Руханият

«Қаз-қаз, балам, қаз балам»

«Қаз-қаз, балам, қаз балам»


Өскемендегі «Үміт» балалар үйінде тұсаукесер тойы өтіп, ақ дастарқан жайылды. Бұл мерекелік шараны облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары ұйымдастырды. Мұндағы басты мақсат – балаларға қазақ халқының салт-дәстүрін үйретіп, дәріптеу.
Бала еңбектеп, алғаш тәй-тәй басқанда, тұсауы кесіледі. Ел ішінде «тұсауы кесілмеген бала сүріншек келеді» деген түсінік бар. Жиналған қауым тұсаукесер рәсімін бастады.

– Баланың аяғы тоқ ішек, көк шөп немесе ала жіппен тұсалып, тұсауы кесіледі. Оның әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы бар. Тоқ ішекпен кескені – өмірі тоқшылықта өтсін дегені, көк шөппен кескені – өсіп-өніп, көсегесі көгерсін дегені, ала жіппен кескені – біреудің ала жібін аттамасын дегені, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Аяғы ала жіппен тұсалған бүлдіршінді ата-анасы Жансая мен Ринат екі қолынан демеп ұстап тұрды.

– Балам енді-енді тәй-тәй басып келеді. Әзірше жүгіргенінен сүрінгені көп. Жақсылыққа ырымдап, тұсауын кестірейін деп тұрмын, – дейді анасы.

Тұсаукесер рәсімі басталмас бұрын бүлдіршіннің ата-анасына: «Санжардың тұсауын ала жіппен кесейік. Сонда ол адалдықты ту еткен нағыз ер жігіт болып өседі», – деген Арайлым Есімбекова бүлдіршінге жылы лебізін білдірді. Айтпақшы, тұсаукесу құрметі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит пен «Үміт» балалар үйі директорының орынбасары Альмира Жұмабаеваға бұйырды.

– Халықаралық балаларды қорғау күні құтты, болашақтарың жарқын болсын! Ел келешегі – сендерсіңдер. Санжардың алғашқы қадамы құтты болсын, әр күні қуаныш пен қызыққа толсын, – деді Ирина Смит.

«Қаз-қаз, балам, қаз, балам! Тақымыңды жаз, балам. Қадамыңды баса бер, асулардан аса бер! Елгезек бол, ерінбе. Ілгері бас, шегінбе!» – деген үлкендердің майдақоңыр үнімен қаз басқан «балапан» қалбалақтап барып ақшаны емес, темір тұлпардың кілтін таңдады. Бұдан соң Санжарға аға буын өкілдері «Еліңнің атқамінер азаматы бол!» деп бата берді. Шашу да шашылды.

Мерекелік іс-шара барысында Арайлым Есімбекова биыл мектеп бітірген «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне виньеткаларын тарту етті.
Тұсаукесер тойында 170 балаға арнап ақ дастарқан жайылып, әртүрлі ойын-сауықтық бағдарламалар ұйымдастырылды. Бұдан соң «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлықтар берілді.

– Бүгінгі мерекелік шараға қатысқаныма қуаныштымын. Бізге көңіл бөліп, сыйлықтар тарту еткен жандарға алғысым шексіз. Биыл бұйырса оқуға тапсырып, болашақта жақсы мамандық иесі болып, Өскеменнің қарыштап дамуына үлес қосқым келеді, – деді Ақжол Құрманбай.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button