Қоғам

Қазақ балуандары қарсылас шақ келтірмеді

Қазақ балуандары қарсылас шақ келтірмеді

Семейде грек-рим күресінен Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Тұрлыханов атындағы дәстүрлі мемориалдық турнир өтті. Байрақты бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, әлемнің Иран, Украина, Оңтүстік Корея, Грузия, Белорусь, Армения, Қытай, Литва, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елдерінен жиыны 150-дей балуан қатысты.
Атап айта кетейік, 1991 жылдан бері ұдайы және әртүрлі форматта өткізіліп келе жатқан бұл халықаралық дода Қазақ еліндегі грек-рим күресі бойынша Дүниежүзілік біріккен күрес түрлері федерациясының (Union Wrestling World) күнтізбесіне енген, ресми халықаралық мәртебе алған жалғыз турнир. Және жүлде қоры да қомақты.
Белдесулер Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген алты: 59, 66, 75, 85, 98 келіге дейін және 130 келі салмақ дәрежесінде өтті. Ал осынау дүбірлі спорт мерекесін Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров бастаған алыс-жақыннан ат шалдықтырып келген құрметті қонақтар тамашалады. Олардың қатарында КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем және еуропаның екі дүркін чемпионы Сергей Демяшкевич, Әлем Кубогының үш дүркін иегері Владимир Григорьев, Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Новаковский, Әлем кубогының төрт дүркін иегері, Еуропа чемпионы Бисолт Дециев, Мәдениет және спорт министрлігі денешынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов және басқалар болды.
Турнирдің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген елімізге еңбегі сіңген ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері, Тұрлыхановтар әулетінің анасы Мәрзия Айтбайқызы жарысты өткізуге қолдау білдірген баршаға алғысын айтып, балуандарға сәттілік тіледі.
Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ атынан осы турнирдің ұйымдастырушысы Дәулет Тұрлыхановқа елімізде грек-рим күресінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқаны үшін алғыс хат пен арнайы сыйлық табыс етті.
– Бұл турнир – талай таланттың жолын ашқан турнир. Дәулет Тұрлыханов еліміздегі күрес саласының дамуына өте зор үлес қосып келеді. Бүгінде даңқты жерлесімізді дүниежүзінің спорт майталмандары мойындап, құрметтейді. Өңір спортына, әсіресе күрес түрлерінің дамуына қосқан еңбегіңіз бен жастардың салауатты өмір салтын ұстануына күш салғаныңыз үшін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ сізге алғысын білдіреді, – деген Дүйсенғазы Мусин аймақ басшысының атынан әкелген сыйлығын Дәулет Болатұлына тапсырды.
Екі күн бойы қарт Семейдің төрінде жанкүйерлерді қызыққа бөктірген турнирдің қорытындысы бойынша 59 келі салмақта қырғызстандық Қаныбек Жолшыбеков, 66 келіде оңтүстіккореялық Рио Хан Су, 75 келіде отандасымыз Мақсат Ережепов, 85 келіде семейлік Нұрсұлтан Тұрсынов, 98 келіде белорусьтік Александр Храбовик, 130 келіден жоғары аса ауыр салмақта тағы бір қазақстандық Нұрмұхан Тыналиев бірінші орынды иеленіп, алтын медальмен бірге әрқайсысы 5 мың АҚШ долларын қанжығаларына байлады. Сол сияқты күміс жүлде иегерлері 3 мың, қола жүлдегерлер 1 мың АҚШ доллары көлемінде әрқайсысы ақшалай сыйлыққа ие болды.
Жалпыкомандалық бірінші орын да қазақстандық балуандарға бұйырды.
– Бұл турнир тұңғыш рет 90-шы жылдардың басында ұйымдастырылған еді. Содан бері міне, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жарыстың деңгейі жылдан-жылға арта түсуде. Мәселен, былтырғымен салыстырғанда биылғы турнирдің мәртебесі өсіп, қатысушылардың саны да көбейген. Әкеміз дүниеден өтсе де, оның атын өшірмеуге бар күш-қайратымызды саламыз, – деп атап өткен даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов жарыстың өтуіне қолдау көрсеткен облыстың және қаланың басшылығына алғысын білдірді.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button