Қоғам

Қазақ әндері рух береді

Жаңа жыл – армандар орындалатын ғажайып мереке. Осынау сиқырлы мерекенің қарсаңында «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Андрей Лазарев «Өскемен балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына» келіп, мұндағы балаларды құттықтап, кәсіпорынның атынан ойыншықтар мен тәтті сыйлықтар үлестірді.

Бұл мерекелік шараның басты қаһарманы – биыл Санкт-Петербургте өткен халықаралық спорттық би сайысында алтын медаль мен Әлем кубогын жеңіп алған Алексей Журавлев болды. Алексей бала күнінен мүмкіндігі шектелгеніне қарамастан, төрт жылдан бері арбада отырып, спорттық бимен айналысады.

Алексей көптеген республикалық және халықаралық сайыстардың жүлдегері. «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» басшысы А.Мұхамадиеваның айтуынша, 2017 жылы Алексей Санкт-Пебербург қаласында өткен Континенттер кубогында жүлделі бірінші орынды иеленіп, алтын медаль және «Көрермендер көзайымы» арнайы кубогын алып келген болатын.  Ал  2018 жылы Қазақстан чемпионатында Сингл Мен Юниор және Сингл Мен Фристайл бағдарламалары бойынша бірінші орын мен алтын медальды иеленді. Сол жылы Санкт-Петербургтегі спорттық биден Континенттер кубогында тағы да бірінші орын мен алтын медальды қанжығасына байлап, «Паралимпиада Үміті» арнайы кубогымен марапатталды.

Биыл сәуір айында өткен «Жұлдызай» XIV халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінде өнерімен ерекшеленіп, тағы да жүлделі бірінші орынды алса, мамыр айында өткен еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының «Жеңістерге бірге» паралимпиадалық сайысына қатысып, алтын медаль мен кубокқа ие болды.

Алексейдің өзі мақтан тұтатын ең басты жеңісі – биыл Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық спорттық би сайысында әлемнің түкпір-түкпірінен келген кіл жүйріктердің арасында топ жарып, бірінші орынды олжалап, алтын медаль, Әлем кубогы мен Континенттер кубогын жеңіп алуы болды. Бүгінде спорт шеберлігіне үміткер Алексей жетінші сыныптағы сабағын да жақсы оқитын үлгілі де тәртіпті оқушы.

Мерекелік жиында «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Алексейге соңғы үлгідегі арба мен ноутбук тарту етті. Бельгиядан арнайы тапсырыспен алынған бұл арбаның артықшылығы – ол би барысында кездесетін күрделі қимыл-қозғалыстарды орындауға мүмкіндік береді.

Алексей қазақшаға судай. Мемлекеттік тілге деген құрметімен-ақ өзгелерге үлгі боларлық дарынды бала. Осы қасиеті үшін Үржардағы орталықтың ұстаздары мен тәрбиешілеріне және хореограф бапкері Наталья Анистратоваға мың алғыс.

-«Казцинк» жылдағы дәстүрден ауытқымай, биыл да балалар үйі мен интернаттардағы мыңдаған бүлдіршіндер мен  қарттар үйіндегі жандарға сыйлық жасайды. Алексей Журавлевтің кереметтей жетістіктері жайлы Санкт-Петербургтегі әлемдік сайыстан жүлдемен оралғанда естіп-білген едік. Шығармашылықта бұдан да биік белестерге жетуі үшін әрине қолайлы арбаның қажеттігі айтпаса да түсінікті еді. Мұндай арба кез келген дүкенде сатыла бермейді. Сондықтан ең алдымен арбаның сапасына, мүмкіндіктеріне мән беріп, Бельгиядан тапсырыспен алдырдық. Алексейдің чемпионатта орындаған бір биі «Еркін құс» деп аталады. Алексей өзі сүйіп таңдаған шығармашылық жолында да, цифрлық салада да еркін самғасын деген ниетпен ноутбук сыйлағанды да жөн көрдік. Осындай ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беріп, жақсылыққа тәрбиелеп отырған тәрбиеші-ұстаздарына бас иемін. Алексейдің алдағы шығармашылық өнерін «Казцинк» кәсіпорны қуана қолдайтын болады, – деді «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Алексейдің өзінің айтуынша, орталықтың қызметіне жүгінген төрт жасынан бері қазақша сөйлейді. Биді тоғыз жасынан бастап сол орталықтағы Бағлан, Әлібек ағаларынан үйреніпті. Олардың билеріне қарап, осы өнерге деген қызығушылығы оянған.

Алексей 2024 жылы өтетін Паралимпиадаға қатысуды жоспарлап жүр. Ол үшін бапкері  Наталья Александровнаның көмегімен күнделікті екі-үш сағат жаттығып, дайындалады. Өйткені ешқандай жеңіс оңайлықпен келмейтіндігін Алексей жақсы біледі.

-Ең алдымен алға мақсат қою керек және сол мақсатқа жету үшін талмай еңбектену керек. Жарыс алдындағы уайым мен қобалжуды басу үшін қазақша әндер тыңдаймын және өзім де қазақ әндерін шырқаймын. Ол маған ерекше күш-қуат, рух береді, -дейді Алексей.

 Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button