Қоғам

Қазақ күресінен тұңғыш рет төрт дүркін чемпион атанды

Қазақ күресінен тұңғыш рет төрт дүркін чемпион атанды


Сүйінші, ағайын! Қазақ елінің мақтанышы, қасиетті Абай топырағында дүниеге келген Айбек Нұғымаров қазақ күресінен тұңғыш төрт дүркін әлем чемпионы атанды. Бұл атаққа осыған дейін бірде-бір балуан қол жеткізген жоқ.

Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысын дүбірге бөлеп, ондағы қандастар мен алыс-жақыннан ат шалдырған қонақтарға үш күн бойы тартысты белдесулер мен таңдай қақтырар тамаша сәттер сыйлаған VI Lүниежүзілік біріншілік те аяқталды. Бес салмақ дәрежесі бойынша өткен белдесулердің нәтижесінде жеңімпаздар анықталды. Атап айтар болсақ, 60 және 70 келі салмақта ағайынды Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаевтар чемпион атанса, 80 келіде отандасымыз Дәулет Фахридинов жеңіс тұғырының биігіне көтерілді. Ал 90 келіге дейін салмақта Айбол Айтбектің жұлдызы жарқырады.

Жанкүйерлердің делебесін қоздырып, арқаландsрып жіберген ауыр салмақтағы балуандардың белдесулері болды. Бұл бәсекеде атой салған бозкілем шеберлері «кім мықтыны?» анықтау үшін жан алысып, жан берісті. Апайтөстер «айқасында» жерлесіміз Айбек Нұғымаров пен грузин жігіті Левани Матиашвили финалға шықты. Екеуі де осал емес. Екеуі де талай додаға түсіп, топ жарып жүрген саңлақтар. Мәселен, грузиялық спортшы бірнеше мәрте дзюдодан Еуропа чемпионатында топ жарған. Ал Айбектің қазақ күресінде қарсылас шақ келтірмейтінін айтпасақ та белгілі. Дегенмен6 қос мықты арасындағы ақтық бәсеке шығысқазақстандық балуанның пайдасына шешілді. Сөйтіп, ұлылар елінің ұланы Айбек Нұғымаров қазақ күресінің тарихында тұңғыш рет төрт дүркін әлем чемпионы атанды.

Серік Құмарғалиұлы

Осы айдарда

Back to top button