Қоғам

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ҚАБЫЛАНЫ

Жанкүйерінің делебесін қоздырып жіберетін спорт түрлерінің бірі – күрес. Күрес – қазаққа да жат емес. Сондықтан да болар, қазақ халқының атышулы ас-тойлары балуандар күресінсіз өтпеген.

Аттарынан ат үркетін қара күш иелері Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Қажымұқандарды айтпағанда, өз заманында белдескеннің белін үзіп, алысқанның омыртқасын опырып жіберген, есімдері бүгінгі ұрпаққа беймәлім балуандар да аз емес қазақ тарихында. Содан бері қаншама ғасырлар өтсе де, қазақтың күрес өнері ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп жалғасып келеді.

Ұланына рух берген – ұлы баба аруағы

Сол мұрагерлердің бірі – қазақ елінің намысын шетелде де абыроймен қорғап, бозкілемнің шаңын боратқан, талай мәрте жеңіс жалауын желбіретіп оралған, қазақ күресінің қабыланы Шалқар Жоламанов.

Бозкілемде шалт қимылдарымен талайды тәнті еткен Шалқар бауырымыздың сөйлеген сөзінен, үлкенге деген құрметі мен қарапайымдығынан тамыры терең тектілікті аңғаруға болады.

– Ойға барса да, қойға барса да, өзімнен үш-төрт жас үлкендігі бар Айдын ағамның соңынан қалмайтын едім. Олар Миша деген көрші үйдің баласы екеуі күреске қатысып жүрді, сол кездерде. Мені «әлі кішкенесің» деп, бірде ертсе, енді бірде өтірік айтып қалдырып кететін, – деп сонау бір балалық шағын есіне алады, отызында орда бұзған оғлан.

Ағалары алдап-сулап ертпей кетсе де, айтқанынан қайтпайтын қайсар ұл қоймай жүріп күреске қатысады. Сол кезде бүгінгі кейіпкеріміз бар болғаны алты-ақ жаста екен…

…1990 жылдардың басында Қабанбай батырдың 300 жылдық құрметіне самбо күресінен Республика чемпионаты өткізіліп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен қазақтың сол кездегі «менмін!» деген балуандары Мақаншы ауданының орталығында бас қосады. Батыр бабасының аруағы қолдады ма, болмаса Алла тағаланың жарлығы солай болды ма, сол жолы  сегізінші сыныпты бітірген бала Шалқар бозкілемде атой салып, тұңғыш рет 48 кг салмақ дәрежесінде Қазақстанның чемпионы атанады.

Бұған дейін аудан көлемінде ала-құла өнер көрсетіп, ары кетсе облыстық жарыстарға бір-екі рет қана қатысып қайтқан жас өркенге бұл жеңіс – тәңірінің өзі берген тартуындай болады.

– Қабанбай бабамыздың 300 жылдығында чемпион атануым – менің болашақ тағдырымның тек күреспен байланысты болатындығын айқындап берді. Әлдебір тылсым күш әлі оңы мен солын танып үлгермеген маған: «Осыдан былай өз ғұмырымды осы күреске арнаймын!» деген шешім қабылдатты, – дейді бұл күндері өзіне еліктеп жүрген жас жеткіншектерге көрген-білгенін үйретіп жүрген білікті бапкер.

Құлагерін өзге ел, құлынында таниды

Алла тағаланың бойына берген қабілетінің арқасында әлемнің біраз елінде болып, жанкүйер атаулыны көз ілеспес шапшаңдығымен, нағыз балуандарға тән шеберлігімен тәнті еткен Шалқар бауырым қайсыбіреулер ойлайтындай, тек дүлей күштің ғана иесі емес,  жан-жақты, әңгімешіл азамат болып шықты. Бұрынғы КСРО-ның құрамында болған, бұл күндері бас-басына тәуелсіз мемлекет атанып отырған елдерді айтпағанда, Италия, Франция, Жапония, Корея және т.б. алпауыт елдерде болып, сол елдердің жас спортшыларға қалай қолдау жасайтындықтарын да қызғылықты етіп айтып берді.

– Шетелдерге қанша шығып жүргенімде байқап, ойыма түйгенім, осы елдерде болашақ спорт жұлдыздарын «Құлагерді құлын күнінен танығандай» тап басып таниды екен. Айталық, спорт мамандары немесе бапкерлер жасөспірімдер арасындағы кішігірім жарыстарда жарқ ете қалған талантты баланы байқап қалса болды, әлгіге тастай жабысып айырылмайтын көрінеді. Әке-шешесіне хабарласып, жағдайлары төмендеу отбасы болса қарайласып, тұратын үйі мен мінетін көлігіне дейін әперіп дегендей, оқып жүрген мектебімен байланысып дейсіз бе, қысқасы, әлгі баланың спорттан басқа дүниені ойламауына 100 пайыз жағдай жасап тастайды. Сосын, әрбір жеңісіне, мейлі ол үлкен болсын, кіші болсын, ол жағы маңызды емес, қомақты-қомақты сыйақы бергіздіріп, жарыс сайын ынталандырып, қамшылап отырады екен. Осыдан соң күреспей көр…

Ал бізде қалай? Бізде бәрі керісінше, олимпиада немесе әлем чемпионы атанғанша сен ешкім емессің, сені ешкім кісі ғұрлы көрмейді. Ал енді, алда-жалда, жолың болып, чемпион бола қалдың ба, әлгі жеңісті өздері алып бергендей «Біз өйттік те, біз бүйттік!» деп көлгірситіндерін қайтерсің. Алғашында былайғы жұртқа көз қылып баспана, көлік берген болады да, көп ұзамай адамның миына кірмейтін әлдебір сылтаулар тауып, бергендерін тартып алып та жатады. Осыдан соң кез келген спортшының жеңіске деген құлшынысы су сепкендей басылмай ма? Ол өз күшімен жығылып-сүрініп жүріп чемпион атанғанша біраз жылдар өтіп, жасы да ұлғайып қалады. Бұл уақытта дәл соның жасындағы өзге елдің, дәл сондай балуаны ешнәрседен таршылық көрмей, ешнәрсеге алаңдамай, бар ынта-жігері мен күш-қайратын көздеген мақсат-мұратына, яғни, жеңіс жолына сарп етіп жатады. Олардың бір спортшысының қасында бапкерлерінен бөлек, психолог, диетолог, жеке дәрігері, массаж жасаушысы, оққағары, т.б. толып жүреді. Бізде мұның бірі де жоқ. Барған жерлерде жалғыздан-жалғыз жүреміз баяғы, ата қаз құсап. Ал халықаралық жарыстарда чемпион болу үшін қаншама тер төгілетіндігі, спортшы қаншама ұйқы мен күлкіден айырылып, қаншама жүйкесі жұқаратындығы, түрлі жарақаттар алатындығы, оны айлап-жылдап емдету керектігі  ешкімді ойландырмайды.

Сосын, үлкен-үлкен жарыстарда державалардың үнемі ірі жеңістерге жетіп жататындығының тағы бір сыры бар, – дейді көп жылдардан бері осының барлығын өз көзімен көріп, көңіліне түйіп жүрген балуан. – Біздің қазақ «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» дегенді де тектен-текке айта салмаса керек. Қарапайым статистикаға сүйенсек, іргеміздегі орыс халқының саны шамамен 180 млн. Жапондар 120, түріктер 80 млн. Қытай туралы мүлдем сөз жоқ. Олар 1,5 млрд. дегелі қай заман, ендігі 2 миллиардқа жеткен болар. Бізбен бірге Кеңес Одағының құрамында болған Украинаң 45 млн. болса, өзбектердің саны 33 миллионға жетті.

Ал қазақ халқының ойда-қырда шашылып жүргенінің бәрін қосып есептесек, бар болғаны 10 миллионға жетіп жығылады. Оның қаншамасы зейнет жасындағы адамдар, қаншамасы бала-шаға, ауру-сырқаулары мен мүгедектері бар дегендей. Сосын, жұрттың бәрі спортпен айналыса бермейді ғой. Осының бәріне қарамай, азуын айға білеген алпауыт елдердің спортшыларымен тайталасып жүрген қазақ халқын батыр халық деуге болады.

Сын айту оңай, сынға түсу қиын…

Әлемдік додаларда бірінші бәйгені айтпағанда, екінші, үшінші орын алудың өзі  айта салғанға ғана оңай. Үйде жатып алып, «Ана балуан неге дұрыс күреспеді, мына боксшы неге қарсыласын бір ұрып құлата салмайды?» деп, сын мен мінді қарша боратуға болады. Бірақ далада жатқан жеңіс жоқ қой. Оның үстіне қарсыластарың әлгіндей, толық жағдайы жасалған жампоздар болса.

Иә, Шалқар бауырымыз күйінсе, күйінгендей екен. Біздің қайсыбір әсіре сыншыларымыз көп жайттардан хабардар болмаса да, сын айтуға келгенде алдына жан салмай кететіндері бар енді.

– Сонда деймін, бұл тығырықтан шығудың қандай жолдары бар, қайткенде қазақ спорты әлемдік ареналарда өз биігінен көрінеді? – деген сауалыма да кәнігі спортшының айтары бар екен.

– Аға! – дейді Шалқар інім шыр-пыр болып. – Біздің дарынды жастарымыздың дені ауылды жерлерден шығатын қазақтың қарадомалақтары. Көбінің әлеуметтік тұрмыс-тіршіліктері нашар, жоқ-жітіктен көз ашпай жүргендер. «Соларға тек жаттығумен емес, мемлекет тарапынан, жан-жақты қолдау білдіріп, жағдайларын жасайық!» деп талай-талай жиындарда айта-айта шаршадым. Бізде спортта, мәдениетте, басқа да салаларда жеке-жеке министрлік болуы керек. Бір-біріне қосарлап тастаған болмайды. Айталық, «Мәдениет және спорт министрлігі немесе ақпарат және қоғамдық даму министрлігі» дейді қосарлап. Олардың алдында нақты бір салаға арналған айқын бағдарламалары, бөлінетін қаражаттары, ұстайтын мамандары болуы керек емес пе. Спорттың өзі бір ғана күреспен шектелмейді ғой. Мысалы, күрестің самбо, дзюдо, еркін күрес, грек-рим, қазақ күресі деген секілді, жоқ дегенде бес-алты түрі бар. Ал қосарланған министрліктер назарын, бөлінген қаражаттарын қалай жаратып, қалай бөлмек? Өз басым біздегідей қосарланған министрліктерді мүлде түсінбеймін және оған түбегейлі қарсымын.

Бұл аз десеңіз, елдің ішін жайлап алған жемқорлық пен жершілдікті қосып қойыңыз. Жаттығу жиындарында топ жарып жүрген спортшылардың бірқатары жеме-жемге келгенде үлкен жарыстардан сырт қалып қояды. Ал олардың орнына басқалары барып жатады. Неге? Себебі оның жоғары жақта дөкей көкесі отыр немесе кәсіпкер ағасы бар. Солар бапкерлермен сөйлесіп, үлкен жарыстарға өз туыстарын жіберуін өтінеді. Ал ондайлардың «жеңістерін» бүкіл халық болып көріп жүрміз.

Арамызда қазіргі қазақ күресінің жайы да сөз болған.

– Көпшілік тарапынан қазақ күресіндегі балуандардың әсіресе ақтық айқастарда бір-біріне тәсіл қолданбай, көп уақытты текетіресіп, арлы-берлі итерісіп жүріп алатындықтары да айтылып жатады. Оның себебі балуандар дайындық кезінде көбінесе бірге жаттығады. Мұның пайдасы да, пайдасыз жағы да бар. Сондықтан олар бір-бірінің айла-амалдарын, күрес тәсілдерін былай қойып, қимыл-қозғалыстарына дейін зерттеп біліп алған. Әсіресе ауыр салмақтың екі мықтысы жолыққанда, біз айтып отырған итерісіп жүріп алу көп кездеседі. Өйткені біреуі тәуекелге барып, бірінші болып тәсіл қолданатын болса, екіншісі міндетті түрде қарсы тәсіл қолданып ұтып кетуі мүмкін. Ондай жағдайлар жиі кездесіп жатады. Ал керісінше салмақтарында 15-20 келідей айырмашылық болса, белдесу анағұрлым ширақ өтеді.

Алдағы үлкен жоспарларымыздың бірі – Абай атамыздың 175 жылдық тойына қазақ күресінен халықаралық деңгейде турнир ұйымдастыру, – дейді бүгінде Семейдегі спорт мектебінің директоры Шалқар Жоламанов.

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button