Қазақ мектептерінің саны көбейіп келеді
Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысов облыстық ақпарат орталығында өткен брифингке қатысып, жергілікті және республикалық БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Глубокое ауданы географиялық орны, жер құнарлылығы, аудандағы еңбек адамдарының өмір сапасы деңгейінің көрсеткіштері бойынша әрдайым үздік бағаланып келеді. Қалихан Байғонысов өз баяндамасында ауданның экономикалық-әлеуметтік жетістіктерін жіпке тізе отырып, келешектегі жаңа жоспарлар туралы да сөз қозғап өтті. Әкімнің айтуынша, ауданда жұмыс орындарының саны артып келеді. 2015 жылы өндіріс орындары мен шағын бизнес саласында 300 тұрақты жұмыс орны құрылған. Ал 2016 жылдың бірінші тоқсанында қосымша 67 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Сонымен бірге, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған. Қытайлық серіктестермен бірлескен, жылына 36 мың тонна кен өндіретін және жылына 600 мың жүк машинасының шиналарын жасап шығаратын жобаларды осы жерде нақты мысал ретінде келтіруге болады. Аталған міндеттерді іске асыру мерзімі – 2016-2017 жылдар аралығы.
Бұрын тоқтап қалған, жылына 130 мың тонна кен өндіретін жоба енді Елбасының 5 институционалдық реформасын іске асыру аясында қайта іске қосылады. Бүгінгі күннің өзінде жаңа өндіріс ошағында 120 адам жұмыспен қамтылған.
– Ауданның экономикасын дамыту мақсатында стратегиялық инвестор тартамыз. Мысалы, Белоусовка кентіндегі кен орнын жандандыруға инвестор ретінде «Казақмыс» корпорациясы ЖШС тартылып отыр, – деді Қалихан Байғонысов.
Сонымен қатар, Секисовка ауылында «Алтай кен-байыту» ЖШС жобасы аймақтық Индустрияландыру картасына енгізіліп, алтын өндіру фабрикасындағы кенді өндіруді жылына 850 тоннадан 2000 тоннаға дейін көтерді. Аталған жоба аясында ауданға 16 192 млн. теңге инвестиция тартылады.
Аудан басшысы бұдан басқа, ауыл шаруашылығы, білім және медицина, баспанамен қамту, ауызсу мәселелеріне де тоқталып өтті.
– Жаңа жұмыс орындарын құру, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, басқа да әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсету жұмыстары жалғасады. Ауданда «Мейірім» атты арнайы орталық ашылады. Бұл жерде мұқтаж адамдарға ақпараттық-танымдық кеңестер беріледі, – деді Қалихан Байғонысов.
Журналистер тарапынан қойылған сұрақтар көбінесе, аудандағы денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, мектептер төңірегінде болды. Ауданда әзірге жалғыз ғана қазақ мектебі бар екен, көбі аралас мектептер.
-Мектебіміз 1993 жылы алғаш ашылғанда 43 қана бала бар болатын, қазір олардың саны 500-ден асып кетті. Глубокое ауданы облыс орталығына жақын орналасқандықтан, бізге көшіп келіп жатқан қазақтардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Осының есебінен Перевальное, Предгорное ауылдарындағы білім ошақтарын таза қазақ мектептеріне айналдыруды жоспарлап отырмыз. Ал Белоусовка кентіне үш жылдың ішінде қазақ тілінде оқитын 270 бала көшіп келді, – деді брифингке қатысқан аудандық білім бөлімінің басшысы Эльгиза Сибанбаева.
Дарын Нұрсапаров