініс тапқан.

Шынында да, Анатөлі Құлназаровтың өмір жолы жас ұрпаққа үлгі-өнеге болғандай. Мен қайраткер ағамен бірге бір мектепте оқыдым, көген көз біздер ол кісіге қызыға қарап, еліктеуші едік. Себебі сол кездің өзінде Анатөлінің атағы жер жара бастаған. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын азамат институтта оқып жүргенде орта қашықтыққа жүгіруден республикалық, облыстық жарыстарда ағарып алдан көрінетін. Сонау алпысыншы жылдардың басы мен ортасында қазақ жастарының орта қашықтыққа жүгірудегі нәтижесі мәз емес-тін. Ал кітап кейіпкері бұл үрдісті бұзып, елге танымал спортшы болып өсті. Анатөлі ағамен алты Жазғы және Қысқы Олимпиада ойындарында бірге болғанымда, көкейге түйгенім, ол кісінің ақыл-кеңесін шәкірттері тыңдайтын, намысты қолдан бермеуге тырысатын. Алматыдағы Қажымұқан атындағы республикалық спортқа бейімделген орта мектеп-интернатқа жетекшілік еткен, Білім және ғылым министрлігінің «ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының бас директоры, Ұлттық олимпиада комитетінің бірінші вице-президенті, ел спорты тізгінін ұстаған кезде де қайраткер ағамыз асып-таспады, өз білімі мен тәжірибесін қазақ елі саңлақтарының қанат қағуына арнады.

Міне, Болатбек Қапановтың жаңа кітабының тұсаукесер рәсімінде бұл жайында кезінде А.Құлназаровпен бірге қызмет етіп, араласқан Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, еліміздегі үшінші университетті Өскеменде құрған, Қазақ-американ еркін университетінің ректоры Ережеп Мәмбетқазиев, тоқсаннан асқан ақылман қария Н.Сапарғалиев, Өскемен қаласының өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан Амангелді Қажыбаев, шәкірті, еркін күрестен байрақты додаларда топ жарған Еркін Уанбаев, достары мен әріптестері В.Ахаев, Н.Зуенко, тағы басқалар айтты. Кітапты оқып үлгергендер қос тілдегі шығармадан көп мағлұмат алатындарын, қазақ елі спортының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан қайраткер ағаның беймәлім қырлары туралы білгендерін сөз етті. Бір сүйініштісі, тұсаукесерде кітап авторы мен кейіпкеріне тамаша сауалдар қойған С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері А.Павлова, Саят Манапов, тағы басқаларға Анатөлі Құлназаров қолтаңбасын қойып, кітап сыйлады.

Бұдан кейін Анатөлі Қожыкенұлы өзі қызмет ететін Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының атқарып жатқан жұмыстары, өзі басқаратын «Дене тәрбиесінің жаршысы» республикалық журналы туралы кеңінен мағлұмат беріп, кітап авторы Болатбек Қапановқа алғысын айтты. Тұсаукесер соңы ән мен күйге ұласты.

Оңдасын Елубай
Өскемен.

Осы айдарда

Қоғам

Қазақ спортының қара нары

Қазақ  спортының қара  нары

…Алпысыншы жылдардың ортасында Өскемендегі Жамбыл атындағы жалғыз қазақ мектеп-интернатында оқып, білім алып жатқан көген көз қара домалақтар өзімізден төрт-бес жас үлкен, сындардай жігітке қызыға әрі таңдана қарап, «шіркін, біз де Анатөлі ағамыздай спортшы болсақ» деп жатпай-тұрмай ойлайтынбыз. Себебі 16-ға толмаған, спорт десе ішкен асын ұмытатын талантты жас облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жанкүйерлерге танылып, аты шыға бастаған.

Атпен жарысып, озып кеткен

Дене тәрбиесінен сабақ беретін Төлеш Бақтияров ағамыз темір білікке тартыла алмай жатқанда арқамыздан бір салып, немесе құлағымызды бұрап «ой жалқаулар, ана Құлназаровтан неге үлгі алмайсыңдар, ол өзінің табандылығы мен қайсарлығы нәтижесінде жүгіруден облыс чемпионы атанды» деп оны үлгі ететі. Ол кезде Анатөлі Құлназаровтың орта қашықтыққа жүгіруде облысты былай қойып, еліміздегі мықты желаяқтар қатарына қосылғанына мән бере қоймаппыз.
Анатөлінің жастық шағы Риддер қаласында өткен, әкесі Қожекен қазақ жастары арасында алғашқылардың бірі болып металлург мамандығын меңгерген. Кейіннен Анатөлі ағамыз Ұлан ауданының Шымқора ауылына қоныс аударды. Көзге ыстық Шымқорада мен де тұрдым, бала кезімізде Айыртауда өткен сабантойда ағамыз атпен жарысып, одан озып келгенін көзбен көргенде, таңғалғанбыз, содан болса керек әлі күнге Анатөлі ағаға деген құрмет пен ілтипат суи қойған жоқ.
Мектепті бітірген соң желаяқ жігіт Өскемендегі педагогика институтының дене тәрбиесі факультетіне оқуға түсті. Факультет деканы А.Трунов ұлты орыс болғанымен, жаны қазақ, қазақ тілінің майын тамызатын, талантты қазақ жастарын өз балаларынан кем көрмейтін абзал аға болатын. Ол Анатөлінің байрақты бәсекелерге баруына жағдай жасап отырды. Соның нәтижесі емес пе, талапты жас республикалық жарыстарда, «Буревестник» спорт қоғамының біріншіліктерінде сан мәрте топ жарды. Ол жоғары білім алған соң Алматыға шақырған ағаларының шақыруын құп алмай, Шымқорадағы Жамбыл атындағы орта мектепке дене тәрбиесінен сабақ беретін ұстаз болып келді. Атағы жер жарған талантты спортшының ауылға келуінде не себеп деп бас қатырғандар да табылмай қалған жоқ. Сөйтсек, қайсар жастың алға қойған мақсаты бар екен.
Ол кезде ауыл спортына көңіл бөліне бастаған. Тіпті, кеңшарлар мен ұжымшарларда спорт нұсқаушысы деген штат болып, бұл салаға жетекшілік еткен жастар ауыл спортының көкжиегін кеңейте бастаған. Анатөлі де ауылды текке таңдамаған сыңайлы. Мектеп оқушыларын дене тәрбиесіне баулу, олардың психологиялық дамуын зерттеу, спортта жоғары көрсеткіштерге жету үшін не істеу керек деген сауал тіпті, бала кездің өзінде жиі мазалайтын. Спортты ғылыммен байланыстырып, адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәделдеу үшін ол көп ізденді, оқыды, тоқыды да. Ол жайында кейінірек.

Туған ауылда екі жыл қызмет етті. Шымқораның балалары спортта біршама жетістіктерге жетті. Алға қойған мақсаты жүзеге асқанша тыным таппайтын жас мектепте дене тәрбиесінен сабақ берген кезде спортты жетілдіру жөнінде ата-аналар кеңесін құрып, спорт базасын жаңартты, Ұлан ауданындағы бұқаралық спорттың дамуына күш салды. Ауданда мектеп оқушылары арасындағы жарыс тұрақты өтіп тұрды. Болашақ ғылым докторының маңдай тері нәтижесін бере бастады. Мектеп оқушылары облыстық, республикалық жарыстарға тұрақты қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, Серік Сағитов, Азамат Жақыпов, Жанәділ Атаев, Әкраш Құдайбергенов, Достық Ысқақов сияқты шәкірттері спорт шебері атағын қорғап, байрақты бәсекелерде топ жарды.

Қажымұқан бабасының рухы қолдады

1982 жылы Анатөлі Қожекенұлы Алматыдағы Қажымұқан атындағы республикалық жалпы білім беретін спорттық бағыттағы мектеп-интернатқа директор болды. Бұл мектептен ел намысын байрақты бәсекелерде абыроймен қорғаған Олимпиада ойындары мен Әлем чемпиондарының қанат қаққанын көпшілік біле бермес. Олимпиада чемпиондары – гимнасшылар В.Люкин (қазіргі күні АҚШ-та тұрады), В.Новиков, Олимпиадада алтыннан алқа таққан баскетболшылар В.Тихоненко, И.Герлиц те кезінде аталмыш мектеп қабырғасында білім алып, спортта өшпес із қалдырған Қазақ елінің мақтаныштары. Бір Дәулет Тұрлықановтың өзі неге тұрады? Елін сүйген ер Дәулет Барселона мен Сеул Олимпиадасынынң күміс және қола жүлдегері, Әлем чемпионы, КСРО-ның жеті дүркін жеңімпазы. Тіпті, атақты ресейлік балуан А.Карелин бұл атақты алты мәрте иеленген екен. Қажымұқан атындағы мектеп-интернаттан түлеп ұшқан Дәулет Болатұлының Анатөліні ұстазым деп құрмет тұтатынына 2006 жылы Италияның Турин қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындары кезінде куә болдық. 18-ші ақпанда 60 жасқа толған мерейтой иесі Анатөлі ағамызды Д.Тұрлықанов құттықтап, ата салтымен шапан жапты, сый-құрметін көрсетті.
А.Құлназаров мектепті басқарған кезде оның қабырғасынан отызға тарта Олимпиада, Әлем чемпиондары түлеп ұшты. Спорт саласына бейімделген білім ордасының атағы алысқа жетті. Шетелдерден келген талай саңлақтар спорт мектебінің табалдырығын аттап, тәжірибесімен қанықты. Мектепке жетекшілік еткен жылдары Анатөлі Қожекенұлы спорт пен ғылымды тығыз байланыстыра білді. Спорттың денсаулықты арттыратыны, адам ағзасына пайдасы жайындағы мақалалары жарық көре бастады. «Мектеп оқушыларына дене тәрбиесін беру», «Жасөспірімдер спортының проблемалары», «Білім беру саласындағы дене тәрбиесін дамыту концепциясы», сондай-ақ, еліміздегі дене тәрбиесі мен спортты ғылыми негізде жүргізу деген тақырыптағы проблемалық мақалалары мен зерттеулері республикалық газет-журналдарға жарияланып, кітаптары осы бағыттағы оқу орындары мен мектеп шәкірттері үшін аса бағалы оқулықтарға айналды.

Басшылық қызметте жүріп, ғылыми еңбектер жазды

Бұдан кейін білімді де білікті маман сегіз жыл бойы еліміздегі Спорт агенттігі бастығының орынбасары, бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Спорт агенттігін және спорт комитетін басқарған жылдары А.Құлназаров басшы болып барған (шеф-де-миссион) Қазақстан делегациясы төрт жазғы және төрт қысқы Олимпиада ойындарында, төрт Азия ойындары мен төрт Орталық Азиада чемпионаттарында тамаша жетістіктерге жетті. Мұның сыртында шеф-де-миссион орынбасары қызметінде ондаған байрақты бәсекелерде қол жеткен табыстары қаншама десеңізші. Бұдан кейін Премьер-Министрдің кеңесшісі қызметін атқарды. 2000 жылы әлемде тұңғыш рет Білім және ғылым министрлігі жанынан дене тәрбиесі жөніндегі ғылыми-практикалық орталық ашылып, оның бас директоры қызметіне Анатөлі Қожекенұлы тағайындалды. Ұстаз, ғалым, қайраткер А.Құлназаровтың асыл мұраты – спортқа жастарды баулу, баулығанда да ғылым мен практиканы ұштастырып, биік белестерге көтеру мақсаты орындалды. Міне, содан бері 15 жыл өтті, ағамыз қазіргі кезде де бір және бірегей орталықта жауапты қызметін жалғастырып жатыр. Мұның сыртында А.Құлназаров ұзақ жылдар еліміздегі Ұлттық Олимпиада комитетінің бірінші вице-президенті қызметін өткен жылдың соңына дейін атқарды. 2012 жылы Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындары кезінде Анатөлі Құлназаровтың жан алысып, жан беріскен сайыстарда қазақ саңлақтарына жанкүйер әрі ақыл-кеңес беріп жүргеніне куә болдық.
Дене тәрбиесі жөніндегі ұлттық ғылыми-практикалық орталықты басқарған кезде Анатөлі Қожекенұлы ғылыммен мықтап шұғылданды. 300-ден астам мақалалар мен зерттеулері, еліміздегі денешынықтыру мен спортты жетілдіру, студенттерге арналған дене тәрбиесі, студенттерге, 11-ші және 6-шы сынып оқушыларына дене тәрбиесін беру жөніндегі, басқа да монографиялары мен оқулықтары қазіргі таңда таптырмас методикалық құралдарға айналып отыр. Ұзақ жылғы ізденіс жемісін беріп, А.Құлназаров педагогика ғылымдарының докторы диссертациясын қорғап, профессор атанды. Дене тәрбиесі саласындағы сүбелі еңбектері үшін Еуропадағы ең беделді деген екі академияның – Балтық жағалауы елдері педагогикалық және Санкт-Петербург І Петр атындағы ғылым мен өнер академиясының толық мүшесі болып сайланды. Бұл мәртебелі атақты бұрын елімізде ешкім алмаған екен. Оның сыртында А.Құлназаровтың жеті шәкірті ғылым докторы, 10 шәкірті ғылым кандидаттары атанып, ағаларының жолын қуып жүр.
Анатөлі Қожекенұлымен бірге Сидней, Афина, Бейжің, Лондон, Сочи Олимпиадалары кезінде бірге болғанымызда, ол кісінің ақыл-кеңесіне спорт саласының басшыларын былай қойғанда, спорт саңлақтарының құлақ түретінін аңғардық. Ал Қазақ елі 2011 жылы тұңғыш рет өткізген VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастырып, оны өткізу жөніндегі бас дирекцияны екі жыл басқарған, ыстық-суығына күйген, Қытай, Жапония, Корея сияқты алпауыт мемлекеттерді шаң қаптырып, командалық есепте 32 алтын, 21 күміс, 17 қоламен көш бастаған Қазақстан командасының жеңісінде Анатөлі Құлназаровтың толағай үлесі бар екенін көпшілік біле бермес.
Жақында Қазақстан спортын өгіздей өрге сүйреген, спортта сайраған ізі жатқан, 70 деген еңселі биікке көтеріліп отырған Анатөлі Қожекенұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Қарапайым, ақжарқын ағамыз көңілсіздеу көрінді. Жақында ғана жақсы көретін туған қарындасы Жазира дүниеден өтіпті. Көңіл айттық.
– Тәуелсіздікке ширек ғасыр толмақ. Осы уақытта Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бастаған Қазақ елі асқар асулардан асты. Экономика да, спортта да алға басу бар. Оған күні кеше Лондон Олимпиадасында Қазақ елі ұл-қыздарының 7 алтын, барлығы 13 медаль алып, үздік деген 12 команда қатарына қосылуы дәлел. Демек, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында да намысты қолдан бермеспіз. Ал жас ұрпақтың талантына жол ашу– борышымыз. Мен қызмет ететін орталық ашылғалы ғалымдарымыз халықаралық конференцияларда 300-ге тарта баяндамалар жасапты, орта мектеп оқушыларына арналған дене тәрбиесі жайындағы оқулықтар, басқа да кітаптар жарық көрді. Белгілі спорт журналисі Өмірзақ Жолымбетов екеуіміз бірлесіп жазған «Қазақстан спорты энциклопедиясының анықтамалығы» атты 1 мың беттен тұратын аса құнды еңбек жарыққа шықты. Мемлекетіміз азды-көпті еңбегімді лайықты бағалап, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім атағын берді, Ұлттық Олимпиада комитетінің Алтын ордені, Ресейдің «Халықтар Достығы», «Достық» ордені ондаған медальдарым бар,–дейді 20-дан астам кітаптар мен монографиялардың авторы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, «Дене тәрбиесінің жаршысы» оқулық журналының бас редакторы А.Құлназаров.

Оңдасын Елубай

Осы айдарда

Back to top button